Ресей телеарналары Вашингтонды «Украинадағы соғысқұмар партияны қолдайды» деп айыптайды. Кремльшіл БАҚ «сағы сынып, моральдық тұрғыда азғындаған украиналық жауынгерлер» туралы да айтады, бірақ Украина аумағындағы ресейлік әскер туралы жақ ашпайды.
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Вашингтон Киевтегі «соғысқұмар партияны» қолдап отыр» деп мәлімдеді. «Россия-24» телеарнасының сөзімен айтқанда, «Ресей саяси келісім жолдарын іздеп жатқанда, оған қарсы сөйлеушілер көбейіп кеткен».
«Россия-24» журналистерінің айтуынша, Мәскеу «Киев пен Донбасс жасақтарынан Ресей басшысы Владимир Путиннің ұсынысына жауап күтіп отыр». Содан соң олар Сергей Лавровтың сөзін келтіреді.
Лавров «Алғашқы қадам ретінде атысты тоқтатуды талап етеміз. Қазір ең керегі сол. Бейбіт тұрғындар ұзақ уақыт жапа шекті, әлі де шегіп отыр. Барлық саясаткерлер, Киевте болсын, Украинаның оңтүстік-шығысында болсын, қарулы жасақтардың жетекшілері де жапа шеккен халық алдында жауапкершілігін сезініп, соғысты тоқтатуға тиіс» дейді.
Сергей Лавров осылай деп отырғанда ресейлік жауынгерлер Украинаның шығысында соғысып, Мариупольге шабуыл жасап жатыр. Сум қалалық кеңесінің мәлімдеуінше, Ресей аумағынан атылған зымырандардан Сум реактивтік артиллериялық полкінің кем дегенде 15 жауынгері қаза тапқан.
«ХУНТА» ОРНЫН «САҒЫ СЫНҒАН ӘСКЕР» БАСТЫ
Reuters агенттігі НАТО-ның аты-жөні аталмаған офицеріне сілтеме жасап, «мәскеулік шенеуніктер Донбасс тұрғындарының жапа шеккені туралы мәлімдеп, соғысты тоқтатуға шақырып жатқанда, Донбаста бірнеше мың ресейлік жауынгерлер мен жүздеген әскери техниканың тұрғанын» айтады. Агенттікке дерек берген адам «Ресейдің Украина шекарасы маңында 20 мыңға жуық әскер ұстап отырғанын» хабарлаған.
Соңғы күндері ресейлік телеарналар сөз әлпетін өзгертті, енді «хунта мен жазалаушылардың» орнына «сағы сынған Украина жауынгерлері» туралы айтыла бастады. «Олардың соғысқысы келмейді, бірақ әскерді Киевтегі қылмыскер билік айдап салып отыр» дейді олар.
Ресейдің «Бірінші арнасы» («Первый канал») «Киев солдаттардың өмірін емес, жаулап алған майдан шебін сақтап қалуды ойлайды. Ал саналы шешім қабылдап, жауапкершілікті мойнына алып, әскери бөлімшесін майдан даласынан алып кеткен командирлердің тағдыры қалай шешілері белгісіз. Одессада «Прикарпатье» батальонының командирі Виталий Комар тұтқындалды. Қоршауға түскен украиналық әскери бөлімше туралы деректер бар. Дебальцево ауданында жасақтар «Киевская Русь» батальонын қоршады. «ДХР» («Донецк халық республикасы») штабы «Дебальцеводағы қоршауды Украина жауынгерлерінің кезекті қасабы деп санауға болады» деп хабарлады» дейді.
СЫҢАРЖАҚ АҚПАРАТТАР
Ресейлік БАҚ қазір Кремльдің «Украина армиясының құлдырауы мен сепаратистер жеңісі» туралы сөзін айнытпай қайталайды. Бірақ олар Украина әскерінің Мариупольге жасалған шабуылға тойтарыс бергенін хабарламайды. Бұл жайында Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі Александр Данилюк мәлімдеген еді.
Одан бөлек, ресейлік журналистер Донбастағы әскери тұтқындарды да «көрмейді». Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі (СНБО) спикері Андрей Лысенко бейсенбі күні Ресей аумағынан «Град» және «Смерчпен» Украинаға дүркін-дүркін зымыран атылғанын мәлімдеді. Ресей журналистері оны да «байқамай қалған».
«Ресей аумағынан жасалған шабуылдар жиілеп кетті» дейді СНБО спикері.
(Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)