Ұрлық ақшаның ізі бар да, өзі жоқ

Сергей Магнитскийдің бейіті. Мәскеу, 11 наурыз 2013 жыл.

2009 жылы ресейлік заңгер Сергей Магнитский «бюджеттен 230 миллион доллар ұрланды» деп мәлімдеді. Өзі осы қаржыны тексеру кезінде Мәскеу түрмесіне қамалып, сол жылы опат болды. Оның қазасынан бері Ресей ақшаны қайтаруға әрекет жасамады.
Түрмеде өлген заңгер Сергей Магнитскийдің қазасына қатысы бар деген Ресей шенеуніктеріне АҚШ 2012 жылы өз аумағына кіруге тыйым салды.

Ұрланған қаражат бірнеше елдің банктері арқылы өткен. Соның ішінде Молдовадағы банк те бар. Қаржының ізі табылғанмен, өзі жоқ.

ІЗ МОЛДОВАҒА АПАРАДЫ

Адвокат, әрі аудитор Сергей Магнитский «Мәскеу қазынасынан 230 миллион АҚШ доллары жоғалды» деп дабыл қаққан бетте оның өзі тұтқындалып, көп ұзамай түрмеде өлген еді.

Содан бері Ресей билігі бұл қаражат туралы жақ ашпай келеді. Ұрланған қаржы осы алаяқтық туралы қоғамға жариялаған заңгердің атымен «Магнитский ақшасы» деп аталып кетті.

Еуропа Одағына мүше елдердің жартысы және Швейцария «Магнитский ақшасының» қайда жоғалып кеткенін анықтауға тырысып жатыр.

Бірақ Ресейдің өзі 2009 жылы тергеу изоляторында қаза тапқан Магнитскийдің билік өкілдеріне берген құжаттарын әлі тексермей отыр.

Ресейдің оппозиция белсендісі Борис Немцов биліктің жауапсыздығына қарсы акцияда Сергей Магнитскийдің портретін ұстап тұр. Мәскеу, 24 наурыз 2012 жыл.


Осы айда жұрт назары Молдоваға ауды. Магнитский қызмет еткен Hermitage Capital Management фирмасы 2012 жылы маусым айында Молдоваға шағым түсірген еді. Hermitage компаниясының бас директоры Уильям Браудер:

- Молдова үкіметіне Banca de Economii банкіне ақша құйылғанын және осы шоттан оның сыртқа шығарылғанын дәлелдейтін құжаттарды тапсырдық. Осы шоттарды кім басқарғаны, оны ашуға кімнің мүдделі болғаны, шотты басқарған адамдардың қандай сақтық шараларын қабылдағаны туралы ақпарат сұрадық. Одан бөлек, осы қаржыны Молдова арқылы өткізіп, ізін жасырған жауапты адамдарды іздеп, тергейтін полиция немесе прокурор қажет, - дейді.

Hermitage шағымында «Магнитский ақшасының» 53 миллионы Banca de Economii банкіне аударылғаны айтылады. Алайда Молдовадағы тергеуден нәтиже шығуы қиын болып тұр. Молдовадағы жемқорлықпен күрес орталығының жетекшісі Виорел Кетрару Азаттыққа берген сұхбатында «өздерінің де Мәскеуге ұрлық ақшаға қатысты сұрау жібергенін, бірақ жауап ала алмай отырғандарын» айтты.

- Ресейліктер бес жылдан бері бұл қылмысты ашуға бірде-бір рет талпынбады. Мәселенің шешімі Кишиневте, я Вашингтонда емес, Мәскеуде екеніне 100 пайыз көзім жетеді, - дейді ол.
Ресейліктер бес жылдан бері бұл қылмысты ашуға бірде-бір рет талпынбады. Мәселенің шешімі Кишиневте, Вашингтонда емес, Мәскеуде екеніне 100 пайыз көзім жетеді.


Кетрарудың ақиқатты ашуға мүдделі екеніне күмән келтіретіндер бар. Өйткені айтқан сөздері оның өзін жемқорлыққа қатысы бар деп айыптауға негіз болды. Мәселен ол Азаттыққа «Кишиневтің бұл ақшаны іздеуге мүдделі емес екенін, Молдова банкінің күмәнді қаражатты өткізуден біраз табыс тапқанын» айтты.

Hermitage шағымды өткен жылдың маусым айында түсірген. Кетрару сол кездегі премьер-министр Влад Филат тергеу туралы баяндауды талап еткенше, шағым бойынша тергеу жұмыстарын бастамаған.

Оның үстіне Молдова үкіметі «сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар» деген айыппен өткен аптада тарап кетті. Ал елдегі саяси дағдарыстың «Магнитский ақшасын» тексеру жұмыстарына кедергі болатыны анық. Егер биліктегі коалиция жаңа кабинет құра алмаса, тергеу ісінің алға жылжуы екіталай. Оның өзінде «Магнитский ақшасының» ізін табуға Мәскеудің құлқы болмаса, тексеру тұйыққа тірелуі мүмкін.

ЕУРОПА РЕСЕЙДІҢ АҚШАСЫН ІЗДЕЙДІ

Ұрланды деген 230 миллион доллардың 135 миллионы Ресейден шығып, Еуропа арқылы әкетілген. Бірақ «Магнитский ақшасының» бірде-бір тиыны әлі табылған жоқ. Осы кезге дейін жасалған ең маңызды шара ретінде Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) 2012 жылдың тамызында жариялаған зерттеуін ғана атауға болады.

OCCRP-дің атқарушы директоры Пол Раду:

- Біз әлемдегі барлық компанияның реестрін қопардық. Сөйтіп ресейлік компанияның Латвиядағы банкке ақша жібергенін анықтадық. Латвиядағы банк басқа бір банк арқылы оны Жаңа Зеландияның әртүрлі банктеріне түсірген. Жаңа Зеландиядағы компаниялардың есебін алдық, есептегі адамдарды Латвия мен Ресей компаниясының мүшелерімен салыстырдық. Осылайша біз халықаралық «мозайканы» қайта құрастырып көруге тырыстық, - дейді.

OCCRP зерттеуінде бұл алаяқтыққа қатысы бар екі бенефициар анықталған. Бірі - бұрынғы Мәскеу салық инспекциясының жетекшісі, Магнитскийдің «қара тізіміне» енген Ольга Степанованың бұрынғы күйеуі Владлен Степанов.

Ол ақшаның бір бөлігін Дубайдан қымбат қонақүй сатып алуға жұмсаған деген ақпарат бар. Тағы бір күдікті - бұрынғы қаржыгер Дмитрий Клюев жеке топ құрып, Молдова, Кипр, Балтық елдері, Гонконгтағы шоттарға қомақты қаржы аударған. Шоттар жасанды компаниялардың атына тіркелген. Бірақ Клюев заңға қарсы әрекет еткенін мойындамайды.

Ресей оппозициясының жетекшілері (алдыңғы қатарда солдан оңға қарай) Борис Немцов, Владимир Рыжков, Михаил Касьянов и Илья Яшин қарсылық шеруінде жүр. Мәскеу, 13 қаңтар 2013 жыл.


Ақпанда Еуропа елдерінің бір бөлігі «Магнитский ақшасына» қатысты өз ішінде тексеру жұмыстарын бастады. Кипр, Эстония, Латвия және Литваның билігі өз банктері арқылы өткен қаржыны анықтауға тырысамыз деген уәде берді. Эстония 10 миллион доллардың өз территориясындағы банк арқылы өткенін мәлімдеді. Литва мен Швейцария өз аумағындағы банктерден табылған күдікті ақшаны іске жаратпай, тоқтатып қойды. Австралия мен Финляндия өз елдерінен қылмыс ізі байқалмағанын айтты.

Браудер Азаттыққа «Кипрмен байланысқа түсу үшін көп тер төккенін, Еуропа Одағынан қаржыны іздестіруді өтінгенін» айтады. Егер қаржы Еуропа не басқа елден табылса, Мәскеу оны іздемесе де ақша Ресейге қайтарылады.

Ресейдің бұрынғы премьер-министрі, қазіргі «ПАРНАС» оппозициялық партиясының тең төрағасы Михаил Касьянов Азаттыққа:

- Мәселенің бәрі биліктің әрекетсіздігіне барып тіреледі. Ресейлік билік өкілдері «Магнитский ақшасын» байқамаған болып отырып-ақ оған қатысы бар екенін көрсетті. Егер адамдар шындықты ашуға ұмтылмаса, оған қатысы бар деген сөз, - дейді.