«АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫСТАН» ҚОРҒАНУ
«Ведомости» газетінің редакциясы бұрынғы жиһаз фабрикасында орналасқан. Қабырғалары газеттің алғашқы беті сияқты қызғылт түске боялған кеңседе кәдімгі жұмыс күні өтіп жатыр. Журналистердің кейбірі әлдекімдермен ұялы телефонмен сөйлесіп отырса, үш қызметкер компьютердің қасына жиылып, әлденені сөз етіп, әзілдесіп тұр. Енді біраз журналист үлкен ньюсрумдағы компьютерлерінің алдында жанталасып кезекті нөмірге материал әзірлеп жатыр.
Осы аптада редакциядағы ахуалға тікелей әсер еткен оқиға болды. Шетелдіктер Ресейде шығатын ақпарат құралдары акцияларының ең көп дегенде 20 пайызына ғана иелік ете алады деген талап енгізілген заң жобасын мемлекеттік дума депутаттары бір ауыздан бекітті. Бұл заңды елді «ақпараттық соғыстан» қорғау мақсатында қабылдадық дейді Ресей парламентінің мүшелері.
Заңға президент Владимир Путин қол қойған соң Ресейдегі ең ірі бизнес басылымы саналатын «Ведомости» газеті өзінің меншік иесін ауыстыруға мәжбүр болады. Ал шетелдік қожайын осы күнге дейін редакцияның саясатына араласпай, оның тәуелсіз ақпарат таратуына мүмкіндік беріп келеді. Содан да болар, бұл газет мазмұны жағынан басқалардан оқшау тұр.
– Әрине, бәріміз жабырқап қалдық. Бұл – негізсіз әрі зиянды заң және ол бізге деген сенімсіздіктің көрінісі. Біз, әрине, абдырап отырмыз. Алдағы жылы газетіміз қайда болады, кімге тиесілі болады, оны білмейміз. Мұндай жағдайда энтузиаст болып, әлденеден үміттене де алмайды екенсің, - дейді «Ведомости» газетінің бас редакторы Татьяна Лысова.
«ҚЫРҒИ-ҚАБАҚ СОҒЫС КЕЗІН ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ»
«Ведомости» – Ресейде шығып жатқан, 100 пайыз шетелдік компанияның басқаруындағы санаулы ғана медиа брендтердің бірі. Бұған қоса Мәскеуде Forbes журналының орыс тіліндегі нұсқасы, GQ сияқты жылтырақ журналдар шығады. Аталған заң күшіне енсе, бұлардың барлығы жабылуы керек немесе ресейлік бизнесмендерге сатылуы тиіс. Бұл заң елдің ұлттық қауіпсіздігін күшейту мақсатында қабылданып отыр. Соңғы кездері Ресейде ақпарат құралдары мен интернетке қысымның күшейгенін ескерсек, бұл да сол науқанның бір бөлігі сияқты көрінеді.
Депутаттар болса, «бұл заң Батыстың осы тақылеттес заңдарымен сәйкес келеді, ол тұтынушыларды шетелдік инвесторлардан қорғайды» деп отыр. Соңғы кездері Ресей саясатшылары елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіргісі келетін «бесінші колоннаның» астыртын әрекеттері туралы жиі айтып жүр.
Ал Татьяна Лысованың сөзінше, қазіргі қолданыстағы заңда редакцияның меншік иесінен тәуелсіздігі туралы нақты көрсетілген, сондықтан, мұндай заңды қабылдаудың қажеттігі болмаған. «Депутаттарымыз заңды бізден жақсы білсе керек еді» дейді ол.
1999 жылы ашылғалы бері «Ведомости» газеті Ресейдегі ең сенімді ақпарат көзі ретінде медиакеңістіктегі өз орнын тапқан.
Бас редактор депутаттардың «газет үгіт-насихат құралы болуы мүмкін» деп күдіктенгеніне кейиді.
– Керісінше, біз үгіт-насихаттан қорғалуымыз керек, ал «басылым үгіт-насихат құралуы болуы мүмкін» деп ойлаудың өзі баяғы қырғи-қабақ соғыс кезін еске түсіреді. Ақпарат құралы олай жұмыс істемейді ғой, - дейді Татьяна Лысова.
ҚЫРЫМДЫ «АНШЛЮСКЕ» ТЕҢЕУ
Осы айда ғана «Ведомости» өзінің Financial Times, Wall Street Journal басылымдары мен Sanoma Independent Media баспа үйінің бірлескен кәсіпорны ретінде құрылғанының 15 жылдығын атап өткен еді. Орыс тіліндегі «Ведомостимен» қоса бұл бірлескен кәсіпорын ағылшын тіліндегі Moscow Times газетін шығарады.
Тәуелсіз редакциялық саясатымен, мағлұматқа бай журналистік зерттеулерімен, өткір тілді шолу материалдарымен, жан-жақты бизнес жаңалықтарымен танылған бұл басылым Ресейдегі ең сенімді әрі беделді медиа бренд ретінде орнығып үлгерді.
Миллиардер Владимир Евтушенковтың тұтқындалуы, оған тиесілі «Башнефть» мұнай компаниясына қызыққандардың өзара тайталасы, Кремльдің бюджет қажетін өтеу үшін зейнетақы қорларына қол салуы сияқты өзекті мәселелер жайлы ақпарат беруде «Ведомости» газеті басқалардан әлдеқайда озық тұрды.
Бұл басылым тіпті мемлекеттік университет профессоры Андрей Зубовтың Кремльдің Қырымға қатысты саясатын сынаған өткір мақаласын жариялаудан да тайсалған жоқ. Ол мақаласында ғалым Ресейдің әрекетін нацистік Германияның 1938 жылғы Австрияны құрамына қосып алған «Аншлюс» операциясымен салыстырған. Артынша мақала авторы жұмыстан шығарылды.
Тамыз айында Ресейдің ең ірі мұнай компаниясы – «Роснефттің» басшысы Игорь Сечин «жала жапты» деп газетті сотқа беріп, сотта басылымды жеңіп шыққан.
«Ведомости» газетінің басты бәсекелесі – мықты байланыстары бар миллиардер Әлішер Усмановтың иелігіндегі «Коммерсант» іскерлік басылымы.
Әу баста үлкен A2 форматымен шыққан «Ведомости» кейін оқырмандар санын арттыру мақсатында көлемін кішірейтін, А3 форматына көшкен. Сөйтіп оның тиражы 75 мың данаға дейін өсті. Ал газеттің интернеттегі сайтына айына 4 миллион адам кіреді.
БАСПАСӨЗГЕ ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ
Украинадағы дағдарыс басталғалы бері Кремль ақпарат құралдарына қысымды күшейтіп келеді. «Ведомости» газетіне қауіп төндіріп тұрған жаңа заң сол қысымның әлі жалғасып жатқанын аңғартады.
«РИА Новости» және «Голос России» ақпарат агенттіктері «Россия сегодня» деген брендке біріктіріліп, оның тізгіні кремльшіл тележүргізуші Дмитрий Киселевке берілді.
Ақпан айында еркін ақпарат тарататын «Дождь-ТВ» телеарнасы спутниктік және кабельдік пакеттерден алынып тасталды. Сол айда «Эхо Москвы» радиосының директоры қызметінен алынып, оның орнына мемлекеттік ақпарат құралының басшысы тағайындалды. Бұл осы радионың редакциялық саясатына үлкен қысым жасалып жатыр дегенді аңғартса керек.
Ең танымал блогшылар өз блогтарын мемлекеттік органдарда тіркеуге міндетті. Ал елден тысқары аймақта Ресей үкіметі мемлекеттік саясатты насихаттайтын Russia Today телеарнасына бөлінетін қаржыны еселеп арттырды.
Украинадағы дағдарыстың кесірінен «ұлттық қауіпсіздік» мәселесі күн тәртібіне шықты, ал бұл еш талқыға салмастан репрессиялық заңдарды қабылдауға мүмкіндік беріп жатыр дейді Татьяна Лысова.
– «Бұл - қауіпсіздік мәселесі, отанымызды қорғау керек» десең жетіп жатыр. Наразылық білдірсең, ұлттық қауіпсіздікке қарсы болғаның. Ақпарат құралдарында шетел инвестициясының болуы біздің қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деген сөзбен мүлде келіспеймін, - дейді «Ведомости» газетінің бас редакторы.
Том Бэлмфорттың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.