Мұстафа Шоқайдың өз үні. Азаттық радиосы елге жеткізген бір мұра

Түркістан автономиясы үкіметінің басшысы Мұстафа Шоқай.

Алғаш Азаттық радиосының эфирінен тараған Мұстафа Шоқай даусының аудио-жазбасын Қазақстанға әкелген кім? Радиода елуінші жылдардан бері сақталған Мұстафа жайлы деректерде не айтылған? "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизоды осыған арналады.

Азаттық радиосында бұрын Мұстафа Шоқай туралы әзірленген хабарларда оның өз дауысы беріліп тұратын. Радиода советтік жүйе қудалаған Алашорда және Түркістан автономиясы қайраткерлерінің қаза тапқан күндерінде арнайы хабарлар берілетін. Сондайда эфирге Мұстафа Шоқайдың даусы ұсынылатын.

Подкасты тыңдаңыз:

Your browser doesn’t support HTML5

Мұстафа Шоқайдың үні Қазақстанға Азаттық радиосы арқылы жетті

"ДАУЫСТЫ ЕЛГЕ ӘКЕЛГЕН – АЗАТТЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ТІЛШІСІ"

Мұстафаның даусы туған еліне қалай жеткізілгені туралы Азаттық радиосының Қазақстандағы алғашқы тілшілерінің бірі Саясат Бейісбайдың пікіріне қарағанда, бұл дауыстың жазбасын Қазақстанға алғаш әкелген – Қиял Сабдалин.

– Тоқсаныншы жылдары Хасен Оралтай алғаш рет Қиял Сабдалинді Мюнхенге, Азаттық ардиосының орталығына екі айлық іс-тәжірибеге шақырады. Ол сонда Мұстафа Шоқайдың дауысын естиді. Қайтарда сол дауысты Азаттықтан көшіртіп, Алматыға алып келеді де, Қазақ радиосына өткізеді. Сөйтіп Қазақ радиосы арқылы Мұстафаның дауысы бүкіл Қазақстанға тарайды. Сол дауыс басқа да ақпарат құралдары, кейіннен теледидарлардан да берілетін болды. Сөйтіп Мұстафа Шоқайдың дауысын Азаттық радиосының Қазақстандағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин елге әкеліп, таратқан еді, – дейді Саясат Бейісбай.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшісі

Бұл дауыс 1936 жылға тиесілі деп айтылып жүр. Сол жылы Мұстафа Шоқай Еуропада оқып жатқан түркістандық, яғни, Орталық Азиядан шыққан жастардың алдында сөз сөйлесе керек. Эмигранттар да болған шығар. Бұл кезде Азаттық радиосы әлі құрылмаған да болатын.

МҰСТАФАНЫҢ МАҒЖАН ӨЛЕҢІН ОҚУЫ

Мұстафа Шоқай даусының аудио-жазбасы қазір Қазақстан астанасындағы Ұлттық академиялық кітапханада да сақталған.

Азаттықта ұзақ жыл қызмет атқарған Хасен Оралтайдың осы кітапханаға өткізілген жеке қорындағы Мұстафа дауысы үш бөліктен тұрады. Әр бөліктің басында дауыстың тембрі бұзылған.

Мұстафа Шоқай өз сөзінде Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанды атап, Түркістан осы алты елден тұратынын еске салады. Онда Мұстафа тек Түркістан ғана емес, бүкіл түркі әлемінің бірлігі туралы айтады.

Санкт-Петербург императорлық университеті заң факультетінің студенті Мұстафа Шоқай. Орталық мемлекеттік тарихи мұрағат, Санкт-Петербург, Ресей.

Мұстафа Шоқай сөз арасында өз үндеуін Еуропаның әр тарапында жүрген және Түркияда тұратын Түркістан жастарына арнайтынын білдіреді. Ол жастарды "ел бақытына" қызмет етуге шақырады. "Түркістан үшін жан беру – бәрімізге мақсат, қасиетті міндет!" дейді ол.

Мұстафа Шоқай Түркістан халқын жік-жікке бөлінбеуге үндей отырып, cанадағы "бөтен елдің билігін" ысырып тастауға шақырады. Бұл большевиктерге қарсы бағытталған үндеу болатын.

Азаттық радиосында сақталған бұл аудиоматериалда Мұстафа Шоқай Мағжан Жұмабаевтың "Алыстағы бауырыма" деген өлеңін оқиды. Ақын бұл өлеңінде түркі бірлігі жайында жырлаған. Қайраткер ақынның бұл шығармасына "Анадолы түріктерінің құтқару соғысы уақытындағы түркі елінің бірлігі жайлы өлең" деп баға береді.

"ТҮРКІСТАНДЫҚ ТҰТҚЫНДАР БОЛЬШЕВИЗМДІ ҚОРҒАМАЙДЫ"

Азаттық радиосында Мұстафа Шоқайға қатысты басқа да деректер сақталған. Сондайда радиоға арналған бір хабардың жазбаша нұсқасы бүгінге жетіп отыр.

Бір қызығы – бұл хабар Азаттықтағы сол кездегі Түркістан редакциясында орыс тілінде әзірленген. Хабар 1959 жылғы 27 желтоқсанда Мұстафа Шоқай қазасының 18 жылдығына орай эфирден берілсе керек.

Түркістан редакциясында 1959 жылы 27 желтоқсанда Тағыберлі әзірлеген Мұстафа Шоқай туралы орысша хабардың жазбасы. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

Азаттық радиосында маңызды хабарларды басқа тілдерге аударып беру үрдісі бұрыннан бар. Шамасы, бұл да әуелде қазақша әзірленіп орыс тіліне аударылған сияқты. Хабарды әзірлеген адамның "Тағыберлі" деген тек ныспысы жазылыпты. Бұл сол жылдары Азаттық радиосында жұмыс істеген Дәулет Тағыберлі болса керек.

Хабардың басында Мұстафа Шоқай опат болған 27 желтоқсан тұтас Түркістан үшін Аза күні екені айтылады. Одан кейін қайраткердің 1941 жылы осы күні Берлиндегі Виктория Крайкнхаус ауруханасында қайтыс болғаны сөз болады. "18 жыл бұрын жүрегі тоқтаған Мұстафа Шоқай, өзінің бар өмірін халқының бостандығы, бақытты болашағы және елінің көсегесін көгертуге арнаған, еліміздің адал да көрнекті ұлы. "Алаш" ұлттық партиясының мүшесі бола жүріп, Мұстафа бей Алашорда ұлттық-демократиялық үкіметінің және соған қоса кейін өзі басқаратын Қоқан үкіметінің мүшесі болып сайланған" делінген орыс тіліндегі хабарда.

Содан соң Мұстафаның өмірбаяны, саяси қызметі баяндалады. Ол Парижде жүргенде соғыс басталып, Мұстафаны гитлерлік Германия билігі ұстап қамап, саяси тұтқындар лагеріне жібергені айтылады.

"Алайда Мұстафа бейдің беделін ескерген гитлерлік билік оны 15 күннен кейін босатып, Берлинге әкеледі. Онда билік Мұстафаға түркістандықтар қамалған әскери тұтқындар лагерін аралауға рұқсат етеді. Соғыс тұтқындарының ауыр жағдайын көрген ол Германия билігіне түркістандықтардың большевизмді қорғамайтынын түсіндіріп, отандастарын лагерьден босатып, оларға жағдай жасауға тырысады" делінген осы хабарда.

Сонымен қатар Мұстафаның бұл әрекеті Германия үкіметіне жақпағаны, билік оның сүзекке шалдыққаны жайлы хабар таратып, ақыры қаза тапқанын жариялағаны сөз болады.

Мұстафа Шоқай жары Мария Шоқаймен бірге. Тбилиси, 5 мамыр, 1919 жыл. (Сурет "Алашорда" фотоальбомын алынған).

Хабарда Мұстафаның жесірі Мария Шоқайдың сол күндері, яғни елуінші жылдардың аяғында Парижде тұратыны, оның қайраткер жинаған бүкіл кітаптар мен архивтерін Париж ұлттық кітапханасының Түркістан халқы ұлттық қорына өткізгені айтылады.

"Біздің халқымыз коммунистердің 40 жылға созылған Мұстафа Шоқайды ұмыттыруға жұмылғанына қарамастан, оның атын қасиетті көріп есте сақтайды" деп аяқталады Азаттықтың 1959 жылғы 27 желтоқсан күнгі хабары.

Осы хабарда айтылған деректерді көзі тірісінде Азаттық радиосына берген сұхбатында Германия тұтқынында, кейін Түркістан легионында болған ақын Хамза Абдуллин де қуаттайды.

Түркістан легионында "Дара" атымен танылған ақын Мәжит Аятбектің Мұстафа Шоқай жайлы өлең жазғаны бұдан бұрын айтылған. Ақын онда қайраткерді "капитан" деп астарлайды.

Көзкөргендердің айтуы бойынша және Азаттық радиосының ескі хабарлары немесе хабарларлардың жазба нұсқасына қарағанда, радио жыл сайын Мұстафа Шоқай туралы бірнеше рет хабар беріп отырғанын көреміз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жеңіс емес, Аза күні". Тұтқынға түсіп, Түркістан легионында болған ақын Мәжит Аятбек кім?

МҰСТАФА МҰРАЛАРЫ ЖАЙЛЫ АЗАТТЫҚ НЕ ДЕЙДІ?

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында Азаттық радиосының Мұстафаға қатысты басқа да деректері сақталған.

Мәселен, Түркістан редакциясында "Бердімұрат" деген адам қол қойып әзірлеген хабарлардың бірінде Мұстафа Шоқайдың "Советтер билеген Түркістан" кітабының 1935 жылы Парижде орысша шыққан аудармасына шолу жасалады.

Хасен Оралтай 1979 жылғы 5 қазанда "Яш Түркістан" журналының 50 жылдығына әзірлеген хабардың жазбасы. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

Бұған қоса Хасен Оралтай 1978 жылғы 20 ақпанда әзірлеген Қоқан автономиясының құлағанына 60 жыл толғаны туралы хабарда да Мұстафа Шоқай туралы айтылады. 1979 жылдың 5 қазанында тағы да Хасен Оралтай әзірлеген "Яш Түркістан" журналының 50 жылдығына арналған хабардың жазбаша нұсқасы сақталған. Бұл журналды Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының органы ретінде Мұстафа Шоқай Еуропада шығарған.

"Яш Түркістан" журналы 1939 жылға дейін үздіксіз шығып тұрған. Оның 117 саны жарық көрген. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Хасен Оралтайдың жеке қорында журналдың барлық санымен танысуға болады.

"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының келесі эпизодында Түркістан ұлттық комитетінің басшысы болған Уәли Қаюм-Ханның сұхбатына шолу жасалады. Азаттық радиосының Өзбек қызметіне берген сұхбатында Уәли Қаюм-Хан Мұстафа Шоқай туралы айтады. Бұған қоса алдағы эпизодта Мұстафа дауысының Азаттыққа қалай жеткені баяндалады.

Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алуға болады.