"Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін. Азаттық радиосының 70 жылдығы

Азат Еуропа радиосы студиясында. Мюнхен, Батыс Германия, 1950-жылдары түсірілген сурет.

Бүгін, 1 наурызда Азаттық радиосының алғашқы хабары эфирге шыққанына 70 жыл толды. Азаттық 70 жылдыққа орай арнайы аудиоподкаст пен мақалалар тізбегін жариялауды бастайды. Бүгінгі тақырып – радио қалай құрылды, оны кім қаржыландырды, Азаттық қандай трансформациядан өтті?

1953 жыл. Наурыз айының 1-і. Батыс Германия. Мюнхен. Осы күні Азаттық радиосы алғашқы хабарын орыс тілінде бастады. Бұл күн – оған дейін де сынақтан өткен радионың тұрақты хабар тарата бастаған күні.

Қазақ тіліндегі бірінші хабар 18 наурызда эфирге шықты. Наурыз айында Орталық Азия тілдерімен қатар Кавказ елдері тілдерінде де алғашқы хабар таратылды.

Әу баста Азаттық радиосының атауы "Азат ету радиосы" (Радио Освобождение) болатын. Қазақ тіліндегі баламасын сол кезде "Бостандық радиосы" атапты. Радионың алғашқы атауы адам санасын азат ету деген мағына беретін.

1953-1966 жылдар аралығында Азаттық радиосының орталық кеңсесі орналасқан бұрынғы әуежай ғимараты. Мюнхен, Батыс Германия.

РАДИОҚАБЫЛДАҒЫШ ЖӘНЕ ҚЫСҚА ТОЛҚЫН

Радионың Орталық Азияға арналған хабарлары әуелде бір ғана "Түркістан редакциясында" әзірленіп, эфирге берілетін. Онда қазақшадан басқа, өзбек, қырғыз, тәжік, түркімен және қарақалпақ, ұйғыр тілдерінде хабарлар дайындалатын.

Тоталитар диктатор, Совет Одағын 30 жыл үздіксіз билеген Сталин "Бостандық радиосының" орыс тіліндегі хабары эфирге шыққан соң, бірнеше күннен кейін – 1953 жылғы 5 наурызда қайтыс болды...

Сталин қазасы Совет Одағындағы адамдардың "Бостандық радиосына" назарын аудартты. Мәскеу бұл радионың толқынын алғашқы күннен-ақ арнайы құралдар арқылы тұншықтыруға тырысты. Осы тартыс 40 жылдан аса уақытқа жалғасты. Соған қарамастан, радио Совет Одағында әртүрлі деңгейде өз аудиториясын тапты. Қысқа толқынға шуылдаған кедергі туындатқаны болмаса, совет радиотолқынды тұншықтырғыш құралдары эфирді мүлде тоқтата алған жоқ. Бір қызығы – Азаттық радиосы хабарлары эфирге шығар алдында СССР-дің толқын тұншықтырғыш құралдары да дайын тұрған.

Қырғиқабақ соғыс кезінде совет билігі Батыс елдерінің радио толқынын тұншықтыратын құралдарды белсенді пайдаланды.

Адамдар соған қарамастан, биліктен және коммунистік партия бақылауынан тығылып, түн жамылып, көптен жасырынып, Батыс радиохабарларын тыңдап жүретін.

Шетелдегі қазақ тіліндегі радио тарихын зерттеуші ғалым Рахима Бегімтаева "Азаттық радиосы. 70 жыл" аудиоподкасына берген сұхбатында былай дейді:

– Әкемнің Мәскеуде тұратын інісі бала кезімде жыл сайын жазда ауылға келгенде, "Америка дауысын" тыңдайтын. Сол кезде үйде қысқа толқынды ұстайтын радиоқабылдағыштар болушы еді. Сол радиоқабылдағыш арқылы түн ортасында тұрып, америкалық радионы тыңдайтын. Және ол мұны жергілікті радио шынайы хабар таратпайтындығына байланысты деп айтатын, – дейді ғалым Рахима Бегімтаева.

Радио АҚШ үкіметінің қолдауымен құрылды. Әуелде оны басқарумен және қаржыландырумен Орталық барлау басқармасы айналысты. Кейін бұл міндет осы басқармаға қоса АҚШ Конгресіне жүктелген. Ақыр соңында Азаттық радиосын басқару мен қаржыландыру біржолата Конгреске көшеді.

Радионы алғаш құрудағы мақсат Совет Одағындағы шындықты жеткізу және Совет Одағындағы аудиторияға әлемнің ақиқатын жеткізу болатын. Азаттық антикоммунистік қозғалыстарды қолдай отырып, азат әлемнен бөлініп, темір шымылдық қоршауында қалған адамдарға еркін өмір жетістіктерін көрсетуге тырысты.

ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАДАМДАРЫ

Азаттық радиосы 1953 жылы эфирге шыққанымен, оның құрылымдық жұмысы, ұйымдастыру істері ертерек басталды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, қырқыншы жылдардың аяғында Совет Одағы мен Батыс арасында темір шымылдық толықтай орнады. Совет Одағындағы ақпарат саласы тек қана идеология қаруы еді. Мемлекеттік монополия үстем болды. Сала өзінің қырағы цензурасымен де ерекшеленетін. Коммунистік партияның жеке органы болған газет, журналдар, радио, кейіннен теледидар тек советтік идеологияны насихаттаудан басқаны білмейтін. СССР елдерінде халықаралық жаңалықтар да советтік идеология көзқарасымен талданатын.

Қарыс Қанатбай - Азаттық радиосы Түркістан редакциясын құрушылардың бірі. Сурет Азаттықтың бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтайдың жеке қорынан алынды.

Осындай жағдайда қырқыншы жылдардың аяғы, елуінші жылдардың басында Америкада "Азат Еуропа" ұлттық комитеті, антикоммунистік "Азат Ресей үшін күрес комитеті" құрылды. Кейін соңғысының құрамынан "Түркелі ұлттық комитеті" бөлініп шықты. Оның жетекшілері Қарыс Қанатбай және Баймырза Хаит деген кісілер болды.

Ол екеуі кейін Азаттық радиосының Орталық Азия елдері тілдерінде хабар тарататын Түркістан редакциясын ұйымдастырды.

Радио жұмысына көбіне Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, соғыс біткен соң, Совет Одағына қайтпай, Еуропада қалған Орталық Азия елдерінің эмигранттары тартылды. Кейін оларға Cовет Одағынан барған диссиденттер мен еркін ойлы шығармашылық адамдары қосылды.

ЛАТЫН ЖАЗУЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ

Азаттық радиосында ұзақ қызмет атқарған Хасен Оралтайдың Астанадағы ұлттық академиялық кітапханадағы жеке қорында сол жылдары эфирге берілген материалдың латын әрпімен қазақша жазылған нұсқасы сақталған. Бұл "Қайғы" деген атпен қол қойылған 1957 жылғы бір жаңалықтың мәтіні екен. Түпнұсқа қалпына қол тигізбегенде, жаңалық былай оқылады:

"Бостандық радиосы" кезінде бас редактор болған ақын Мәулікеш Қайбалдының "Қайғы" атымен әзірлеген жаңалықтары. Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қоры.

"Сөйлеген "Бостандық радиосы!" Күнделікті хабарларды есіттіру ұластырылады. Нью-Йорк. Уәдірлі ассамблеяның отырысында тысқы істердің ағылшындық уәзірі Селвин Лиод советтік үкіметті жақын шығыстық елдерді құралмен қамдаудың саясаты қауіптерді кебирлеумен бірге халықтар аралық ахуалды қарысуға езгілейді деб ескертті. Құралсыздану туралы сөйлесулердің мәселесін қалпыған Лиод келісудің мүмкіндігіне делінген үмітті әлі де жоғалтпайтындығын айтты. "Құралдың барлық түрлерін сәлбилеудің мәселесінде тиянақты мүделер өзекіленбейінше, біздер, атомдық қорғануды бәсеңдетуді ниеттенбейміз" деді Лиод. Біздер құралсыздануды барлық шаралармен ресімдеуге даярмыз. Болса да, біздер барлық, тұрлаусыз уәделерге қанағаттанбаймыз. Біздер, бұл көлемде, тәжірибелік және тиянақты шараларды, яғни шынайы құралсыздануды таъаминдатуды ұмсынамыз, деді ағылшындық уәзір".

Бұл "қырғиқабақ соғыс" дәуірінде Біріккен Ұлттар Ұйымы бас ассамблеясында Совет Одағын сынап сөйлеген британ сыртқы істер министрінің мәлімдемесі туралы Азаттық жаңалығы еді. Бұл – Азаттық радиосының алғаш эфирге шыққан кездегі тілі мен стилі қандай болғанын көрсетеді.

Сайып келгенде, Азаттық радиосы Еуропада шыққан "Иени Түркістан", "Яш Түркістан" және "Милли Түркістан" басылымдарының тіліне ұқсас тілде хабар таратқан.

"Иени Түркістан" (Жаңа Түркістан) журналы. Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қоры. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия тұтқынына түскен Орталық Азиядан шыққан азаматтар "Түркістан легионына" тартылғаны белгілі. Жаңағы басылымдардың тілі аймақ елдерінен шыққандардың бәріне түсінікті болсын деген мақсат болған. Бір жағы шағатай, бір жағы өзбек, түрік тілдеріне ұқсайтын сөздер ортақ пайдаланылатын.

"Түркістан легионында" болған, кейін Қазақстанға оралғанда қайта қудаланған ақын Хамза Абдуллин бұл тілді Орталық Азиядан шыққандар "умуми тіл" (ортақ тіл) деп атағанын айтады.

Легионда болған тағы бір ақын Мәулікеш Қайбалды "Қайғы", "Асан қайғы" псевдонимін қолданған. Жоғарыдағы Азаттық жаңалығындағы "Қайғы" осы – Мәулікеш Қайбалды. Азаттық радиосында совет кезеңінде қызмет атқарған адамдар туралы кейін кеңірек айтылады.

Азаттық радиосының қызметкері Баймырза Хаит (сол жақта) пен ақын Хамза Абдуллин. Алматы, 1995 жыл. Екеуі де Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, "Түркістан легионында" болған. Сурет Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

Ал радио зерттеушісі Рахима Бегімтаева Азаттықта қолданылған тіл бірнеше рет тыңдаған соң үйреншікті бола бастайтынын айтады.

– Азаттықтың тілі алғашында маған түрікше акцент сияқты болып көрінетін. Бірақ қазақша сөйлейді. Өз басым қайтара тыңдап жүріп, кәдімгідей түсіне бастадым. Сөйтіп жүріп, тарихынан көп мағлұмат алдым, – деді ғалым Азаттыққа.

ТҮРКІСТАН РЕДАКЦИЯСЫНЫҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ

Радионың Стэнфорд университетінде сақталған аудиоархивіне қоса, бір кезде Азаттық радиосы қазақ бөлімінің директоры болған Хасен Оралтайдың жеке қорында да Азаттық тарихы туралы материалдар баршылық. Ол өзінің "Елім-айлап өткен өмір" деген кітабында да радио тарихына тоқталады.

Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің бұрынғы директоры Хасен Оралтай (1933 - 2010). Хасен Оралтайдың жеке қорындағы сурет.

Хасен Оралтайдың жазуынша, Түркістан редакциясы құрылғаннан кейін 13-14 жыл өткенде әуелде екіге бөлінеді.

"1967-68 жылдарда Азаттық радиосында өзгеріс жасалды. Соған орай, оған дейінгі біртұтас "Түркістан" редакциясының құрамы "оңтүстік" және "солтүстік бөлім" деп екіге бөлінді. "Оңтүстік бөлімнің" құрамында өзбек, түркімен және тәжік болды. "Солтүстік бөлімнің" құрамында қазақ, қырғыз және ұйғырлар болды", – деп жазды ол.

Хасен Оралтайдың өзі де Азаттық радиосында осы кезеңде қызметке келген. Оның жазуынша, радионың алғашқы жылдардағы хабарлары Мәскеудің Батыс елдеріне бағыттаған пропагандасының "әуеніне үйлес болған".

"Яғни коммунистік балағаттау жаргонына оның өз әуенімен жауап берілетін. Бұл бағыт кейін жайлап өзгертілді. Оны басшылардың бірі "Біз коммунистік негізсіз көпірме пропаганда деңгейінде қалмауға тиіспіз. Біз нағыз шындықты сыпайы тілмен ортаға салатын болайық. Нағыз шындық күйінде бұрмаланбай тыңдаушыларға жетсе, ол коммунистік көпірменің үнін өшіреді" деп түсіндірген-ді. Сол бағытты бұлжытпай ұстау керек деген жазба ұқтырулар 1968 жылдан кейін Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиоларының басқармасы тарапынан жиі таратылып тұратын болды", – дейді Хасен Оралтай.

Ол "Елім-айлап өткен өмір" деп аталатын естелігінде радионың хабар тарату көлемі туралы да жазған. Алғашында қазақ тілінде аптаның төрт күнінде 5 минуттан, яғни аптасына 20 минут хабар таратылыпты. Алпысыншы жылдары хабар көлемі ұлғайтылып, бір аптада бір сағат хабар таратылатын болған. Бұл кезде Азаттықтың қазақ қызметінде төрт адам жұмыс істеген.

1975 жылдан бастап эфир уақыты бір сағатқа ұлғайтылған. Бұл кезде Азаттық таңертең жарты сағат, кешке жарты сағат хабар таратуға көшеді.

Совет Одағы мен Шығыс Еуропа елдеріне хабар тарататын Азат Еуропа - Азаттық радиосының техникалық бөлімінде жұмыс істеп тұрған қызметкер. Мюнхен, Батыс Германия, 11 тамыз, 1977 жыл.

Ал 1971 жылғы 7 қарашадан бастап, Азаттық күн сайын жарты сағат эфирге шыққан. Осы кезде Түркістан редакциясы Түркістан-1, Түркістан-2 және Түркістан-3 редакциясы деп үшке бөлінеді. Оның біріншісінде өзбек, ұйғыр, екіншісінде түркімен, қырғыз, тәжік, ал Түркістан-3 редакциясы қазақ және қарақалпақ тілдерінде хабар таратқан.

Бұл – радионы басқару мен қаржыландыру ісі АҚШ-тың Орталық барлау басқармасынан Конгреске көшіп жатқан кезі екен. Хасен Оралтай былай деп жазады:

"Мен жаңа жұмысқа келіп орналаса бастаған 1968 жылы жалпы Азаттық радиосының қарбалас кезеңі болды. Өйткені Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиоларының бюджетін жыл сайын АҚШ конгресі бекітетін болды. Соған орай радиолардың жалпы басқарылу ісі де АҚШ конгресінің бақылауына өткен", – дейді ол естелігінде.

1973 жылғы қазан айында Конгресте халықаралық радиохабарлар тарату жөніндегі кеңес құру туралы заң қабылданады. Кеңес Конгрестің Азаттық радиосы және Азат Еуропа радиосына бөлген қаржысын бақылайды. Жетпісінші жылдардың ортасында екі радио біріктіріліп, ресми түрде Азат Еуропа/Азаттық радиосы аталады.

Конгресс жанындағы әлгі кеңес қазір Құрама Штаттардың ғаламдық медиаагенттігі аталады.

Азат Еуропа - Азаттық радиосының штаб-пәтеріне жасалған террорлық шабуылдан кейін түсірілген сурет. Мюнхен, Батыс Германия, 1981 жылғы ақпан.

Радио өз тарихында әртүрлі кезеңді бастан кешірген. Тіпті террористер шабуылына ұшыраған кездері де болған. 1981 жылы радионың Мюнхендегі ғимаратының бір шетінде жарылыс болып, одан чехословак жаңалықтар қызметі зардап шегеді. Кейін тексеру нәтижесі жарылғыш арнайы қойылғанын анықтайды. Жарылысты совет елдерінің тапсырмасымен еуропалық террористер тобына кіретін қылмыскерлер жасағаны белгілі болады. Бұған қоса, Азаттық радиосында қызмет атқарған эмигранттардың кейбірі түрлі жағдайда қазаға ұшыраған.

ХАБАР АЛУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ

Азаттық радиосында ақпарат таратудың өзіндік қиындықтары да болатын. Бірінші кезекте Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды хабарлауда ақпарат көзі болмады, қазіргідей тілшілер немесе тілші қосыны жұмыс істемеді.

Темір құрсаудағы совет елдері үшін оны елестетудің өзі қиын еді. Соған қарамастан, Азаттық радиосы Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға барынша жетік шолу жасауға тырысты. Негізгі ақпарат бұлағы халықаралық ақпарат агенттіктері, шетелдік және жергілікті баспасөз болды. Азаттықтың сол кездегі қызметкерлері Қазақстанда шыққан республикалық газет-журналды түгел дерлік алып тұрған екен.

Азаттық радиосы Қазақ редакциясы таратқан хабарлардың жазбаша мәтіні. Азаттықтың бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қоры. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана.

Радионың бұрынғы қызметкері, бүгінде Түркияда тұратын тарихшы Әбдіуақап Қара Қазақстанда шығатын газет-журнал Азаттыққа халықаралық сауда желісі арқылы жеткізілгенін айтады.

– Бұған қоса, әлемнің белгілі ақпарат агенттіктерінің хабарлары телекс арқылы Азаттыққа түсіп тұратын. Арасында Совет Одағының ТАСС агенттігі де бар. Содан түскен жаңалықтардың ішінде біз Қазақстанға, түркі әлеміне керек дүниелерді алып, мақала қып, комментарий жасап беретінбіз, – деді ол Азаттыққа.

Азаттық радиосы күнделікті жаңалықтарға шолу жасаумен шектеліп қалған жоқ. Азаттық совет уағында Қазақстанда тыйым салынған Алашорда автономиясы мен Түркістан мұхтарияты, Шығыс Түркістандағы коммунистерге қарсы күрес, совет репрессиясына ұшырап, өз отанында аты аталмай кеткен ұлт қайраткерлері туралы тұрақты түрде тізбекті хабарлар беріп отырды. Ал шетел қазақтары туралы хабарды осыдан 50-60 жыл бұрын Азаттық радиосынан ғана тыңдауға болатын.

Азаттық радиосының 1970-жылдары әлем қазақтары туралы әзірлеген хабарларының жазбасы. Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

Азаттық радиосының хабарлары тәуелсіз талдауымен ерекшеленетін. Айталық, сексенінші жылдары советтік Қазақстанда "қазақтардың Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы" деп аталған шара өткенде, оны Азаттық "Ресейдің Қазақстандағы 250 жылдық аннексиясы" деп хабарлады.

Қырғиқабақ соғыс, тың игеру, ядролық қару бәсекесі, Совет Одағы тұтатқан қақтығыстар, Берлин қабырғасының құлауы, "мызғымас" деген одақтың ыдырауы, жаңадан тәуелсіздік алған елдер саясаты, Совет Одағы құлағанда тұтанған қақтығыстар, Қазақстан мен оған көрші елдер саясатының әр кездегі қадамдары, постсоветтік кеңістіктегі билік трансформациясы – міне, Азаттық эфиріне берілген хабарлардың тақырыптары осындай болып келетін.

1985 жылы СССР басшылығына Михаил Горбачев тағайындалды. Ол қызметін әйгілі "жеделдету", атышулы "қайта құру", "жариялылық" аталған ұрандармен бастады. Осы аралықта Совет Одағында түрлі қақтығыс туындап, оның кейбірі күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.

Горбачев билік басына келгеннен кейін бір жылдан соң Қазақстанда Желтоқсан оқиғасы аяусыз жанышталып, оның соңы кезекті репрессия әрекеттеріне ұласты. Желтоқсан оқиғасының шындығы алғаш рет тағы да Азаттық радиосының эфирі арқылы әлемге тарады.

АЗАТТЫҚ ТУРАЛЫ АЗАТТЫҚТЫҢ ӨЗІ АЙТАДЫ

Азаттық өзі қандай радио екенін үнемі еске салып тұрған. Сондайда бағдарлама барысында радиодан мынадай промоны жиі естуге болатын. Мәтіннің грамматикасы мен түпнұсқасы сақталды:

"Азаттық радиосы Әмерика Құрама Штаттары конгрессі жағынан рұқсат етіліп, қаржыландырылған, сондай-ақ жеке әмерикан басқармалығы жағынан басқарылатын Ресей, Украина, Беларусь, Қафқазия, Орта Азия, Қазақстан және бұрынғы Кеңес одағының басқа өңірлеріне қаратылған тәуелсіз радио-бекеті. Азаттық радиосы адам құқығы жөніндегі жалпыға бірдей декларация мен Біріккен ұлттар ұйымының ереже-жарғысында және Еуропаның қауіпсіздігі мен бірге істестігі жөніндегі Хельсинки конференциясындағы қортынды-актісінде көрсетілгендей, халықтардың тепе-теңдік құқықтары мен өз тағдырын өздері белгілеу құқығына сай түрде ой-пікір және сөз бостандығын мақұлдайды. Азаттық радиосы демократиялық принциптерді, заңның үстемдігін және нәсілдік, діни-жыныстық, таптық немесе ұлттық негіздегі кемсітушіліктен аулақ болуды басшылыққа алады".

Азаттық радиосы туралы буклет. Мюнхен, Батыс Германия. Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтайдың жеке қорынан алынды.

"Суррогат ұйым" Азаттық радиосы өзі хабар тарататын аумақтан тыс жерде құрылды, сырттан қаржы алады. Бейтарап және нақты ақпарат таратады. Азаттық радиосы демократиялық құндылықтарды баянды ету және адам құқығын қорғау миссиясын атқарады. Совет кезінде болсын, бертінде болсын, ара-тұра радионы қысқарту және радионы жабу туралы мәселелер көтеріліп тұратыны да жасырын емес. Азаттық әзірге демократия дамымаған және сөз бостандығы шектелген аймақтарға хабар таратуын тоқтатқан жоқ.

Қазір Азаттық радиосы әлемнің 27 тілінде 30 елге хабар таратады. 2023 жылы радио бюджеті 146 млн 600 мың доллар болып бекітілген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы коммерциялық емес жекеменшік ұйым ретінде тіркелген. Оны директорлар кеңесі басқарады. Грант есебінде қаржы бөлетін Конгресс ұйымның ішкі жұмысқа араласа алмайды. Бұл мәселе АҚШ заңдары арқылы қорғалған.

Алда арнайы аудиоподкаст пен мақалалар тізбегі арқылы Азаттық радиосының кейбір хабарларына шолу жасалады. Негізінен, Қазақстан тәуелсіздік алар қарсаңдағы және одан кейінгі кезең қамтылады.

Келесі тақырып Желтоқсан оқиғасына арналады.

Аудиоподкаста айтылмағанды тізбекті мақалалардан оқуға, мақалада жазылмағанды аудиоподкастан тыңдауға болады.

Азаттық радиосы. 70 жыл