ПРЕЗИДЕНТТІҢ ІНДЕТ КЕЗІНДЕГІ ЕКІНШІ КІТАБЫ
12 желтоқсанда Түркіменстан Бейтараптықтың 25 жылдығын атап өтті. Ашғабатта осыған орай өткен шаралардың бірінде ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің "Түркіменстан – Бейтараптық отаны" кітабы таныстырылды. 2015 жылы да оның "Бейтарап Түркіменстан" деген кітабы жарық көрген. Бұған қоса Бейтараптық күні қарсаңында Бердімұхамедовтің биылғы қыркүйекте баспадан шыққан "Түркімендердің мемлекеттік жоралғысы" кітабының бірнеше тілдегі аудармасы таныстырылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Covid пе, басқа ма?" Түркіменстанда жұрт ауруханаға баруға қорқадыҮкіметтің биыл күллі әлемге тараған Covid коронавирус инфекциясы Түркіменстанда жоқ деген ресми ұстанымына қайшы келмеу үшін елдегі ауруханаларға науқастарға ондай диагноз қойылмайды. Бірақ шетелдегі түркімен басылымдары Түркіменстандағы ауруханалар мен емханаларда орынның жетпеуі, адамдардың жиі қайтыс болуы, тіпті балалар арасында да белгісіз аурудың тарауы туралы хабарлап отыр.
Азық-түлік қымбаттап, дүкендер алдындағы ұзын-сонар кезек ұлғая түскен. Биыл жазда болған құм дауылдан кейін адамдардың мобиль телефоны тексеріліп, VPN жүйесін пайдаланатындарға қысым жасалған. Ата-ананың шетелде оқып жатқан студент баласына аударатын қаржысы да 200 доллардан 100 долларға дейін шектелді. Ал наразылық танытқандар мен олардың туыстары әртүрлі ілікпен қысымға ұшырап келеді. Елде әйелдер мен балалар құқығы да жиі бұзылады.
ЕРКІНДІКТІҢ ОҢАЛМАҒАН ӨЛШЕМІ
Адам құқығын қорғайтын халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымының соңғы есебінде экономикасы құлдыраған Түркіменстанда жаппай еңбек миграциясының өріс алғаны және тәуелсіз топтардың адам құқығы ахуалына мониторинг жасауына тыйым салынғаны айтылған. Ұйым елде баспасөз бостандығы жоғын атап көрсеткен. HRW "Түркіменстандағы адам құқығының жағдайы елдің томаға-тұйықтығы және Гурбангулы Бердімұхамедовтің авторитарлы билігін сақтаудағы репрессивті режимі салдарынан апатты жағдайда қалып отыр" деп сипаттаған.
Ел ішінде оппозициялық басылымы жоқ Түркіменстанда халықаралық БАҚ-қа да жол жабық. Халықаралық басылымдардың Түркіменстанда бірлі-жарым штаттан тыс тілшісі ғана бар, оның өзі қуғынға ұшырайды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) да Түркіменстан түрмелеріне қамалған адамдардың жоғалып кетуіне алаңдаушылық білдіріп, ресми Ашғабатты бұл мәселені шешуге үндеген. Елде саяси көзқарасына байланысты 100-ден астам адам түрмеде отырғаны айтылады.
Қазір әлемде коронавирус пандемиясы туралы ресми мәлімет жарияламаған санаулы елдің бірі – Түркіменстан. Баспасөз бостандығы бойынша рейтингте де Түркіменстан тізімнің ең соңындағы Солтүстік Кореямен қатар тұр.
АҚШ мемлекеттік департаментінің адам саудасы туралы биылғы есебінде Түркіменстан үшінші деңгейде қалып, тізімнің соңында Cириядан төмен, Венесуэладан ғана ілгері екені анықталған.
Биыл 7 желтоқсанда АҚШ мемлекеттік департаменті Түркіменстанның дін бостандығын жүйелі түрде бұзатын елдер қатарында тұрғанын да хабарлады.
Түркіменстан билігі халықаралық есептердегі көрсеткіштерін оңалтуға болмашы ғана әрекет жасаған, кейде ешқандай шара қабылдамаған. Тіпті есептерге жауап бермеген кездері де бар.
ҒАЛАМДЫҚ САНКЦИЯ РЕЖИМІ
10 желтоқсан, халықаралық адам құқығы күні қарсаңында, Еуропа одағы кеңесі әлем елдеріндегі адам құқығының бұзылуына байланысты Ғаламдық санкция режимін енгізуді мақұлдады. Бұл шектеу алдағы айда іске қосылады деп хабарланды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ қырғызстандық Матраимовты Магнитский тізіміне қосты. Тізімге кіру нені білдіреді?Аталған мәселемен таныс ресми тұлғалардың айтуынша, алдағы жылдың басынан әлем елдерінде адам құқығын аяқасты еткен заңды және жеке тұлғалардың "қара тізімін" жасау қолға алынады. Санкцияда қаржы активтерін бұғаттау, виза беруге тыйым салу тәрізді шаралар қарастырылған. Бұған қоса Еуропа одағы "қара тізімге" енгендерге экономикалық көмек бермеуі мүмкін. Бір жыл бойы талқыланған бұл санкцияның механизмі 2012 жылы АҚШ жариялаған Магнитский актісіне ұқсайды. Америкалық құжат әуелде ресейлік шенеуніктерге қарсы қабылданғанымен, кейін өзге елдердегі адам құқығын бұзғандарды да қамтыған.
Еуропа одағының Ғаламдық санкция режимі де адамзатқа қарсы қылмыс, геноцид, азаптау, құлдыққа салу, сотсыз жазалау, адам саудасы, негізсіз қудалауға жауапты деп танылғандарға қарсы қабылданған. Бұған қоса жиын еркіндігін бұзу, пікірін ашық айтқандарға қысым жасау және дін бостандығына нұқсан келтіргендер де осы санкцияға ұшырауы мүмкін. Еуропа одағының санкция режимін Америка "әлемдегі адам құқығын қорғауды одан әрі нығайтатын, ғаламдық шеңбердегі адам құқығын бұзғандарды жауапқа тартатын қуатты құрал" деп бағалады.
"АРҚАДАҒҚА" АРНАЛҒАН АКЦИЯ
Биыл Түркіменстанның ішінде де, сыртында да биліктің қазіргі саясатына қарсы бірнеше наразылық акциясы өтті. Бұл – Түркіменстан үшін бұрын-соңды болмаған оқиға.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркіменстанда билікке наразылық жиіледіЕл ішіндегі митингілерге азық-түлік тапшылығы себеп болса, шетелдердегі акцияларда конституциялық реформаға наразылық айтылып, адам құқығын сақтау туралы талаптар қойылды.
Түркіменстан қалаларында адамдар көшеге "Гурбангулы, гум бол!" (Гурбангулы, жоғал!) деген ұран жазып кетті, үнпарақтар таратты. Түркіменстанның АҚШ және Түркиядағы диломатиялық өкілдіктері мен БҰҰ-ның штаб-пәтері алдына, Солтүстік Кипрде өткен наразылық жиындарына осындай ұранмен шыққан адамдар президент Бердімұхамедовтің репрессияға сүйенген режимін айыптап, оның биліктен кетуін талап етті.
Түркімен оппозициясы осы акцияларда Бердімұхамедовтің "арқадағ" (қолдаушы) титулын "харамдағ" (арам) деп атады. Мұндай ұрандар Түркіменстанда қағаз ақшалардың бетіне де жазылып тарап жатты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бердімұхамедов "пайғамбар жасын" тойлады. Елде марапат, шетте қарсылық жиіледі"Түркіменстан демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұрад Құрбанов осы наразылықтардан кейін Түркіменстан билігі шетелдерде акцияға қатысқан адамдардың туыстарын қысымға алынғанын айтады.
– Байқасаңыздар, Youtube-тағы видеода кейбір белсенділер беттерін жауып алып сөйлейді. Олар өзін билік танып қояды деп қорқады. Мұның өзі ең ақыры шетелде жүрген түркімендер де адам құқығынан қағылғанын көрсетеді. Егер Түркіменстан билігі олардың кім екенін біліп қалса, елде қалған туыстарын қинайды. Полиция олардың туыстарына қысым жасап, ұрып-соғады. Сондықтан шетелде жүрген түркімендер елде қалған туыстары үшін де алаңдайды, – дейді Азаттыққа Мұрад Құрбанов.
"САНКЦИЯ ТҮРКІМЕНСТАН БАСШЫЛЫҒЫН ДА ШОШЫТАДЫ"
Мұрад Құрбановтың айтуынша, президент Гурбангулы Бердімұхамедов биліктің барлық тармағын иемденіп алған. Авторитар режим баспасөзді де баяғыдан шеңгелінде ұстап келеді.
– Сондықтан да Еуропа одағының Ғаламдық санкция режимі Түркіменстан басшылығын да шошытып отыр, – дейді ол Азаттыққа.
Мұрад Құрбанов өзі жетекшілік ететін қозғалыс 11 құқық қорғау ұйымымен бірлесіп, Бердімұхамедов пен оның маңайындағылардың заңсыз іс-әрекетін дәлелдейтін айғақ деректер базасын жасақтап жатқанын айтады. Оның пікірінше, адам құқығын бұзып отырғандардың шет елдердегі активтері мен есеп-шоттары бұғатталғанда ғана Түркіменстан билігі халық талабына құлақ асуы мүмкін.
Ал Gundogar.org сайтының бас редакторы Байрам Шихмұрадов жөн-жосықсыз қамау, полицейлердің күш қолдануы, азаптау, адамдардың жоғалуы, адамның негізгі еркіндігін бұзу тәрізді Түркіменстан аумағында жүйелі кездесетін қылмыстарды кезінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ да тіркеп, растаған дейді.
– 2003 жылғы ЕҚЫҰ-ның Түркіменстан туралы баяндамасы, 2004, 2005 және 2006 жылдарғы БҰҰ бас ассамблеясының үш бірдей резолюциясы, БҰҰ бас хатшысының Түркіменстандағы адам құқығы туралы 2005, 2006 жылдары жасаған екі баяндамасы – ең жоғары деңгейдегі халықаралық айыптау. Көптеген комиссиялар, комитеттер мен жұмыс топтарының осы мәселеге қатысты шешімдерін айтпағанда, – дейді ол.
"ЕРТЕ МЕ, КЕШ ПЕ, ТИІСТІ БАҒА БЕРІЛУІ КЕРЕК БОЛАТЫН"
Байрам Шихмұрадовтың сөзінше, Human Rights Watch, Amnesty International, Global Witness, International Crisis Group, Reporters Without Borders және басқа да көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары Түркіменстанда адам құқығы жүйелі түрде бұзылатынын және оған тікелей мемлекет пен үкімет басшыларының кінәлі екендігін бірнеше дүркін баяндаған. Алайда бұдан ештеңе шықпаған.
Бердімұхамедовтің өз атын Лукашенко, Путин және басқа да жоғары дәрежелі жемқорларға арналған санкциялық масқара тізімнен көргісі келмейтіні анық.
"Түркіменстанның диктаторлық режимі кез-келген айыптауды жоққа шығарып отырды. Режим жауапкершілік механизмі қарастырылмағанын өз ыңғайына бейімдеп пайдаланып келді" деген Шихмұрадов Еуропа одағының Ғаламдық санкция режимі енді бұған қозғау салады деп үміттенеді.
– Алайда адам құқығын бұзғаны үшін америкалық Магнитский актісі мен Еуропа одағының Ғаламдық санкция режимін жүзеге асыру әлемдік державалар басшыларынан саяси ерік-жігерді талап етеді. Өйткені Еуропаның да, АҚШ-тың да Түркіменстанда әрқандай бір практикалық мүддесі жоқ, – дейді Байрам Шихмұрадов Азаттыққа.
– Дегенмен Бердімұхамедовтің өз атын Лукашенко, Путин және жазаcыздықтан моральдік күйреуге ұшыраған басқа да жоғары дәрежелі жемқорларға арналған санкциялық масқара тізімнен көргісі келмейтіні анық. Ерте ме, кеш пе оған тиісті баға берілуі керек болатын, – деп қосты Шихмұрадов Азаттыққа берген комментариінде.
АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖАЙЛЫ КЕЛІССӨЗДІҢ ҚАЗІРГІ СИПАТЫ
Ғаламдық санкция режимі мақұлданар алдында Еуропа одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан Еуропа одағы мен Түркіменстан арасындағы екіжақты келіссөздерде адам құқығы мәселесі талқыланып келе жатқанын айтқан. Азаттықтың Түркімен қызметіне берген сұхбатында ол келіссөзді "позитивті" деп бағалаған.
Алайда Питер Буриан 1998 жылы қол қойылған Еуропа одағы мен Түркіменстан арасындағы әріптестік және ынтымақтастық келісімінің ратификацияланбай келе жатқанын айтады. Түркіменстандағы адам құқығының сорақы жағдайына орай Еуропа парламенті бұл құжатты мақұлдауды кейінге қалдырып келеді.
Еуропа одағының арнайы өкілі Питер Буриан осының бәріне қарамастан, "Түркіменстан жағының сұрауымен" адам құқығы бойынша келіссөз үшін қайсыбір механизмдердің құрылғанын айтқан.
Түркіменстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялады. 1995 жылы тұрақты бейтарап ел мәртебесіне ие болған Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрад Ниязов кейін "түркіменбашы" титулын иемденіп, іс жүзінде мәңгілік президентке айналды. Жеке басқа табынуды қалыптастырды. 2006 жылы ол қайтыс болғаннан кейін билікке келген Гурбангулы Бердімұхамедов те болмашы "жылымықтан" кейін авторитар басшыға айналып шыға келді.
Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Ниязов кезіндегі және Бердімұхамедовтің тұсындағы сайлаулардың ешбірін мойындамаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркіменстанда ауыл тұрғындары ауруханада емес, үйде емделгенді жөн көреді