1 – Ресей Олимпиада алауын ашық ғарыш кеңістігіне шығарған алғашқы ел ретінде есте қалды. Ресейдің екі ғарышкері былтыр қарашаның 9-ында Халықаралық Ғарыш стансасынан ғарыш кеңістігіне шыққанда Олимпиада алауын бірге алып шықты. Ол сәтте алау тұтанған жоқ, себебі ғарыш кеңістігінде ауа жоқ болғандықтан, от жанбайды. Қауіпсіздік мақсатында ғарыш стансасының ішінде де алау жағылған жоқ.
3 – 2013 жылдың соңғы үш айында Волгоград қаласында болған жарылыстар саны. Ресейдің орталығындағы тарихи қаланы дүр сілкіндіру арқылы терроршылар елдің оңтүстігін ғана емес, басқа аймақтарын да үрейлендіре алатынын дәлелдеді. Бұл Сочидегі қауіпсіздікке қатысты алаңды күшейтті.
18 – Сочиде жеңімпаз спортшыға тапсырылатын бір медальді әзірлеуге осынша сағат уақыт кетеді.
21 – Осыған дейін өткізілген қысқы олимпиадалар саны. Алғашқы қысқы олимпиада 1924 жылы Францияның Шамони қаласында ұйымдастырылған. Ресейде қысқы оимпиада ойындары алғаш рет өткелі отыр.
34 – Сочи Олимпиадасына жұмсалған 51 миллиард АҚШ долларына әлемдегі ең биік ғимарат – Дубайдағы Бурдж Халифамен бірдей осынша мұнара салуға болады.
87 – Спортшыларын жіберетін елдер саны.
145 – Сочи көшелерінің километрмен есептегендегі ұзындығы. Бұл – Қара теңіз бен ақ басты Кавказ тауларының аралығындағы ұзынынан көсіліп жатқан жазықта орналасқан қала. Сочи – Еуропадағы ең ұзын қалалардың бірі.
460 – Сочиде жеңімпаздарға берілетін ең жеңіл Олимпиада және Паралимпиада медалінің граммен есептегендегі салмағы.
686 – Сочиде жеңімпаздарға берілетін ең ауыр Олимпиада және Паралимпиада медалінің граммен есептегендегі салмағы.
986 – 2013 жылы көршілес жатқан Солтүстік Кавказ өңіріндегі қарулы қақтығыстардан жапа шеккендердің саны. «Кавказский узел» порталы жүргізген статистикаға бейбіт тұрғындар, бүлікшілер және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты мәліметтер кірген. Қақтығыстардан 528 адам қаза тапты.
1300 – Сочиде тапсырылатын медаль саны. «Сочи-2014» Олимпиадасы ресми сайтының мәліметіне сенсек, бұл – рекордты көрсеткіш. Ресейде өндірілетін металл қоспаларынан әзірленген медальдер саны жағынан ғана емес, көркемдігі мен алуан түрлілігі жағынан да ерекшеленбек. «Сочи -2014» жүлделері - тек медаль ғана емес, нағыз өнер туындылары», делінген аталмыш сайтта.
1980 – Мәскеу Жазғы Олимпиада ойындарын қабылдаған жыл. 1979 жылдың соңында Совет одағының Ауғанстанға шабуыл жасауына наразылық ретінде АҚШ бастаған 65 мемлекет бұл додаға бойкот жариялап, қатыспай қалған.
3000 – 2014 жылғы 7 ақпанда өтетін ойындардың ашылу салтанатына қатысатын әртістердің саны. Олар бір мезетте үш сахнада қойылым көрсетпек. «Сочи-2014» сайтының мәліметіне сенсек, «бұл салтанат Олимпиада ойындарының ең керемет әрі есте қаларлық сәттерінің бірі болмақ».
3500 – 2014 жылғы Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшылар саны.
65 мың – Олимпиада алауы Сочиге жеткенге дейін жүріп өтетін қашықтық (километрмен). Алау Ресейдің 83 аймағы мен автономды республикасын аралап өтіп, бұрынғы рекордты жаңартпақ. Оны көтеріп жүргендер саны 14 мың адамға жетпек. Алауды ұстағандардың арасында 101 жастағы үстел теннисшісі мен Сібірдің сүңгуірлері де қатысты. Олимпиада алауы Қызыл алаңнан Қара теңізге дейін ұзақ жол жүріп өтіп, ақпанның 7-сінде Сочиге жеткізілмек.
100 мың – Stratfor ғаламдық барлау компаниясының мәліметтері бойынша, Ресей Қауіпсіздік қызметінің қарамағындағы осынша сарбаз Сочидегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Ресейдің ең мазасыз аймағы – Кавказға жақын жатқан Сочидегі ең басты мәселе – қауіпсіздік. Бүлікшілер ойындарды тоқтатамыз деп серт берді. Сочидегі қауіпсіздік қызметкерлерінің саны 2012 жылы Лондонда өткен Жазғы Олимпиадаға жұмылдырылғандардан төрт есе көп. Ресей жаппай бақылау әдістерін пайдаланатын ауқымды қауіпсіздік шараларын қолға алып, Олимпиада тарихында бұрын-соңды болмаған қатаңдыққа барды. Кейбіреулер тіпті Сочидің үлкен бір бекініске айналғанын айтады.
343 мың – Сочи тұрғындарының саны. Stratfor-дың есептеуіне жүгінсек, әрбір 3,43 жергілікті тұрғынға бір қауіпсіздік қызметкерінен келеді.
8,7 миллиард АҚШ доллары – Сочидің Адлер ауданын «Красная поляна» тау спорты кешенімен жалғайтын теміржол мен тас жолды салуға жұмсалған қаражат. Esquire журналының орыс тіліндегі нұсқасы бұл жөнінде: «Осы ақшаға Louis Vuitton сөмкесінің кесінділерінен қалыңдығы 9 сантиметр, фуа-гра (қаздың не үйректің бауырынан жасалатын қымбат тағам) төсеп шықса, қалыңдығы 22 сантиметр жол салуға болады» деп жазды. Жобаны президент Владимир Путиннің бұрынғы жақын серіктестерінің бірі Владимир Якунин басқаратын «Ресей темір жолдары» мекемесі жүзеге асырды.
12 миллиард АҚШ доллары – 2007 жылы Гватемалада өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің жиынында сөйлеген сөзінде Путин Олимпиадаға дайындық шараларына осынша ақша жұмсауға уәде берген. Оңтүстік Кореяның Пхенчхан және Австрияның Зальцбург қалаларының жолы болмай, таңдау Сочиге түскен. Осы салтанатта Путин ағылшын және француз тілдерінде сөйлеген. Путиннің бұл спорт додасына ерекше мән бергенін сипаттау үшін Сочидің кей тұрғындары бұл жарысқа «Олимпиада Владимировна» деген кекесінді айдар таққан.
25-30 миллиард АҚШ доллары – Оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың болжамына қарағанда, Олимпиадаға дайындық барысында осынша сома ақша ұранланған. Салыстырып қарар болсақ, бұл – Тәжікстанның жылдық жалпы ішкі өнімінен төрт есе үлкен сома. Өткен аптада Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Олимпиада дайындық барысында салынған инвестицияның үштен бірі, яки 18 миллиард доллар қаржы жымқырылды деп мәлімдеді. Ал «Ресей теміржолдарының» басшысы Владимир Якунин «сөзін дәлелдей алмаса, оны жала жапқаны үшін сотқа беру керек» деп кіжіне жауап қатты.
51 миллиард АҚШ доллары – Сочи Олимпиада ойындарына дайындыққа жұмсалған қаржы. Бұған ойындарды ұйымдастыруға қажетті инфрақұрылым құрылысына кеткен шығындар да қосылған. Олимпиадаға дайындық жұмыстарын басқарған премьер-министрдің орынбасары Дмитрий Козак 2013 жылдың ақпан айында осындай қорытынды шығарды. Ал «Ведомости» басылымының болжамы бойынша, ойындарға әзірлікке 1,5 триллион Ресей рублі (45 миллиард АҚШ доллары) жұмсалған. Қайсысы болса да, бұл екі сан да Сочи Олимпиадасын тарихтағы ең қымбат олимпиада деп атауға мүмкіндік береді. Пекиндегі 2008 жылғы Жазғы олимпиаданы қабылдауға 40 миллиард доллар кеткен. 2010 жылғы Ванкувердегі додаға 6 миллиард доллар жұмсалған.
Кейін Дмитрий Козак әуелгі айтқан сөзін қайта түзетіп, Олимпиаданың таза шығыны 214 миллиард рубль (6,3 миллиард АҚШ доллары) болды деді. Оның айтуынша, қалған құрылыс нысандары олимпиада өткізілмесе де салынуға тиіс инфрақұрылым болатын. Оның айтуынша, тек мемлекеттік бюджеттен бар болғаны 99 миллиард Ресей рублі жұмсалған.
Том Бэлмфорттың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.