Денис Тен жеңілісін жарақаттан көреді

Денис Тен Пхенчхан олимпиадасында. 16 ақпан 2018 жыл.

2014 жылғы Сочи олимпиадасының қола жүлдегері қазақстандық Денис Тен Пхенчхан ойындарында қысқа бағдарламада 27-орын алып, финалға өтпей қалды.

Денис Тен қысқы бағдарламада төрттік сальхов (базалық ұпайы - 10,50), үштік аксель (8,50) және үштік лутц+екілік тулуп (8,03) орындауды жоспарлаған. Бірақ Тен төрттік сальховты элементін секіре алмай, ұпайсыз қалды. Ал қалған екі элементті таза орындағанымен, 80 ұпайға жете алмады - 70,68 ұпай. Денис Тен жарысқа қатысқан отыз спортшы арасында 27-орын иеленді. Негізгі бағдарлама - финалға нәтижесі жоғары 22 мәнерлеп сырғанаушы өтті.

Денис Тен қысқа бағдарламасының алдында бапкері Фрэнк Кэролмен (АҚШ) сөйлесіп тұр. 16 ақпан 2018 жыл.

- Бүгін өмірімдегі ең сәтсіз сырғанау болды. Бұл маусым мен үшін өте қиын болып жатыр. Пхенчханға келіп, мұзға шыққанымның өзі үлкен жетістік. Олимпиадаға қатты қатысқым келді. Келіп, қатысқаныма қуаныштымын. Күні-түні аяғымдағы жарақат маза бермейді. Аяғым кинезио тейппен оралып тұр. Оған дейін гипспен жүргенмін. Кореяға бұған дейін келгенде балдақпен жүрдім. Әр күн - жарақатпен күрес. Аяғың ауырса, әр секіру элементін орындау қиынға түседі екен. Бірақ ақталғым келмейді. Физикалық-психологиялық жағынан тек осы олимпиадаға дайындалып едім, өкініштісі, үмітім ақталмады, - деді ол.

"ҚАЗАҚСТАНДА ІЗБАСАРЫМ ЖОҚ"

Пхенчхан олимпиадасында Қысқа бағдарламадан кейін жапониялық Юдзуру Ханю (111,68 ұпай) бірінші, испаниялық Хавьер Эрнандес (107,58) екінші, тағы бір жапониялық Шомо Уно (104,17) үшінші орында келеді. Денис Тен олардан 30-40 ұпай аз балл жинады. Сочи олимпиадасында Ханю мен Тен тұғырда бірге тұрған еді. Жапониялық спортшы 2014 жылғы олимпиадада чемпион атанған.

- Менде үлкен потенциал бар. Олар (олимпиада кезінде үздік нәтиже көрсеткендер - ред) секіретін элементтерді мен де секіре аламын. Бірақ қазір кедергім көп. 15 жасымнан бері спортта жүрмін. Менің де [олар сияқты] әр жарысқа қатысып, жеңіске жетіп, шыңға шыққан кездерім болды. Медаль алуға мүмкіндік болғанда шабуылға шықтым. Әлем чемпионатында, олимпиадада жүлде иелендім. Төрт құрлық чемпионатында жеңісе жеттім. Дәл қазір шыққан шыңымнан түстім деп айта алмаймын. Жарыстарға өте аз уақытта дайындалып жүрмін. Аяқтағы жарақатым мүмкіндік бермейді. Жарақаттан шаршадым. Еркін қозғала алмаймын. Сочи олимпиадасынан кейін карьерамды аяқтап, басқа салаға кетуге мүмкіндік болды. Бірақ спортты сүйемін. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді, - деді Тен Азаттық тілшісіне.

Денис Тен қысқа бағдарламасын орындап жатқан сәт. 16 ақпан 2018 жыл.

24 жастағы Денис Тен Қазақстандағы мәнерлеп сырғанаудың жағдайына алаңдайды. Спортшының айтуынша, елде ізбасары жоқ.

- Үшінші олимпиадама қатысқаныма қуаныштымын. Бәлкім, бұл соңғы олимпиадам емес шығар. Жанкүйерлерімді әлі қуантармын. Қазақстанға көп жеңіс сыйлағаныма қуаныштымын. Бірақ Қазақстанда менің ізбасарым жоқ. Бір жыл үзіліс алып, жарақатымды емдеп алайын десем, мені алмастыратын ешкім жоқ. Спорт адам ағзасына үлкен салмақ түсіреді. Жарақат домино тастары сияқты. Біреуі жазылса, екіншісі шығады. Бірақ қиындықтарға қарамастан жаттығу жасадым, - деді спортшы.

Пхенчхан олимпиадасында мәнерлеп сырғанау жарысында әйелдер арасындағы жекелей сынға 18 жастағы қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева қатысады. Әйелдер арасындағы қысқа бағдарлама ақпанның 21-і күні өтеді. Қазір Қазақстан бір қола медальмен жалпы есепте 20-орында келеді. Қоланы фристайлшы Юлия Галышева иеленген.