Азаттық: - Олимпиада қоласын алғаннан кейін ресейлік басылымдарда сізге Ресей азаматтық ұсынып, өзіне шақырғаны туралы ақпарат шықты. Бұл қаншалықты рас?
Галышева: - Бұл - рас. Екі ел азаматтық ұсынып, құрамаларына шақырды. Бірінші рет 2014 жылы Сочи олимпиадасы алдында Канададан ұсыныс түсті. Ал 2015 жылы Ресейден ресми ұсыныс түсті. Яғни, екі ел (Қазақстан мен Ресей - ред.) федерациялары арасында келіссөздер болды. Бірақ мен Қазақстанда қалам деп шештім.
Азаттық: - Қазақстан үкіметі қола жүлдегерге 70 мың АҚШ доллары сыйақы беретінін білесіз. Сыйақыны қайда жұмсамақсыз?
Галышева: - Алдымен сол қаржыны алу керек. Қолыма тисе, алдымен анамның көлігін ауыстырып бергім келеді. Қазір үй салып жатырмыз. Ақшаның жартысы сол құрылысқа кетеді. [Сыйақыны] өзіме, отбасыма жұмсаймын.
Азаттық: - Сочи олимпиадасынан кейін Қазақ спорт және туризм академиясына грантқа түсе алмай, оқу орны сізге грант бермей біраз шу болған еді. Оқу бітірдіңіз бе?
Галышева: - 2017 жылы желтоқсанда Қазақ спорт және туризм академиясында магистратураны бітірдім. Алматыда өткен универсиадаға осы академия атынан қатыстым. Бізде осындай институт болғанына қуаныштымын.
Азаттық: - Олимпиададан кейін демалыс аласыз ба әлде жарыстарға қатысасыз ба?
Галышева: - Демалмаймыз, биылғы маусымды аяқтау керек. Ақпанның 26-cы күні Жапониядағы әлем кубогы кезеңіне барамыз. Яғни, жарыс жалғаса береді.
Азаттық: - Сіз әлем чемпионаты, әлем кубогы, Азия ойындары, универсиада медальдарын алдыңыз. Тек жетпей тұрғаны олимпиада жүлдесі еді. Ол да бар. Кей спортшылар олимпиада медалін алған соң карьерасын аяқтап жатады...
Галышева: - Карьерамды аяқтамаймын. Биылғы маусым әлі аяқталған жоқ. Алда әлем чемпионаты бар. Бастысы жарақаттанып қалмасам болды. 2022 жылы Қытайдағы олимпиадаға қатысуды жоспарлаймын. Карьера аяқтауға әлі ерте. Дима (Дмитрий Рейхерд, Пхенчхан олимпиадасында 8-орын алған – ред.) карьерасын аяқтайтынын айтты. Бірақ ол ойланып, бұл шешімін өзгертеді деп үміттенем. Екі жыл үзіліс алып, демалып, қайта келуіне болар. Себебі көп спортшылар солай істейді.
Оқи отырыңыз: "Медаль алуы тиіс" Рейхерд неге жүлдесіз қалды?
Азаттық: - Қазақстан фристайл құрамасының бас бапкері Қазақстанда жаттығатын дұрыс жер жоқ екенін айтты. Сіздің жетістігіңізді қайталайтын жас спортшылар бар ма?
Галышева: - Қазақстандағы жарыстарға барғанда жас спортшылар көп. Аттарын есіме сақтап үлгермеймін. Түрлерін білемін. Әр жарысқа елу-алпыс жас спортшы қатысады. 5-17 жастағы Олег Цин, Александр Геберд деген жас балалар шығып келеді. Олег Цин Еуропа кубогы кезеңінде медаль алып үлгерді. Бұл жас спортшы үшін жақсы жетістік.
Азаттық: - Әлеуметтік желіге шетелдегі жаттығу жиындарынан көп суреттер саласыз. Көбіне шетте жүретін сияқтысыз?
Галышева: - Жаз бойы дайындықта жүреміз. Үйде жиі болмаймын. Бос уақытым бола қалса үйде анамның жанында болуға тырысамын. Оған қоса достарыммен хоккей ойнаған ұнайды. Негізінен жаттығуда, жарыста жүремін.
Азаттық: - Қайда жаттығасыздар?
Галышева: - Маусымда Риддерде шілде-тамызда Еуропа елдерінде бірнеше ел жаттығу өткіземіз. Могулшылар спортта қарсылас болғанымен өмірде доспыз. Әлеуметтік желілер арқылы хабарласып тұрамыз. Мысалы канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант мопус иттерді қатты жақсы көреді. Мен де жақсы көремін. Бір-бірімізге мопустардың суреттерін сыйлағанбыз. Бұл - ағылшын тілін жақсартуға көмек. Олар бізге ағылшынша, біз оларға орысша үйретеміз. Бір-бірімізге мұғалімбіз.
Азаттық: - Әңгімеңізге рақмет.