Плакаттарда қалған совет дәуірінің бейнесі
Советтік плакатқа арналған көрме совет плакаттары стилінде жасалған постерден басталады.
Көрмедегі плакаттар – совет билігі кезінде шыққан плакаттардың болмашы бөлігі ғана. «Печать в СССР» статистикалық жинағының деректері бойынша, тек 1985 жылдың өзінде ғана СССР мемлекетінде жалпы таралымы 348,317 миллион дананы құрайтын 11481 плакат басылып шыққан.
«Ұлар» галереясының арт-менеджері Кристина Акманованың сөзінше, бұл көрменің алғашқы күні жиналғандай көп адам бұған дейін ешбір суретшінің дербес шығармаларының көрмесіне келген емес. Және де, көрмеге келгендер арасында совет кезінде өмір сүргендер ғана емес, сонымен бірге совет заманы туралы тек өзгелердің әңгімесінен ғана естіген жастар да көп.
Мына екі қыз көрмедегі салауатты өмір салтын насихаттайтын плакаттарды тамашалап тұр.
Бұл плакатты осы көрмеге қойылған жалғыз қазақстандық плакат деуге болады. Салауатты өмір салтын ұстануға шақырған бұл плакатты 1978 жылы республикалық санитарлық ағарту үйі шығарған. Плакатты қазақстандық белгілі суретші Сергей Сухов салған.
«Ұлар» галереясы арт-менеджерінің айтуынша, әйгілі Кукрыникстердің қолынан шыққан осы сурет – Борис Брульдің коллекциясындағы алғашқы плакат екен. Кукрыникс – бұл советтік үш суретшінің (Михаил Куприянов, Порфирий Крылов және Николай Соколов), алғашқы екеуінің фамилияларының бірінші буынынан («Ку» және «Кры») және үшінші суретшінің аты-жөнінің алғашқы буынынан (НИКС) құрастырылған шығармашылық псевдоним екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Совет заманында саяси плакат пен саяси карикатура жанрларында еңбек еткен бұл үш суретші осы саланың классиктері саналады. Мына плакат 1941 жылы, соғыс жылдары салынған. Оның жоғары жағындағы мәтіннің авторы – совет жазушысы әрі ақын Валентин Катаев.
Жастарды спортпен айналысуға шақыратын бұл плакат уақыт жағынан соңыра сатып алынған әрі коллекциядағы ең үлкені.
Советтік плакаттар тарихындағы мына бір маңызды жұмыстар – 1919-1921 жылдары Ресейлік телеграф агенттігі (РОСТА) жүйесінде еңбек еткен суретшілер мен ақындардың шығармаларының сериясы. Оны «РОСТА сатирасының терезесі» немесе «РОСТА терезесі» деп атайды. Бұл плакаттар авторларының арасында пролетариат ақыны Владимир Маяковский де болғаны мәлім. Борис Брульдің коллекциясында сол серияның плакаты да бар.
«Қырғи-қабақ соғысы» кезеңінің (1946-1989 жылдары) плакаттары жеке топтастырылған. Оларда СССР мен оның одақтастары жағымды бейнеде салынып, АҚШ пен одақтастары, керісінше, барынша жағымсыз кейіпте көрсетілген.
Горбачевтің билігі тұсындағы қайта құру кезеңінде салынған плакаттар мысқыл-әжуаға толы. Ол кезде советтік ақша – рубльді еркін айырбасталатын валютаға айналдыру қажеттігі туралы көп айтылатын. Бұл плакаттың авторы – қазір Украинада тұратын суретші Геннадий Шлыков.
Көрмедегі плакаттардың арасында тек өткенді ғана еске түсірмей, әлі күнге дейін өзекті мәселелерді көтергендері де бар. Қайта құру дәуірінде С.Белоусов салған нашақорлыққа қарсы мына бір әлеуметік плакат солардың бірі.
СССР-де Михаил Горбачев билікте болған кезде салынған плакаттардың алдында суретке түсіп тұрған құрбылар.