85 жыл бұрын, 1937 жылғы қарашаның аяғында корейлер Қиыр Шығыстан Қазақстан мен Өзбекстанға депортацияланды. СССР кезінде күштеп жер аударылған алғашқы халық болған корейлер арасында жер аудару кезінде тауар вагондарында немесе діттеген жерге жеткен соң да қаза тапқандар болған. Сол корейлер мен олардың ұрпағы Азаттықтың Сибирь.Реалии қызметіне берген сұхбаттарында депортацияның қалай өткенін әңгімелеп берді.
Май Хван 1937 жылы 7 жаста болғанда, Приморск жерінен ата-анасымен бірге депортацияға ұшыраған. Адамдарды малға арналған вагондармен тасыды, қайда апаратынын айтпады дейді ол. Пойыз жолда тоқтағанда, әскерилер "Тезірек су алыңдар" деп айғайлаған. Ересектер ыдыстары мен шелектерін суға толтырып, вагонға қайта жүгіретін болған. Жолда пойыз тоқтағанда, вагондардан балалардың, әйелдер мен қарттардың мәйіттерін далаға лақтыратын, қабір қазатын уақыт болмаған соң, олардың үстіне тастан төмпешік жасап кететін дейді ол. Бұл көрініс оның есінде мықтап сақталып қалған. Қазір Май Хван Қазақстанда тұрады. Конькимен жүгіру спорты бойынша танымал жаттықтырушы, Қазақстан спорт және туризм академиясының профессоры, Қазақстандағы корейлер ассоциациясының мүшесі. Ол қазір пойызбен жүргенде тас төбешіктерді көргенде, сол жерде депортация кезінде қаза тапқан адамдардың жатқанын ойлайтынын айтады.
– СССР басшылығы корейлердің шекарадағы Приморск аудандарынан Хабаровск жеріне қоныс аудару мәселесін 1920 жылдардың аяғында жоспарлай бастаған. Бірақ бұл жоспар тек 1937 жылы жүзеге асты. Сол жылғы 21 тамызда "Қиыр Шығыс аудандарындағы корейлерді жер аударту" туралы жарлық шықты. Оның мақсаты "Қиыр Шығыс жеріндегі жапон шпионажының алдын алу" екені айтылды. Жарлықта "Қоныс аударуды дереу бастап, 1938 жылғы 1 қаңтарына дейін аяқтау керек" деп жазылған дейді тарихшы Игорь Ким. – 25 қазанда ішкі істер халық комиссары Ежов Кремльге "Қиыр Шығыс жерінен корейлерді жер аудару аяқталды" деп есеп берді: Олар 170 мыңнан астам адамды тауар вагондарына отырғызып, Қазақстан мен Өзбекстанға жіберген. Ал Камчатка мен басқа аудандарда тұратын корейлерді эшелонмен 1 қарашаға дейін жіберу жоспарланған. Діттеген жерге дейінгі уақыт 30–40 күнге созылып, қарашаның аяғына қарай депортация аяқталған. Сол кездері қанша адамның қаза тапқанын нақты айту өте қиын. Тек жолда жүздеген адамның, оның ішінде балалар мен қарттардың көптеп қаза тапқаны белгілі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы корейлер. Жер аударылған халықтың ана тілінен ажырауыЖол азабына шыдай алмағандардың арасында Павлодар облысындағы Somang корейлер ассоцияция жетекшісі Людмила Пактың атасы да бар.
– Әкемнің ата-анасы Федор Елисеевич Пак пен Татьяна Андреевна Ким Қиыр Шығыста танысып, сонда үйленген. Отбасымызда атам Федордың университетке түсу үшін екі досымен Мәскеуге жаяу тартқаны туралы оқиға айтылады. Ол мақсатына жетіп, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік унивесритетіне оқуға түскен, кандидаттық диссертация қорғаған. Біршама уақыт Менделеев атындағы химия техникалық институтында жоғарғы математикадан сабақ берген.
Сосын Федор Пак Владивостокқа оралып, Корей педагогикалық институтында математика кафедрасының доценті болған.
– 1937 жылғы 17 желтоқсанда Корей педагогика институтының ұжымын депортациялау туралы бұйрық түскен. Федор атамды басқаларымен бірге отбасынан бөлек алып кеткен. Институт ұжымы Владивостоктан шамамен 24-25 қыркүйекте шыққан. Мұны олардың 1937 жылғы 25 қыркүйекте Владивостоктан 445 шақырым жерде тұрған Губерово темір жол станциясынан Хабароск қаласына жіберген телеграммасы көрсетеді. Онда "Корей пединституты эшелонмен кетіп барамыз" деп жазылған. Одан әрі мәтінде "Станциялар қайнаған су бермейді. Ворошиловтан бастап нан сату ұйымдастырылмаған" делінген.
– Корейлерді діттеген жерге қандай жағдайда жеткізгенін қазір бәрі біледі. Федор атам жолда өкпе ауруына шалдығып, 29 жасында қайтыс болған. Телефон байланысы болмаған соң, әжем оның өлімі туралы Өзбекстанның Ферғана қаласын келгенше білмеген. Бірнеше айдан соң сол қалада жерлестерінен күйеуінің қайтыс болғанын естіген. Тұратын жері болмаған соң, балаларымен анда-мында сандалып жүруіне тура келген. Сол кезде көзі ашық, корей тілін білетін әжем Сталинге хат жазған. Қиыр Шығыста корей тілінен сабақ берген ол орысша дұрыс білмейтін. Оның Мәскеуге хат жазуына біреу көмектескен болар.
Бұл хаттың жеткен-жетпегенін, көмегі тиген-тимегенін білмеймін. Қалай болғанда да, әжем тұрғын үйдің жертөлесінен бөлме алған. Тәтем ағасы екеуі терезеден асфальттағы адамдардың аяғы көрінгенін, аяқкиімдерге қарап өздеріне әке таңдап ойнайтынын айтып отыратын.
"Корё Ильбо" корей газетінің бас редакторы Константин Кимнің ата анасы Қазақстанда дүниеге келген. Оның атасы мен әжесі депортацияланған.
– Нағашы әжем Шек Бон Чун шаруа отбасынан шыққан. Депортацияланған корейлердің көбі қарапайым адамдар, жұмысшылар мен шаруалар болған. Әрине, бәрі емес: газет, театрда жұмыс істегендер де болған. Қиыр Шығыста корей педагогикалық училищесі мен педагогикалық институты болған. Бірақ интеллигенция көп емес еді.
Апам 1914 жылы туған. Депортацияланғанда өте жас болған, орыс тілін дұрыс білмеген. Қазақстанға келе сала совхозға кіріп, өмір бақи сол жерде жұмыс істеді. Жаңа мекенде тұрмысқа шығып, балалы болды. Анам да, әкем де Қазақстанға депортациядан кейін дүниеге келген.
Әкемнің ата-анасы интеллигент адамдар болған. Атам Константин Ким мектепте мұғалім болса, апам Надежда Сон депортацияланған кезде алты жаста болған. Менің есімімді атамның құрметіне қойған. Екеуі де орыс тілін білген, Қазақстанда мемлекеттік құрылымға, апам сауда саласына, атам мектепке жұмысқа орналасқан. Олар толығымен кірігіп, совет азаматтарына айналған.
– Оларда не үшін депортацияға ұшырағаны туралы сұрақ болды ма екен?
– Бұл тақырыпты совет адамдарына айналған ата-әжем талқыламағанды жөн көретін. Оларға әділетсіздік жасалғанын, мұның дұрыс болмағанын түсінді. Бұл бір халыққа қарсы қылмыс [болды]. Бірақ елінің патриоттары ретінде олар мемлекетті кінәлай алмайтын. Олар депортацияны болуы керек нәрсе деп қабылдады. "Онда тұрған не бар? Қазақтар қабылдады. Мұнда нашар тұрып жатырмыз ба? Жақсы тұрып жатырмыз. Үйіміз бар, жұмысымыз бар" дейтін.
– Бірақ қаза тапқандар неліктен көп болды?
– Елестетіп көріңізші. Күздің ортасы. Малға арналған шұрық тесік ағаш вагон. Балаларды, әйелдер мен қарттарды әкеле жатыр. Дұрыс тамақ жоқ, жылу жоқ. Мұндай жағдайға мыңдаған адам шыдай алмаған. Апам қазанда жер аударылғанын айтқан. Күн суық, ызғар жел. Оларды қазақтың жазық даласына лақтыра салған. "Бәріміз тірі қала алмай, өліп қалады деп үміттенген шығар" деп айтатын апам. Сонда олар қолмен жер қазыпты. Бір жарым метр терең шұңқыр қазып, оны қамыспен жауып, от жаққан. Сол жерде тұрған. Қазақстанға алғашқы жер аудару Үштөбе темір жол станциясында осылай басталған.
Корейлер "халық жауы" болған, сондықтан НКВД адамдары басында оларға жергілікті халықты жақындатпаған. Апам қазақтардың атпен шауып жүргенін, балалардың оларға қарап тұратынын есіне алып отыратын. Қазақтар да, аталарымыз да орыс тілін де, корей тілін де білмейтін. Сондықтан олар [ештеңе] түсіндіре алмаған және [қазақтардың] оларға қалай қарайтынын білмеген.
Бірнеше күннен кейін қолдан жасалған елді мекен жанынан бір қазақ атпен шауып өтіп, корейлерге ақ домалақ зат лақтыра бастаған. Біздікілер "Міне, жергілікті халық бізді жау көріп отыр. Билік біздің қорқынышты адам екенімізді айтқан болар. Жек көретінін көрсету үшін бізге тас лақтырып жатыр" деп ойлаған. Бірақ кейін қастарынан қазақ әйелдері өтіп, сол домалақ тастарды көрсетіп "Жеңдер, жеңдер" деген. Олар дәмін татып, оның тас емес, қазақтың ұлттық тағамы құрт екенін білген. Дәмін көріп, балаларына берген.
Күзет режимі жеңілдей бастағанда, қазақтар нан әкеле бастаған. Билік жүктілерді, қарттар мен балаларды алып кетуге рұқсат бергенде, қазақтар оларды үйіне паналатқан. Қолынан келген көмекті берген. Сол көмек болмағанда, корейлер алғашқы қыста-ақ көп адамнан айырылар еді. Бұл ең ауыр, ең қиын қыс болған. Көп адам қаза тапқан. 1938 жылдың көктемінде құрылыс басталып, корейлер жергілікті халыққа үйрене бастаған. Бәрі бір қалыпқа түскен.
– Апам айтқан бір қызық дерек бар. Оларға "тамақ, киім секілді қажет заттарды алыңдар, жер аударасыңдар" деген. Бірақ қалай және қайда екенін айтпаған. Корейлер үшін ең бастысы не? Әрине, күріш. Көбі жолда жеуге болатын нанның орнына өзімен бірге күріш тұқымын алған. Алыс жаққа кетіп бара жатқанын, енді қайтып оралмайтынын сезген. Корейлер күрішсіз жүре алмайтындықтан, жаңа жерде күріш өсіру керек болған. Олар өзімен бірге күріш тұқымын көптеп алған. Қазақстанға келгенде, алғашқы қыс аяқталған соң енді не істейтіндерін ойлай бастаған. Тірі қалдық, енді өмір сүру керек деген. Оларға осы күріш тұқымы көмектескен.
Жер аударылғандар тұқымды егіп, күзде егін алмақ болған. Бірақ күріш үшін ең бастысы не? Су. Су болмаған. Айнала жазық дала, тек Қаратал өзені бар. Суару жүйесі жоқ. Сонда техникасы жоқ корейлер күрекпен канал қаза бастаған. Алғашқы көктем мен жазда 60 шақырымнан астам жер суаратын желі қазған. Сөйтіп, күріш еккен.
– Күріш тұқымы да бәрінде болмаған. Біреу кітаптарын алған. Біздің "Корё Ильбо" газетін де мысалға келтіруге болады. Келесі жылы оның шыққанына жүз жыл болады. Бұл Кореядан тыс жерде шығатын әлемдегі ең ескі газет. Кореяның өзінде жүз жылдық тарихы бар бір-екі газет қана бар. Біздің газет те Қиыр Шығыстан депортацияға ұшыраған. Оның редакциясы Қызылорда облысына жер аударылған. Қызметкерлерге тек қажет заттарды алыңдар деген. Бірақ олар алдымен азық-түлік пен киімдерін емес, корей әріптерінің құймаларын алған. Олар ауыр темір әріптерді жаңа орында корей газетін жандандырамыз деген үмітпен алған. Адамдарды малға арналған вагондарға салып, қайда апара жатқанын айтпайды, ал олар балаларына тамақ, жылы киім емес, қорғасын әріптерді алады. Қай жерге [бара жатқанын] білмесе де, "Корё Ильбо" газетін шығару туралы ойлайды. Бүгін де сол кездері редакцияда жұмыс істегендерге алғыс білдіреміз, себебі газетіміз тірі қалды. 1938 жылғы 1 наурызда, жер аударылғаннан жарты жыл өтер-өтпес уақытта оның Қазақстандағы алғашқы саны шықты.
Корейлер, ата-бабамыз білімге құмар болған. 1938 жылғы көктемде Үштөбеде жаңа орындағы алғашқы қыстан кейін салған алғашқы ғимараты не болғанын білесіз бе? Мектеп. Үй емес, мектеп. Бұл кездері өздері жеркепеде тұрған. Ал мұғалімдер Қиыр Шығыстан өздерімен бірге кітап, қолжазбалар ала келген. Бәрінде солай болды: 90 жылға толатын труппа театры костюмдері мен реквизиттерін алған. Корейлер өте патриот, тамыры мен тарихына терең мән береді.
– Қазір Қазақстан корейлері негізінен орыс тілінде сөйлейді. Бұл СССР кезінде корей мәдениетін жою саясатының нәтижесі ме?
– Анам Зинаида Кимді мысалға келтірейін. Оның әкесі, менің атам совхозда қарапайым жұмысшы болған. Туберкулезбен ауырып, ерте қайтыс болған. Анам кішкентай болған. Оларды апам өсірген. Ол орыс тілін дұрыс білмеген, жергілікті адамдармен басында ымдап сөйлескен. Анам да орыс тілін білмеген. Бірінші сыныпқа барғанда, олардың елді мекенінде тек корейлер тұрған, сабақ тек корей тілінде өткен. Осылайша мемлекет білім беруге жағдай жасаған, себебі балалар орыс тілін білмеген. Анам төртінші сыныпқа дейін корей тілінде оқып, орыс тілін дұрыс білмеген.
Айналада басқа ұлт өкілдері де көбейе бастаған соң, орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналған. Корейлер оны тек тұрмыстық деңгейде білген. Сондықтан оқушылардың ата-анасы билікке жүгінген. "Балаларымыз тек корей тілін білсе, болашағы болмайды. Совет одағында тұрамыз, мұнда негізгі тіл – орыс тілі. Балаларымыз жұмыс істеу үшін, институтқа түсіп, мемлекеттік қызметке орналасу үшін оны білуі керек деген. Корейлер биліктен орыс тілінде оқытып, корей тіліндегі сабақтарды азайтуды сұраған. Туған тіл болса да, оның бәсекеге түсе алмайтынын білген.
– Яғни, бұл мемлекеттің бастамасы болмаған ба?
– Иә, биліктің бұйрығы емес, адамдардың бастамасы. Содан кейін мектептерді орыс тіліне көшіре бастаған. Анам тоғыз сынып бітіріп, техникумға түсіп, банк саласына жұмысқа тұрған.
– Корейлер депортация жағдайын қазір қалай қабылдайды?
– Мұны тоталитар совет режимінің нәтижесі, корей халқы үшін үлкен трагедия көреді. Мыңдаған адам құрбан болды. Жүздеген мың адамның тағдыры тәлкекке түсті. Бірақ тарихта шартты рай болмайды деген сөз бар. Депортация болды, бұдан ешқайда қашып құтыла алмайсың. Бұл – тарих, уақытты кері қайтару да мүмкін емес. Қазір Қазақстанда тұрып жатырмыз. Депортацияланған аталарымызға Қазақстанның қарапайым адамдары көмектескен. Бізге көмек қолын созған, жаңа жерде қабылдаған қазақ халқына алғыс білдіруіміз керек. Ауыр кезеңде, 30-жылдарды аяғы мен 40-жылдардың басында, қазақтардың өздері саяси қуғын-сүргінге ұшырап, аштыққа тап болған кездері [корейлерді] қабылдады. Бірақ ештеңеге қарамастан, "халық жауы" атанған бөтен адамдарға нанын беріп, үйіне кіргізіп, аман қалуына септесті.
Ата-бабамызға мейірім танытқан қазақ халқына алғыс білдіруіміз керек. Тіпті, маңызды күндерді түсіндіру сипаты да өзгерді. Бұрын корейлерді Қазақстанға депортацияған күнді атап өтетінбіз. Ал 2012 жылы қазақ жеріне келгенімізге 75 жыл болғанда, Қазақстан корейлері ассоциациясы Үштөбе станциясында қазақ халқына алғыс ретінде ескерткіш орнатты. Биыл депортацияға 85 жыл болады. Корейлердің қазақ жерінде тұрып жатқанына 85 жыл. Осы мән бірінші кезекке шықты.
Тамырымыздан да бас тартып жатқан жоқпыз. Корея – тарихи отанымыз. Оңтүстік, солтүстік деп те бөліп-жармаймыз. Ата-бабамыз 1863 жылы өз еркімен Ресейге қоныс аударғанда, Корея тұтас болатын. Сондықтан тарихи отанымызды біртұтас деп қабылдаймыз. Қандастарымыз – корейлер. Бірақ жалғыз отанымыз – Қазақстан.
– Өкінішке қарай, тарих қайталанып жатыр. Бүгін қазақтар соғыс пен мобилизациядан қашқан ресейліктерді қабылдап жатыр...
– Қазақ халқыны қонақжайлығын тағы да көріп отырмыз. Бұл нағыз көшпенділердің менталитеті: оларға келген қонақ сол үйдегі ең маңызды адамға айналады. Бұл генмен беріліп, анасының сүтімен бойына сіңген. Қазір қарапайым адамдардың көмектесіп жатқанын көріп отырмыз. Біреуі бөтен адамдарға базардан азық-түлік әкелуге көлігін бергенін білемін.
Адамдар Қазақстанға келеді. Неге екені біз үшін маңызды емес. Олар қиын кезеңге тап болды, қазақ халқы да, Қазақстан халқыны бір бөлігі ретінде корейлер де оларды қиындыққа тап болған соң, [керек болған соң] жай ғана қабылдап жатыр.
Газет редакциясында әртүрлі ұлт өкілдері жұмыс істейді. Бір орыс журналистің үйіне бұрынғы көршілері келген. Бұрын олар Новосібірде тұрған. Ресей азаматы болған. Қызы тұрмысқа шыққан, ал күйеу баласы әскер жасында болған соң, кетуіне тура келген. Алматыдан пәтер таба алмаған. Сонда біздің журналист "бұрынғы көршілеріміз ғой. Жұмыс пен тұрғын үй тапқанша үйімізде тұра беріңдер" депті. Көршілерін үйіне кіргізген, сонда тұрып жатыр.
Иә, тарих қайталанып жатыр. Тағы да трагедия, тағы да Қазақстан азаматтары корейлерге көмектескендей қол ұшын созып жатыр.