- Мұрны сынған, бет-жүзін тану мүмкін емес, - дейді Саодат Солехова шілденің 9-ында Азаттық тілшісіне 34 жасында түрмеде өлген ұлы Неккадам Солеховтің мәйітіндегі ұрып-соғу нышандарын сипаттап отырып.
Шілденің 7-сінде Тәжікстанның прокурорлары Солеховпен бірге жалпы саны 14 тұтқынның жазасын өтеушілерді таситын көлік ішінде астан уланып өлгенін мәлімдеген.
Саодат Солехова экстремизм айыбымен 13 жылға сотталған ұлын Душанбенің түбіндегі Варзоб атты туған ауылының зиратына жерледі.
Басқа түрмеге ауыстыру кезінде Солеховпен қатар өлді деп сипатталған қалған 13 адамның да ылдым-жылдым өткен жаназаларын жергілікті билік пен қауіпсіздік өкілдері қадағалап жүрді.
Қаза болғандардың туыстары Азаттыққа билік органдарының журналистерді жаназаға қатыстырмағанын айтты.
Кейбір қаза тапқан тұтқындардың туыстары мәйіттен ұрып-соғу белгілерін көргендерін айтып, биліктің ресми мәлімдемесіне шүбә келтіреді.
Түрмеде өлген бір тұтқынның анасы Азаттыққа ұлының "денесінде сау жер қалмағанын" айтты. Оның мәйітін түрме әкімшілігі шілденің 8-інде табыстаған.
Ресми хабарға сәйкес, түрме күзеті 128 тұтқынды елдің солтүстігіндегі Соғды облысындағы қамау орнынан Душанбе мен оңтүстік аймаққа көлікпен әкетіп бара жатқан кезде жазасын өтеушілер астан уланған.
Прокурорлардың айтуынша, тұтқындардың бірі 16 жазасын өтеушіге үш бөлке нанын бөліп берген соң 14-і тіл тартпай кеткен де, үшеуі тірі қалған.
ЖЕДЕЛ ЖАНАЗА
Душанбенің батысындағы Багалак ауылында туыстары экстремизм айыбымен сотталған 42 жастағы Валиджон Одинаевты жерледі.
Одинаевтың туыстары биліктің журналистермен сөйлесуге тыйым салғанын айтып, Азаттыққа пікір білдірмеді. Бірақ бір жақын адамы аты-жөнін жарияламауды өтініп, өлген адамның беті көгергенін, желке тұсына "балғамен ұрғандай" жарақат түскенін айтты.
Отбасы мәйітті түскі сағат 13.00 кезінде алған. Жай киім киген бірнеше билік өкілі жаназаны бақылап, туыстарынан Одинаевтың мәйітін тез жерлеуді талап еткен.
Билік өкілдері Багалактағы жаназаны көруге барған Азаттық тілшілеріне сол маңнан дереу кетуді бұйырды.
Душанбе түбіндегі Гулбутта ауылының тұрғыны Хасан Абдурахмонов түрмеде шетелдік террорлық ұйымға қосылмақ болды деген айыппен 12 жылдық жазасын өтеп жатып өлген 22 жастағы ұлы Абурахмонды жерледі.
Абдурахмоновтың сөзінше, шілденің 8-інде бірнеше полицей ұлының мәйітін алып келген, бірақ денесін тексеруге рұқсат бермеген.
Худжандтан Душанбеге тасымалдау кезінде өлген тұтқындардың ешбірінің туысы министрлікке арыз түсірген жоқ.Тәжікстан ІІМ өкілі
Әкесі ұлының жаназасын шығарудан бұрын бақұлдасуға бес-ақ минут мұрсат алған. Ол мәйітті тексеріп шығатындай уақыт берілмегенін айтса да, ұлының астан уланып өлгеніне көзі жетпегенін айтады.
Азаттықтың Тәжік қызметі Тәжікстанның билік орындарына сұрау салғанымен жауап ала алмады.
Өлген жазасын өтеушілердің денесіне түскен зорлық-зомбылық белгілері туралы шілденің 9-ында сұрақ қойылғанда Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің өкілі Умарджон Эмомали:
- Худжандтан Душанбеге тасымалдау кезінде өлген тұтқындардың ешбірінің туысы министрлікке арыз түсірген жоқ, - деп жауап қатты.
БАСҚА ТҮСІНІКСІЗ ӨЛІМ-ЖІТІМ
Тәжікстан билігі түрмеде түсініксіз жағдайда өлгендердің аты-жөндерін, жастары мен туған жерлерін жариялады. Бірақ не үшін сотталғандары туралы мәлімет жоқ.
Бас прокуратура бір жылға толар-толмаста екі мәрте түрме тұтқындары жұмбақ жағдайда қаза болған соң бұл оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
Мамырдың 19-ында Душанбеден 15 шақырым қашықтағы Вахдат ауданында тұрған түрмеде "бүлік шығып", үш күзетші мен 29 тұтқынның өлгені белгілі болған. Олардың арасында оппозиция мүшелері де бар еді.
Былтыр қараша айында Худжант шаһарындағы қатаң режимде түрмеде қақтығыс туған. Ресми өкілдер жанжал кезінде 21 тұтқын мен екі күзетшінің өлгенін айтқан.
Тәжікстан үкіметі бұл екі бүлікті ұйымдастырған ДАИШ екенін айтып, экстремистерді кінәлаған.