Тәжік-ауған шебінде қақтығыс жиіледі

Тәжік-ауған шекарасындағы Тәжікстан әскері. 7 наурыз 2016 жыл.

Наурыздың 5-і күні наурызда Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасында жүргізген қауіпсіздік операциясы 25 жылдан бері күн құрғатпай қақтығыс болып келе жатқан бұл аймаққа қайта назар аудартты.

Тәжікстан шекара қызметі сарбаздары мен Ауғанстаннан келген қарулы топ арасында болған атыстан тәжікстандық шекарашы мен ауған содыры қаза тапты. Көктем шығып, күн жылынғалы Ауғанстанның Тәжікстанмен шектесетін солтүстік-шығыс аймағына бекінген қарулы жасақтар белсенді бола бастаған. Осы күндері Ауғанстанның Бадахшан, Тахар және Құндыз аймақтарында мазасыздық байқалады.

Онсыз да беймаза аймақтағы жағдай бұрынғыдан да күрделеніп бара жатқанға ұқсайды. Дегенмен ауған үкіметінің қауіпсіздік саласына жаңа көзқарасы аймаққа бақылауды күшейтуге жәрдемдеседі деген де үміт бар.

Азаттықтың Түркімен қызметі тәжік-ауған шекарасындағы ахуалға байланысты талқылау ұйымдастырды. Сұхбатқа Душанбеден тәуелсіз саяси сарапшы Рашид Ғани Абдулло мен Прагадан Азаттықтың Пәкістан қызметі директоры Әмин Мудақиқ қатысты.

ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР МА, СОДЫРЛАР МА?

Алдымен шекарадағы қақтығыс сөз болды. Шекарада болған жайтқа қатысты бірнеше долбар бар. Рашид Абдуллоның айтуынша, «есірткі тасымалдаушылар мен шекарашылардың қақтығысып қалғаны» жөніндегі алғашқы ақпаратты Тәжікстанның шекара қызметі таратқан. Алайда ауған үкіметінен жеткен мәлімет бойынша [Тәжікстанның] ұлттық қауіпсіздік [комитеті] шекара бұзғандардың «Талибан» содырлары екенін айтқан» деді Абдулло.

Ал наурыздың 9-ы күні Құндыз қаласындағы журналиспен тілдесіп, тың мағлұмат алған Әмин Мудақиқ «[Тәжік] әскері «Талибан» содырларын Әмудария өзенінің даулы аралдары орналасқан жағасына қарай тықсырған. Үкімет күштерінің артиллериялық қару қолданып, танкпен атқылауынан сескенген кей содырлар сондағы шағын аралға бас сауғалаған. Тәжік шекара күштері оларды бергі жағадан байқап, тікұшақ жіберіп, әуеден бомбалаған» дейді.

Қарулы адамдардың есірткі тасымалдаушылар, я содырлар екені анық емес. Дегенмен сарапшылар «бұлардың екеуі де болуы мүмкін» деген болжам айтты. «Есірткі тасымалдаушыларды әдетте «Талибан» жасақтары алып жүреді, олар есірткі тасымалдаушылардың сол аймақтағы қауіпсіздігіне жауап береді» дейді Мудақиқ.

Бұдан соң тәжік және ауған қауіпсіздік күштерінің арасындағы әріптестік жайы талқыланды. Сарапшылар екі мемлекеттің бұдан 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді әрекеттесіп отырғанын айтты. Дегенмен әлі де бірлесіп атқарар шаруа жетерлік.

Абдуллоның айтуынша, тәжік жағы шекарада төтенше жағдай бола қалса, Ауғанстанда кімге хабарласу керек екенін білмей қиналады. «Онда дала командирлері көп. Маңайына 10, 20 не 50 адамды жинай алатын кез келген адам өзін «заңды билік иесі» санайтын елде ақпарат алмасатын тарапты анықтаудың өзі қиын» деді сарапшы.

Ал Мудақиқтың айтуынша, шекарадағы соңғы оқиға кезінде ауғандар тәжіктерге алдын ала хабар берген. «Бірақ [тәжік жағы] бұған мән бермеген» дейді ол. Осы күні ауған күштері елдің солтүстік-шығысындағы ахуалға ерекше назар аударып отырса керек.

Мудақиқтың айтуынша, былтыр қыркүйекте «Талибан» содырлары аз уақытқа Құндыз қаласын басып алған соң Ауғанстан үкіметі солтүстік-шығыстағы күштерін қайта жасақтаған.

- Құндыз қаласы қоршауда қалған соң ауған үкіметі солтүстік-шығыс өңірінде жаңа орталық басқарма құрды. Памир полиция басқармасы да, Ауғанстан әскерінің 20- дивизионы да қазір Құндызда тұр. Бұл әскери құрылымдардың екеуі де Бадахшаннан Құндызға дейінгі аралыққа бақылау жасайды, - деді Ә.Мудақиқ.

РЕСЕЙ ӘСКЕРІ АЗАЙЫП ЖАТЫР

Өткен жылдары тәжік-ауған шекарасындағы қатер күшейіп бара жатқанын айтып келген Ресейдің бұл аймаққа назары қатты ауып отырмаған сияқты.

1991 жылы СССР ыдырағалы Ресейдің 201-дивизионы Тәжікстанда қалған, тіпті 2015 жылдың соңында Мәскеу мұндағы әскер санын көбейтетінін де айтқан. Алайда биыл қаңтардың соңында Ресей Тәжікстандағы сарбаздарының санын азайтынын хабарлады. Былтыр Ресейдің 201-дивизионы Тәжікстандағы үш базасының бірі - ауған шекарасына ең жақын орналасқан Кулоб әскери базасынан кеткен болатын.

Мұның алдында Ресейдің Ауғанстандағы елшісі Ресей үкіметі өкілдерінің 2015 жылғы жазда Кулоб базасында Ауғанстанның солтүстігінен келген «Талибан» жасақтарының өкілдерімен бірнеше рет кездескенін растаған.

Тәжіксанның тәуелсіз Asia-Plus ақпарат агенттігі желтоқсанның 29-ы күні жариялаған мақаласында Кулобта ресейліктермен кездескендердің бірі – Ауғанстанның Тахар аймағындағы Дарқад ауданын бақылауында ұстап отырған командир Қари Дінмұхаммед Ханиф болғанын хабарлады. Мақалада ауған үкімет жасақтарының Дарқад ауданын «Талибан» қозғалысынынан қайтарып ала алмай отырғаны айтылады. Оның себебі «содырлар Ресей қаруларын пайдаланады әрі бұл өңір Ресейдің «Талибанмен» байланыс орнататын аймағы болып қалып отыр» деп жазды ақпарат агенттігі.

Абдулло Ресейдің Тәжікстандағы әскер санын азайтуына Сириядағы ұрыстың қатысы бар деп санайды. «Олар қысқа мерзім ішінде Ресейден [Сириядағы] негізгі әуе базасына көп сарбазды жеткізе алды. Мүмкін, олар Тәжікстанда бұрынғыдай көп сарбаз ұстаудың қажеттігі жоқ деп санайтын шығар» деді сарапшы. Ресей көп әскер ұстағанның орнына әскери базаны ғана сақтап, «Тәжікстан өтініш айтқан жағдайда» ғана жауынгерлері мен құрал-жабдығын шұғыл жеткізуді жөн көреді» дейді Абдулло.

Your browser doesn’t support HTML5

Дөңгелек үстел: Тәжік-ауған шебінде қақтығыс жиіледі (ағылшын тілінде)

Брюс Панниердің материалы ағылшын тілінен аударылды.