Тамыз аяғында Шымкентте 39 жастағы Раушан Перманова кісі қолынан өлді. Полиция марқұм үш ай бірге тұрған азаматты жалғыз күдікті ретінде тергеп жатыр. Туыстарының сөзінше, күдікті Раушанды мойнынан, жүрегі мен аяғынан пышақтаған. Раушанның артында кәмелет жасына толмаған екі қызы қалды.
Раушан биыл наурызда 50 жастағы азаматпен мұсылманша некеге тұрады. Екі қызымен ерте жесір қалған әйел мұны "бақытым шығар" деп ойлаған.
Бірақ көп өтпей тұрмысқа сәтсіз шыққанын түсінеді. Күйеуі Раушанды жұмысынан шығарып алады. Туыстарымен араласуға тыйым салып, телефонын да бермейді. Күйзелген қызын үш айдан соң шешесі мен ағасы үйіне алып келеді.
Раушан ес жиып, қыркүйектің онында қырыққа толған туған күнін жасауға әзірленіп жүрген. Сыныптастарына, туыстары мен әріптестеріне шақыру да жібереді.
Бірнеше күннен соң олардың бәрі Раушанның қазасына көңіл айтып келді.
ЖОҚТАУ
Шымкент шетіндегі ықшам аудан. Жел қара жолдың шаңын көтереді.
Жол бойындағы құрылысы бітпеген, қақпасы биік үйде Раушан екі қызы, әке-шешесі және аға-жеңгесімен тұрған. Есікті Раушанның шешесі Нафиза апа ашты.
Есік алдында жаназа кезінде қойылған орындықтар тұр. Қонақ бөлмедегі теледидар бетіне мата жабылған.
Төргі бөлмеде дастарқан жаюлы. Раушанның қазасына көңіл айтқан адамдар әлі келіп жатыр.
62 жастағы Нафиза Қыстаубаева қазадан әлі ес жимаған. Раушанның екі қызын құшақтап тұрған, тойда отырған, туыстарымен түскен суреттерін кезек-кезек ауыстырып, жылай береді.
Раушан Нафиза апаның екі баласының кішісі еді. Оның алдында екі жас үлкен ағасы Ержан бар.
— Раушаным мектепте жақсы оқыды. Кейін технологтың оқуын бітірді. Еркелетіп өсірдік. 22 жасында сүйген жігітіне тұрмысқа шықты, — дейді Нафиза апа. — Бірінші күйеуімен керемет тұрды. Ол күйеуі алтын адам еді. Алақанына салып өтті.
Күйеу балам Айдос үйленерде: "Мама, Раушанды қалай еркелетесіз?" деп сұраған. "Сары қыз" деп еркелетуші едім. "Әй, сары қыз, сары қыз, мамасына дәрі қыз" деймін. Айдос та Раушанға "сары қыз" дегеннен артық сөз айтпады.
Бір күні ұйықтады да, қайта оянбады. Жүрек талмасынан қайтыс болды. Қызым 29 жасында 4 және 6 жасар екі қызбен жесір қалды. "Перманова" деп күйеуінің фамилиясын алып еді. Сол тегімен қалды.
Раушан күйеуінің қазасынан соң қатты қиналды. "Айдос келіп тұр. Қасымда жүр. Алдымда жүр. Артымда жүр" дейтін. Түсінен де кетпеді. Бір жыл бойы қызымды аяқ жағында күзетіп жаттым. Бірдеңеге ұшырай ма деп қорықтым. "Мама, Айдостың демі бетіме тиіп жатыр" дейтін. "Келіп тұр, келіп тұр" деп сандырақтайтын.
Бір жыл үйде болып, ес жиған соң дәріханаға сатушы болып кірді. "Екі қызымды өзім бағып-қағамын" деді.
Раушанның мінезі салмақты, қылтың-сылтыңмен ісі жоқ еді. Үйде жадырап жүретін.
Нафиза апа телефонын ұзақ ақтарып, үйде түсірілген бір видео қойды. "Шаршама, тек шаршама" деген ән ойнап тұр. Апаның өзі, баласы мен немерелері билеп жүр. "Кешке тамақ ішіп алған соң көңіл көтерейік деген кез". Балалардың ортасында билеп Раушан да жүр. Видеоны көріп отырып, Нафиза апа тағы жылады.
ТАНЫСУ
Биыл 8 наурызда Раушан шешесінен сұранып, дәріханадағы әріптес келіншектермен кафеге барады. Кешке үйге гүл құшақтап келеді.
— "Ойбай, гүлің не?" деп едім. "Бір кісімен таныстым. 50-де екен" деді. "Сөзіңді бердің бе не?" деп шошып кеттім. "Жоқ, ештеңе демедім, ойланамын. Бірақ сөйлеп қалған кісі, бетінде алапесі бар. "Бірінші әйеліммен он бес жыл тұрдым, бала болмады, екінші әйеліммен ажырастым. Жағдайым бар, бақытты басыңа құямын" дейді. "Айта береді, айналайын, қоя тұр" дедім. Сонымен қойды, — дейді апа.
Раушан мен Саматтың (есімі өзгертілді — ред.) таныстығы осылай басталған.
Самат Раушанды күнде жұмысына апарып, қайтарда үйіне әкеліп тастайды. Телефонына жиі хабарласады.
— Қыр соңынан қалмады, — дейді Нафиза апа. — Қызым "Мама, бақытым шығар. Оқыған кісі екен. Көз ашық. "КНБ-да істедім, "Темірбанкте" істедім, қазір бизнестемін. Екі қызыңды оқытып-тоқытамын, бақытты қыламын" деді. Ағамның қолына қашанғы қарап отырамын? Өзінің де денсаулығы жоқ. Бала-шағасын бақсын. Менің 80 мың теңге айлығым қыздарыма жетпейді. Грантқа түсе алмаса, қалай оқытам?" деді.
"Қызмет істеген, ақыл тоқтатқан кісі болса, құдай бағыңды ашыпты ғой, мейлі, қызым" дедік. Бәріміз рұқсатымызды бердік.
Саматтың өзі Раушанның әке-шешесінің алдынан өтпеген. "Көрейік деген ой болмапты. Ол да келейін демеген".
Раушан мен Самат бір аптадан соң, 16 наурызда мешітке барып, некесін қидырады. Нафиза апаның сіңлісі мен келінін куә ретінде алдырады.
Ертеңіне Раушан жұмыстан келіп, киімдерін жинайды.
— "Сыртта Самат күтіп тұр" деп, заттарын асығыс алып кетті, — дейді апа. — Әкесі батасын берді. Бәріміз құшақтап шығарып салдық.
ЖҰБАТУ
Некесін қидырған екі аптадан кейін Нафиза апа күйеу баласын есік көрсетуге шақырады.
Үстелде Самат Раушанның қолынан ұстап отырады. Апа Саматтың әңгімесін тыңдап отырып, "сөйлеп қалған ашық кісі екен" деп ойлаған.
Бірақ күн өткен сайын Раушанның хабарласуы сирей береді. Қонаққа да келмейді.
15 маусымда Нафиза апаға Раушанның дәріханадағы әріптесі хабарласады.
— "Апа, біз Раушанды оқуға жіберейік десек, қызыңыз бас тартып жатыр" деді. Жұмыстан шығамын деп жүр екен, — дейді апа. — "Жаз оқуға. Барады. Шықпайды жұмыстан" дедім.
Әңгіме кезінде әріптесі Самат туралы да айтады. Оның сөзінше, күйеуі Раушанға жұмыста бәрінің көзінше бір-екі рет дөрекілік көрсеткен.
— "Сағатқа қарап отырады да, алты болса, "кассаны жап, кеттік" дейді". Қорыққанынан бастықтары жібере салады екен, — дейді. — "Апа, жұмыста ешқайсымыз телефон ұстамаймыз. Бірақ біз Раушанды уайымдап, қолына беріп қойдық телефонын. Күйеуі сағат сайын хабарласып, "Не істеп жатырсың? Көрсет" деп тыныштық бермейді. Мына күйеуі "не-то". Қызыңыздың басы айналып қалған" деді.
Шыдай алмадым. Раушан жұмыс істеп жүрген дәріханаға бардым.
Қызымның жүзі солып, азып кетіпті. Біртүрлі болып тұр. "Қызым, сен басына бақ құйылып жатқан адамға ұқсамайсың" дедім. "Менің жүрегім ауырып тұр саған қарап. Неге жұмыстан шығамын деп жатсың? "Жұмыстан шығармаймын, істей бересің" деп еді ғой басында. "Жұмыстан кетпе, кетсең, сол байдан кет" дедім.
"Шаршадым, мама. Азаннан кешке дейін аяқта тұрамын. "Асыраймын" деп отыр ғой, "сен айына алатын 80 мың теңгені мен саған күнде беремін" деді. "Сенің түрің оған ұқсап тұрған жоқ қой, қызым… Ренжимін жұмыстан шықсаң" дедім. "Мама-оу" деп мені құшақтап, қысып-қысып, "өйтіп ренжімеші, іздеген бақытым осы еді ғой" деді.
Мен жылап-жылап үйге қайттым.
Самат Раушанды сол күні жұмыстан шығарып алады. Әріптесінің айтуынша, күйеуі басшылыққа "кетем деген адамды қинап ұстай алмайсыңдар" деп ұрысып, Раушанға арыз жаздырып, әкетіп қалған.
ОРАЛУ
Жұмыстан шыққан соң Раушанның төркінімен байланысы тіптен сиреген. Бір күні Раушан анасына күйеуінің нөмірінен хат жазады.
— "Осы нөмірге жазып, хабарласа беріңіздер, мама" деп жазып жіберіпті, — дейді апа. — "Әй, Самат, неге Раушан телефон ұстамайды?" десем, "Мама, екеуміз бір үйдеміз, екеуімізге бір телефон жетеді. Раушанның kaspi картасы бар екен, сол үшін алдым, маған хабарласа беріңіз, телефоным соның қолында ғой" деді.
Раушан тұрмысқа шыққанда екі қызы апасының қолында қалған. Үлкені Құралай — университтетте, екінші қызы Әсемай 9-сыныпта оқиды. Нафиза апа екі жиен немересін "шешелеріңді көріп келіңдерші" деп жіберіп тұрады.
— "Өзінің телефоны болмаса да, сендердің телефондарыңмен жағдайын айтсыншы маған. Қызыммен сөйлесе алмай, ішім толып өлдім ғой" деп, екеуін жіберем. Шай ішіп, біраздан соң үйге қайтып келетін, — дейді апа. — "Қалғанда не істейміз? Ана кісі бәрібір мамамызбен сөйлестірмейді" дейді. "Екеуің ана жерге барып, теледидар көре беріңдер" деп, өзі маманың қасынан шықпай жүреді" дейді.
Нафиза апа 3 шілдеде төрт жыл бұрын қайтыс болған немересі Кәусардың рухына құран бағыштап, ас береді. Кешкі жетіде ағайынның бәрі жиналады. Раушан мен Самат екі сағат кеш келеді.
— Раушанды көргенде бәріміз шошып кеттік, — дейді апа. — Жүдеп, шашы ағарып кетіпті.
Самат әулеттегі ер кісілердің, Раушан үлкен апаларының жанына отырады.
Самат ерлермен сыртқа шығып кеткенде Раушан жетпіске таяған апасының біріне: "Апа, мені құтқарыңыздаршы. Қатты қателесіппін" деп сыбырлап үлгереді.
Абысыны Нафиза апа мен Ержанға мұны қонақтар тарқаған соң айтады.
— Ертеңіне балам Ержан, қайын сіңілім Ләззат, қайным Бақытжан, төртеуіміз Саматтың үйіне бардық, — дейді апа. — Есігін қақтым. Камера қойып тастапты. Торғай да өте алмайды ана үйдің қақпасынан. Үлкен-үлкен үш иті бар. "Иттеріңді құрт" дедім.
Раушан ас үйде жүр екен. "Болды, қызым. Жинал, қайтасың" дедім. Раушан үндемей бетіме қарап тұрып қалды. "Бол" дедім. "Қайын сіңлім "Киімдерің қайда, жинайық?" деді. Күйеубала "Не болды, мама? Бәрі жақсы еді ғой" деп қояды. "Қой, миымды ашытпа, сөйлеме" дедім.
"Телефоны қайда?" деп едік, Самат "қазір" деді де, жоғарыдан әкеп берді. Ұрысқан да жоқпыз.
Кетіп бара жатсақ, Саматтың кәрі шешесі үйден сәл әрі тұрған сарай алдында отыр екен. Раушан маған "Мамамен қоштасайыншы, мені қарғамасын" деп енесіне қарай кетті. "Неге қарғайды екен?" деп аң-таңмын. Енесі Раушанның қолынан, маңдайынан сүйді.
Үйден шығарда Самат Раушанға бір зат ұстатқан екен. Оны Ләззат байқап қалыпты. Көлікте "Жаңа Самат қолыңа сап-сары не ұстатты?" деп сұрады. Раушанның жәрдемақы мен айлық алған банк картасы екен. Барған күні-ақ алып қойыпты. Раушан қыздарына 53 мың теңге жәрдемақы алатын. Жұмыстан шығарда айлығы түскен. Еңбек демалысының ақысы деп, жұмыс орны 210 мың теңге берген. Бәрін Самат алыпты. Картасын тексерсек, 53 тиын ғана тұр.
Раушан үйіне бара жатып шешесіне не көргенін айтып береді. "Тамақ істеп тұрсам, ас үйден кетпей, қасымда тұрып алады. Тамақты енем үшеуіміз бірге ішеміз, бірақ ешкім сөйлемейді. Самат енеммен де сөйлестірмейді. Қасықтың тықыр-тықыр еткен даусы ғана шығып тұрады" дейді.
Мен мамырда үлкен қызының соңғы қоңырауда түскен суреттерін жібергем. Хат жазып тұратынмын. Аудио жіберемін. Самат Раушанға соның біреуін де көрсетпепті.
Раушан "телефоным қолыма енді тиді" деді. "Азанда-кешке төбеден телефонның даусы шыр еткенде сіздің хабарласқаныңызды білемін, мама. Бірақ ешкіммен сөйлестірмеді" дейді.
Өткенде біздің үйге құдайы тамаққа келе жатқанда Раушанға "Үйіңде ешкіммен әңгіме айтып отырмайсың. Тура 40 минуттай отырасың да, үйге қайтамыз" депті. "Қайтыс болған Кәусардың атымен ант ет" деп сөзін алыпты. "Жаман, мама, жаман оның сөздері. Айтпай-ақ қояйыншы" деді қызым. "Ештеңе демей, айтқанына келісе бердім. Әйтеуір сіздерді көруім керек болды" деді.
"Мұндай киім кимейсің" деп көйлектерін өртеп тастапты. Жеңі ұзын екі-ақ көйлегін кигізген. Үйден бір дорба киіммен кетіп еді. Бір пижамамен алып қайттық.
Үйге келгенде қызым жадырап, қатты қуанып жүрді. Қызым "Мама, Самат "осыдан кетсең, артыңнан бармаймын" деген. Уайымдамаңыз" деді. "Айналайын, құрысын, мына екі қызыңа ие болып, үйде отыра бер" дедік. "Болды-болды, мама. Көрмегенім сол болсыншы" деді.
ЕСТІРТУ
Нафиза апа базарда ет сатады. Күнде жұмысқа ерте шығады. 31 тамызда әдеттегідей жұмысына жиналып, ас үйге кіргенде қолына дәптер мен қалам ұстаған Раушанды көреді.
— Таңертеңнен мәз болып туған күніне шақыратындардың тізімін жасап отыр екен, — дейді апа. — Түнде тойдан келсек, аға-жеңгесімен ақылдасып, 10 қыркүйекте есік алдына стол қойып, қырыққа толғанына дастарқан жаятын болыпты. "Ұйықтай алмадым. Түнде сыныптастарыма хат жіберіп қойдым" деп күлді. Жеңгелерінің бәріне таңғы сегізде жазып жіберіпті. Бөлелерін де шақырған. "Ана жиеніңді қос" дедім. "О-о-ой, мама, бұлай туған күнге дейін жүз адамға жеткізесіз ғой!" деп күлді. "Кофе демдеп берейін бе, мама?" деді. "Жарайды" дедім. Ішіп алып, жұмысқа кеттім.
Күндіз сағат үш шамасында Нафиза апаға Раушанның үлкен қызы Құралай хабарласады.
— "Апа, мама бағана он екі жарымда аудио жіберген. "Жаттығудан келе жатырсың ба? Университеттегі ағайың бір анықтама сұратқан. Соны алуға бара жатырмын. Қасымда Самат бар" деді. Содан бастап телефоны өшірулі" дейді. "Мамамды таба алмай жатырмын" деп жылап тұр. Мен шошып кеттім, — дейді апа.
Нафиза апа Самат пен Раушанға кезек-кезек хабарласады. Екеуінің де телефоны өшіп тұрады. Раушанға хат та жібереді. Онысы бармайды.
— Саматтың жалғыз әпкесі Сәулені танимын. Соларға да қайта-қайта хабарласамын. Үштен қырық кеткенде Сәуленің күйеуі алды. "Сәуле де, шешесі де мына жақта жүрегі ауырып, құлап жатыр. Мен жедел жәрдем шақырып жатырмын" деп тұтқаны қоя салды, — дейді апа. — "Жедел жәрдемі несі?" деп аң-таңмын. Саматтың шешесінің қан қысымы жоғары еді, содан шығар дедім. "Бұларға не болды?" деп, бес минуттан соң тағы хабарластым. Алмайды. Қайта-қайта хабарласа бердім. Бір кезде тағы Сәуленің күйеуі алып: "Біз ештеңе білмейміз, полициядан хабарласты, екі інім хабарын білуге кетті" деді.
Мен дереу Ержанға хабарластым. "Балам, тез кел маған, Құралай мұнда мамасын таппай, жылап отыр. Раушан Саматпен кеткен екен. Жездесі "полициядан хабарласты" дейді. "Мына жақта бірнәрсе болып жатыр" дедім. Көлікпен ұшып Сәуленің үйіне бардық. Есігін жездесі ашты. "Не болғанын білмеймін, інілерім әлі келмеді" деп тұр. "Неге кетті олар полицияға?" дедім. Жауап бермейді.
Ержанның полицияда істейтін досы бар еді. "Қарындасымды таппай жатырмын" деп соған хабарласты. "Қазір мен білейін" деді. Мен Сәулелермен іште айқайласып тұрмын.
Бір кезде сыртта тұрған Ержан "Мама!" деп бақырып жіберді. "Мама, маған Бақыт хабарласты. "Ержан, бекем бол, бекем бол, жаман-жаман…" деп айтты" деді. "Жаманы нес, ойбай!"
Үйімізге бардық. Ержанның достары келе бастады. Бақырып "Не болды? Не болды?" деп сұраймыз. "Пышақтапты" деді. Одан бетер ойбайлап, секіріп, шыңғырып, талып, есіміз шықты. Есік алдында бәріміз құлап жатырмыз. Құралай "өлтірем Саматты" деп айқайлап жылады.
Ержанды полицей достары алып кетті. Мәйітханадағылар Раушанды "екі минутта өлген" депті. "Төрт рет мойнынан пышақтап, күретамырын қиған, бір рет — жүрегінен, бір рет балтырынан пышақтаған" дейді апа.
Қайтыс болғаны туралы куәлікте Раушан Перманова "мойнындағы көп жарақаттан қаза болған" деп жазылған.
31 тамызда ішкі істер министрлігі Шымкентте 50 жастағы азамат "бірге тұрған әйелді қызғаныштан өлтіріп, полицияға өзі берілді" деп хабарлады. Министрлік "азамат қылмысын мойындағанын, қамауға алынғанын" жазған. Іс адам өлтіру бабымен тергеліп жатқаны айтылады.
ЕРЖАН
27 қыркүйекте Шымкентте айрықша кептеліс болды. Біз марқұм Раушанның ағасы — Ержанмен көлікте отырмыз. Орталық көшелерде бағдаршам сөндіріліп, жолды реттеу полицияға тапсырылған. Бұл күні қалаға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келген еді.
Ержан "қолдан жасалған кептеліске" ашуланып, орамалымен қайта-қайта терін сүртеді.
Бағытымыз — Саматтың үйі.
42 жастағы Ержан Қыстаубаев — ірі денелі, қара торы кісі. Бұрын банкте инкассатор болып істеген. Кейінгі жылдары ішіне бірнеше рет ота жасалып, жұмысқа жарамай қалған. Екінші топ мүгедегі. Ержан мен Раушан тете өскен.
— Мен десе, бәрін істейтін. "Ержан-Ержан" деп, ауырсам қарап, уайымдап… Анау "слабый" жерін тауып алған сияқты, сук*. "Кетсең ағаңа бірдеңе істеймін" деп қорқытқан-ау, — дейді Ержан. — Раушан бұрын ешкімге ақысын жібермейтін. Осыған барды да, мүләйімсіп қалды. Үйге қонаққа келгенде сұрадым. "Раушан, не істеп қойды бұл саған? Айтсайшы. Қатты өзгеріп кеттің ғой? десем", "Жоқ-жоқ-жоқ, бәрі жақсы бізде" деп Саматқа шаң жуытпайды.
27 тамызда таңертең Раушан үйдің чатына хат жазды. "Біз қыздардың ата-апасымен амандасуға барып келейік. Ертең қайтамыз" деп жазып жіберді. Марқұм күйеуінің әке-шешесімен әлі араласып тұратын. "Жарайды" дедік.
Негізі сол күні не болғанын екі қыз Раушанды жерлеп болған соң айтты ғой. Олар бізге хат жазғанда Саматтың көлігінде отырған екен. Сосын Самат үшеуін Біркөлікке апарыпты. Сонда тамақ ішіп отырғанда Раушанмен туған күні туралы сөйлесуге бір сыныптасы хабарласады. Самат оны көріп, Раушанды жұлқылып, сүйреп көлікке апарады. Көлікте екеуі айқайласып жатады.
Қыздар жүгіріп барып, есікті ашып қалса, Самат қолына пышақ ұстап алыпты. Екеуі шыңғырып жібереді. Самат сосын Раушанның сыныптасына хабарласып, "Қазір өлтірем, қайдасың сен?" деп боқтайды. Қыздар "қалаға дейін көлікті ұшырып айдады, қорқып отырдық" дейді. Самат үшеуін өзінің үйіне апарыпты. Ұрысқан, айқайласқан.
Раушан екі қызбен Саматтың үйінен бір келісіммен шыққан-ау. Таңертең үшеуі ештеңе болмағандей үйге келді. "Ауылдан келдік, бәрі жақсы екен" деді.
Қыздарға "неге осыны ертерек айтпадыңдар?" десем, "Мама "ағаларыңа айтпаңдар" деп айтты" дейді. Құралай Раушанды сол үшін жылап іздеген ғой. Машинада пышақ барын көрген.
Бізбен бірге тұратын Раушан қызына анықтама алуға ЦОН-ға бармақ болып, баламнан телефоннан ЦОН-ға баратын автобус қайда келе жатқанын көріп беруді сұрады. Үй жаққа келіп қалғанын естіп, "автобусқа үлгерем" деп жүгіріп шығып кетті. Самат Раушанды сол кезде аңдып жүріп есік алдында ұстады ма, ЦОН жақта ұстады ма — білмейміз.
Ержан осыған дейін тергеушімен үш рет кездескен. Тергеуші Самат жазған түсініктемені де оқып береді.
— "Раушан екеуміз ерегісіп қалдық. Маған қарсыласты. Мен қызғаныштан пышақ ұрдым" депті. Шешесі мен әпкесіне хабарласып, "келіндеріңді өлтіріп қойдым" деген. Інісін шақыртып алған. Көлікте кейін ол да отырған. Раушанның денесін артқы орындыққа салып, қаланы аралап жүрген. Сосын үй жағына барып, Самат 102-ге хабарласқан, — дейді Ержан. — Оқиға болған күннің ертеңіне Ерсұлтан деген тергеушіге кірдім. Ол бірден "Мен ақшаға сатылмаймын. Әділ тергеймін" деді. "Бұл неге бұлай деп жатыр?" деп ойланып қалдым. "Бұл іс денсаулыққа қасақана зиян келтіру деген бапқа келіп тұр. 106-бап" деді. Ол бойынша 3-8 жылға дейін соттайды екен.
Қанша уақыт өтсе де, бізден жауап алуға полициядан бірде-бір адам келмеді. Бұлар неге созып жатыр деп күмәндана бастадық. Шымкенттік адвокат Айгүл Орынбекті шақырып, видеоүндеу жаздық. Видеода мамам "тергеуші Саматтың жазасын жеңілдетуге тырысып жатыр ма деп күдіктенетінін" айтты.
Видео шыққан соң тергеуші күрт өзгерді. "О бастан 99-баппен тергеп жатырмыз. 106-бап дегенді айтқан жоқпын" деп шықты. Мені "на месте" жынды қылып тұр. "106 деген бап барын сен айтпасаң, мен білмеген де екенмін" дедім. Бой бермеді.
Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының тергеушісі Ерсұлтан Тағайбай мұндай әңгіме болғанын жоққа шығарды. "Сіздерге қате ақпарат жеткен" деді. Шымкент қалалық полиция департаменті редакция сауалына "Раушан Перманованың қазасы бойынша қылмыстық іс адам өлтіру бабымен тергеліп жатыр. Тергеу кезінде бап өзгертілмеді" деп жауап берді.
САМАТ
50 жастағы Саматтың үйі қаладағы "Айқап" ықшам аудандағы ұзын, тар көшенің жоғары жағында. Екі қабатты үлкен үйдің қақпасында камера тұр. Терезелеріне тор қойылған. Үйдің қоңырауы шылауланып кеткен. Есікті ешкім ашпады.
Бір үй жоғары тұрған көршілері — егде жастағы әжей мен оның қызы бірер күн бұрын есік алдына полиция көлігі тоқтағанын байқап, сыртқа шыққан. Олар полицейлердің қолы кісендеулі Саматты көліктен түсіріп, үйіне қарай әкетіп бара жатқанын көреді. Көлік жүргізушісі оларға "Бір әйелді өлтіріпті. Тергеу жүріп жатыр" деп түсіндірген.
Әжей мен қызы Саматтың бұл үйге "төрт-бес жыл бұрын көшіп келгенін" айтады.
— Ешкіммен араласпас үшін көршінің бәрімен әдейі ұрысатындай көрінетін. Басқалар көлігін Саматтың гаражының алдына қоймас үшін үйін де қоршап тастады, — дейді әжей бағанаға байланған сымды нұсқап.
Ол Саматты "арықша келген, кішкентай ғана кісі" деп сипаттады. Түрін анық көрмегенін, Саматтың үнемі кепка киіп жүргенін айтады. "Үйінде жиі болмайтын". Онымен бірге тұрған әйелді "ешқашан көрмеген".
Саматтікіне қарсы тұрған үйдің алдында жас жігіт көлік жуып жатыр. Ол көршісін "сирек көргенін, бірақ сәлемі түзу болғанын" айтады. "Жақсы "мужик" сияқты еді" дейді. Саматтың үйінде үш ай тұрған әйелді — Раушанды ол да "көрмеген".
Саматтың жалғыз әпкесі Сәуле телефонын көтермеді. WhatsApp арқылы жолдаған хатты оқығанымен, жауап бермеді.
Әпкесінің үйіне барғанымда есікті келіні ашты. "Үйде ешкім жоғын, енесі мен оның анасы ауруханаға кеткенін" айтты. Келінінің сөзінше, Сәуленің отбасы Саматпен "көп араласпайды".
Шымкент полициясы ресми жауабында Саматты "жеке кәсіпкер" деп сипаттайды. Департамент Бас прокуратура дерегіне сілтеп, оның бұрын істі болмағанын айтты.
Ашық дереккөзден Саматтың атына тіркелген қандай да бір компания, әлеуметтік желілерден жеке парақшасы табылмады.
РАУШАНСЫЗ ӨМІР
Раушанды үй іші 1 қыркүйекте жерледі.
Нафиза апаның абысыны, екі келіні мен қайын сіңлісі сүйекке түскен. Олар Раушанның денесінен пышақ іздерінен бөлек, қолы да көгергенін көрген.
Қызының қазасынан бері Нафиза апаның денсаулығы нашарлап кетті. Емделіп алып, жұмысына қайта шықпақ.
Іс бойынша әлі тергеу жүріп жатыр. Адвокат сараптамалар аяқталмағанын айтқан. Нафиза апа істі "соңына дейін жеткізбек".
Раушанның үлкен қызы Құралай таэквондо чемпионаттарына жиі барады. Екінші қызы Әсемай да басқа қалалардағы оқушылар сайысына қатысады. Оларға анасының қазасы ауыр тиген. Әжесі психологқа апарып жүр.
Қайғылы оқиғадан соң үйдегі балалар шошып қалған. "Ешкімнің үйде қалғысы келмейді". Ержан күнде балаларын мектептен күтіп алады.
Қара жамылған әулет 8 қазанда Раушанның қырқын өткізіп, басына құлпытас қойды. Тасқа қысқа жазу қашатқан: "Ералықызы Раушан. 10.09.1982 — 31.08.2022. Бауырларынан".