Тәжікстанда өмір бойына түрмеге қамалғандар көбейіп барады

Душанбедегі түрмелердің бірі.

Өмір бойына түрмеге қамау Тәжікстанда ең қатал жазаға жатады. Былтыр елде сот орындары жазаның бұл түрін алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық жиі қолданды. Жазаға ілінгендердің көбі – Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы үкіметке қарсы жаппай наразылықтан кейін жауапқа тартылғандар. Билік оларды жазықсыз соттады деп есептейді туыстары.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысының (ТБАО) тумасы Толиб Айёмбековке өмір бойы түрме жазасы кесілгеннен кейін туыстары оны бір-ақ рет көрген. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметіне (Радио Озоди) тұтқынның жақындарының бірі айтты.

Толиб Айёмбеков

– Толиб үкімге келіспейтінін мәлімдеді. Ол – мемлекетке еңбек сіңірген адам, президент екі рет медальмен марапаттаған. Бәрінен гөрі оның ұлы да өмір бойына бас бостандығынан айырылғаны қапаландырады. Өзі де, ұлы да кінәміз жоқ деп есептейтінін айтады. Туған-туысы қылмыстық істі қайта қаратқысы келеді, бірақ адвокаттар оларды қорғаудан қашқақтайды, – деді ол Озодиге. Жеке басының қауіпсіздігін ойлап, аты-жөнін атамауды өтінді.

2022 жылы ТБАО-да үкіметке қарсы жаппай халық наразылығынан кейін билік осы өңірден шыққан 10 адамды ұстап, үстінен қылмыстық іс қозғаған. Сот оларды терроризм, қылмысты ауырлататын мән-жайы бар кісі өлтіру және мемлекетке опасыздық жасау сияқты қылмыстар жасаған деп танып, өмір бойына түрмеге қамауға үкім еткен. Олар:

Сотталғандардың туыстары билік оларды жазықсыз жазалады деп есептейді.

Оппозициялық саясаткері Әлім Шерзамонов.

Тәжік оппозициялық саясаткері Әлім Шерзамонов ТБАО-дағы оқиға бойынша жауап тартылғандарға сот әділетсіз үкім шығарды дейді.

– Өмір бойына түрмеге қамалғандардың жағдайы қандай екенін туыстары біле алмай отыр. [Тәжік билігі] оларға Қызыл Крест (халықаралық гуманитарлық ұйым – ред.) өкілдерін ғана емес, сонымен бірге БҰҰ адамдарын да жолықтырмады. Сотталғандардың бірі – Имом Шоимширинов ешқандай қылмыс жасамаған. Ол шенеуніктердің құқық бұзғанына куә болған кезде бейжай қалмайтын азаматтық белсенді еді. Өзім білетін бірнеше адамға сот әділетсіз шығарды, – деді Шерзамонов.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы өңірінде 2022 жылғы мамырда жергілікті халық үкіметке қарсы жаппай наразылық танытты. Билік оны күш қолданып басты.

Былтыр мамырда Таулы Бадахшан автономиялы облысында жергілікті тұрғындар өңір мен қала басшылығының қызметтен кетуін, аймақтағы барлық блокпостыны алуды, өңір тұрғындарын қудаламауды, қамаудағы белсенділерді босатуды талап еткен. Бұған қоса, наразылар 2021 жылғы қарашада күш құрылымдары ұстап жатқанда қаза болған Гулбиддин Зиебековтің өлімін әділ тексеру туралы талап қойған. Үкімет олардың талаптарын қараудан бас тартқан соң, 2022 жылғы 16 мамырда жүздеген адам облыс әкімшілігіне қарай шеру тартып барған. Күш құрылымдары өкілдері оларға резеңке оқ атып, жас ағызатын газ шашқан. Биліктің мәліметінше, 17 мамырда Рушан ауданында үкімет күштері мен Хорогқа баратын жолды жапқан жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болған. Күш құрылымдары "терроризмге қарсы операция" жүргізген. Билік кейін операция салдарынан сегіз адам өліп, 11 адам жараланғанын хабарлады. 70-тен астам демонстрант ұсталған. Бірақ Рушан ауданында тұрғындар Озоди радиосына қақтығыс болған жерде 21 адамның сүйегі табылғанын айтқан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары ресми Душанбені Таулы Бадахшандағы азаматтық белсенділерді қамағаны үшін сынады. Human Rights Watch ұйымы тәжік үкіметін заңсыз қамау мен әділетсіз сот шешімдерін тыюға үндеген.

"СОТ АЙЫПТАУШЫ ТАРАПТЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕЙДІ"

Сарапшылар Тәжікстанда өмір бойына түрме жазасы кесілгендердің көбеюін биліктің оппозиция жақтастары мен азаматтық белсенділерді үрейде ұстағысы келетінінен көреді.

Құқық қорғаушы, заңгер Жәмшед Ёров.

"Бузургмехр" қорының басшысы, заңгер Жәмшед Ёров белсенділер мен оппозиционерлерге қарсы сот процестері жабық өтетіндіктен, айыпталушыларға әлгіндей баптар бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз болған жайттар ғана емес, сонымен бірге тергеу мен сот барысының өзі көңілге зор күмән ұялатады дейді.

– Мысалы, билікті күшпен құлатпақшы болды деген айып тағылып отырған адамның іс-әрекетінде расымен сондай белгілер болды ма деп ешкім бас қатырып, тексеріп жатпайды. Тәжікстанда тәуелсіз сот жүйесі жоқ екені және соттар көбіне айыптаушы тараптың айтқанын қолдап, процесс қорытындысында жаза мерзімін ғана белгілейтіні баршаға белгілі, – дейді Ёров.

Тәжікстандағы қамау мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан адамдар.

2004 жылы Тәжікстанда өлім жазасына мораторий жарияланғаннан кейін өмір бойына түрмеге қамау жазасы қолданысқа енгізілген. Заңда терроризм, қылмысты ауырлататын мән-жайы бар кісі өлтіру, мемлекетке опасыздық жасау және кәмелетке толмаған баланы зорлау сияқты қылмыс түрлерін жасағандарды өмір бойына бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазіргі кезде елде сот үкімімен жазаның осы түрін алған нақты қанша адам түрмеде отырғаны белгісіз. 2017 жылы шілдедегі ресми деректе Тәжікстанда 80 адам өмірлік түрме жазасын өтеп жатыр деп жазылған еді. Биыл ақпанда Душанбеде өткен баспасөз мәслихатында Тәжікстан Жоғарғы соты статистика басқармасының басшысы Ахлиддин Меликзода былтыр елде 14 адамға өмірлік түрме жазасы шығарылғанын хабарлаған. Бұл алдыңғы жылғымен салыстырғанда алты адамға көп деп хабарлады Озоди.

Қазіргі уақытта Тәжікстанда өмірлік түрме жазасын өтеп жатқандар арасында елдің ұлттық гвардиясының бұрынғы қолбасшысы Гаффор Мирзоев, "Тәжікстан Халық майданы" қозғалысының басшысы Лангари Лангариевтің бауыры Сухроб Лангариев, билік тыйым салған оппозициялық "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы" төрағасының бұрынғы орынбасарлары Саидомар Хусайни мен Махмадали Хаит бар.

"ТҰТҚЫНДАРДЫ ҚИТ ЕТСЕ, ҚАТАҢ ЖАЗАЛАЙДЫ"

Өмір бойына түрмеге қамалып, жазасын өтеп жатқанына сегіз жыл болған оппозициялық саясаткер Махмадали Хаиттің туыстары оның денсаулығы нашарлап, адам төзгісіз жағдайда қамауда отырғанына бірнеше рет шағым айтқан.

Хаиттің ұлы Фируз Махмадали онсыз да қатаң жағдайда жаза өтеп жатқан адамдарды түрме әкімшілігі қит етсе, қаталдықпен жазалауға бейім тұратынын айтады.

– Әкем мен өмір бойына түрме жазасы берілген өзге адамдардың жағдайын түрмедегі басқа жазасын өтеушілердің жағдайымен салыстырсақ, мүлде басқаша. Мысалы, камерада кемінде 3-4 адам отырады. Өмір бойына сотталғандарды туыстарымен жылына екі-ақ рет қысқа мерзімге кездестіреді, оның өзінде шектеулі уақыт беріліп, күзетшінің көзінше, әйнек қоршаудың ішінде отырып, телефон трубкасы арқылы ғана сөйлесе алады, – дейді Фируз Махмадали.

Тәжікстан билігі әдетте түрмелерде жаза өтеп жатқан адамдар азапталатыны, оларға қатыгездік танытатыны туралы мәлімдемелерді "жалған ақпарат", "расталған жоқ" деп жоққа шығарады.

2020 жылы үкімет түрме реформасы бағдарламасын бекіткен. Онда елде өмір бойына түрме жазасы кесілгендер қатары көбейіп келе жатқанымен, ондай адамдарды ұстауға арналған, халықаралық стандартқа сай келетін жеке түрме жоғы айтылған. Тәжікстан билігі БҰҰ мекемелеріне Рудаки ауданында өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арнап жаңа түрме салынады деп бірнеше жылдан бері есеп беріп келеді.

Ал өмір бойына түрмеге қамалғандардың туыстары саяси себеппен осындай жаза алғандардың көбеюімен қатар олардың қамаудағы жағдайы да қатаңдай береді деп алаңдайды.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі Зарангез Новрузшоның материалынан аударылды.)