Олимпиада қаласында күзет күшті

Олимпиада қалашығында Қазақстан құрамасының спортшылары тұрып жатқан ғимарат. Рио, 2 тамыз 2016 жыл.

Азаттық тілшісі Риода Қазақстан спортшылары жайғасқан олимпиада қалашығын аралап, кассалардағы билет бағасын білді. Жарыс қарсаңында қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілгені байқалады.

ОЛИМПИАДА ҚАЛАШЫҒЫ

Рио-де-Жанейроның орталығы саналатын Копакабана, Ипанема, Ботафаго аудандарында тұрғын халық жайбарақат тірлік кешіп жатыр. Қала орталығында енді бірнеше күннен кейін әр төрт жыл сайын әлем назары ауатын олимпиада ойындары басталатыны аса байқалмайды: көшеде олимпиада эмблемасы ілінген билбордтар, жарналамар өте аз.

Тек олимпиада паркі мен спортшылар тұратын олимпиада қалашығы орналасқан Барра ауданында ғана дүбірлі жарысқа дайындық пен мерекелік көңіл-күй сезіледі. Рионың орталығынан Барраға, көлік кептелісін есепке алғанда, бір-бір жарым сағатта жетесіз. Барра – олимпиадаға арнап салынған жаңа аудан.

Олимпиада паркі. Рио-де-Жанейро, Бразилия, 2 тамыз 2016 жыл.

Олимпиада қалашығына тек спортшылар мен ресми тіркелген жаттықтырушылар ғана кедергісіз кіреді. Спортшылардың бөлмесіне бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Журналистер арнайы тіркеліп, рұқсат алған соң ғана кіре алады. Қазақстан спортшылары Қырғызстан, Египет, Моңғолия, Өзбекстан командаларымен бір ғимаратта тұрып жатыр.

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Берік Әбдірахманов олимпиада қалашығын күндіз-түні арнайы қарулы жасақ күзетіп тұрғанын айтады.

Қазақстандық боксшы Берік Әбдірахманов олимпиада қалашығында. Рио-де-Жанейро, 2 тамыз 2016 жыл.

– Жатқан бөлмеміз жайлы. Әділбек Ниязымбетовпен (Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, Рио олимпиадасына қатысушы - ред) бір бөлмеде жатырмын. Иван Дычко мен Василий Левит (ауыр салмақта Рио ойындарына қатысатын боксшылар – ред.) екеуінің бойы мен салмағына сай әрқайсысына жеке-жеке орын берген. Қазір психологтармен жұмыс істеп жатырмыз. Олар «Олимпиаданы көп ойлап, уайымға салынбаңдар» деп кеңес берді, - деді боксшы Азаттыққа.

Рио-де-Жанейро қаласындағы Қазақстан баспасөз орталығы. 2 тамыз 2016 жыл.

Олимпиада кезінде Риодағы бизнес орталықтардың бірінде Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті ашқан арнайы баспасөз орталығы да жұмыс істейді. Бұл жерде спортшылардың қатысуымен баспасөз мәслихаттары өтеді.

ФАВЕЛЛАҒА ЖАЛҒЫЗ БАРМАУДЫ ЕСКЕРТЕДІ

Олимпиадаға арнайы аккредитация алған 6 мыңға жуық журналист жұмыс істейтін медиа орталық (Main press center) Барраның шетінде орналасқан. Орталық аумағына журналистердің қауіпсіздігі үшін арнайы бөлінген автобуспен ғана жетуге болады.

Медиа орталық, олимпиада қалашығы және кез-келген жарыс өтетін кешенге әуежайдағыдай адамдардың жеке заттарын тексеріп кіргізеді.

Рио олимпиадасындағы Main Press Center алдында кезекте тұрған тілшілер. 2 тамыз 2016 жыл.

Журналистерге Риода кедей халық тұратын аудандар – фавелаларға жалғыз бармауды ескертіп, оларға бару үшін тек арнайы тур сатып алуға кеңес берді. Ондай турдың құны шамамен 100 доллар тұрады.

Риоға келген шетелдік туристер мұнда ұрлық күшейіп тұрғанына куә болды. Қытайлық және ресейлік журналистер қала орталығында фотоаппараттары мен видеокамераларын ұрлатып алғаны туралы айтты. Туристер сақтық шарасы үшін жеке зат салынған сөмкелерін арқасына емес, алдына асып алып жүреді немесе сөмкесіз жүруге тырысады. Қала көшелерінде автоматпен қаруланған арнайы жасақ пен полиция қызметкерлерін кез-келген бұрышта көруге болады.

Қаладағы метро бекеттерінің біріндегі қарулы күзет. Рио-де-Жанейро. 30 шілде 2016 жыл.​

Риодағы туристер көп баратын Копакабана жағалауы, Маракана стадионының маңында қайыр тілеп жүрген балалар да жиі ұшырасады. Кешкілік Копакабана жағасына бара қалсаңыз, 10-15 жас арасындағы балалар жаныңа келіп, «марихуана» деп сыбырлап кетеді. Жағажайда жолыққан солардың бірі Азаттық тілшісіне де 100 реалға (30 доллар) есірткі сатуға тырысты, сыпайылап, бірақ кесімді түрде «қажеті жоқ» деген жауап естіген соң ол жөніне кетті.

Копакабана жағажайында. Рио-де-Жанерйро. 30 шілде 2016 жыл.

Соңғы жылдары әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде Латын Америкасы мен Кариб теңізі бассейніндегі елдерде кең тараған аса қауіпті дерт – Зика вирусы Бразилияда жаңа туған мыңдаған балада анықталған еді. Вирус жүкті әйелдің құрсағындағы нәрестенің бас сүйегі мен миы көлемінің өзгеріске ұшырап, неврологиялық ауруға шалдығуына себепкер болады. Бұған дейін дәрігерлер аяғы ауыр әйелдерге вирус тараған аймақтарға бармауға кеңес берген.

Зика вирусынан қауіптенген бірнеше гольфшы мен теннисші Рио олимпиадасына қатысудан бас тартқан.

Азаттық тілшісі сөйлескен Рио тұрғындарының кейбірі қалада Зика вирусының қаупі азайғанына сендіруге тырысты.

– Қазір Бразилияда қыс мезгілі болып есептеледі. Бұл уақытта күн ең жоғары дегенде 30 градусқа дейін жылуы мүмкін. Зика вирусы қаңтар-наурыз айында, күн қатты ысығанда өршіп кеткен. Қазір қауіп аз, - дейді Тереза есімді жергілікті тұрғын.

ЖАРЫСТАРҒА БИЛЕТ БАҒАСЫ

Халықаралық олимпиада комитеті ойындарға арналған билеттердің 80 пайызы сатылып кеткенін хабарлаған. Бірақ кез-келген кассадан билет сатып алуға болады. Билет бағасы 60 реалдан (20 доллар) басталады. Футбол матчтарына билет 100 реалдан (30 доллар), жүзу жарыстарына – 350 реалдан (105 доллар) сатылып жатыр. Ал олимпиаданың ашылу салтанатына билетті 4000-4300 реалға (шамамен 1500 доллар) сатып алуға болады.

Олимпиада қарсаңындағы Рио-де-Жанейро қаласы. 30 шілде 2016 жыл.

Рио олимпиадасының ашылу салтанаты туралы оның атқарушы продюссері Марко Балич баспасөз мәслихатында «Пекин мен Лондондағыдай қымбат болмайды, ашылу салтанаты бюджеті шағын, қарапайым, бірақ қазіргі заманға сай болады» деп мәлімдеді.

Бразилиядағы 31-жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 5 тамызда (Астана уақыты бойынша 6 тамызда) Рио-де-Жанейродағы Маракана стадионында өтеді.

21 тамызға дейін жалғасатын дүбірлі жарысқа Қазақстаннан 104 спортшы қатысады.