"ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШКІСІ КЕЛЕТІНДЕР ЖОҚ"
Жазатыр ауылы аудан орталығы Қосағаштан 140 шақырым жерде орналасқан. Тұрғындарының басым бөлігі – қазақтар. Жазатар қазақтары негізінен мал шаруашылығымен, оның ішінде жылқы өсірумен айналысады. Ауыл тұрғындары жазда Алтай аймағына келетін туристерді атпен қыдыртып, ақша табады. Ауыл әкімі Альберт Каменовтің айтуынша, Жазатарда мыңның үстінде жылқы бар.
- Жылқы туристерді тауға шығару үшін таптырмас көлік. Бізге шет елдерден [туристер] аса көп келе бермейді. Бірақ Ресейдің ішінен келетін туристер көп. Ауыл тұрғындары туристерді қыдыртады, аттарын жалға береді, сауда жасайды. Бұдан бөлек, ауылымызда этнографиялық музей мен мешіт бар. Әйтеуір жаздай қарап жатпайды, - дейді әкім.
Ауыл тұрғыны Мырзабек Қайырымов Жазатыр мекенінің тарихы 1830 жылдардан бастап хатқа түскенін айтады.
- Бірақ менің үшінші, төртінші аталарымның сүйегі осында жатыр. Соған қарағанда қазақтар бұл жерге тым ерте қоныстанса керек, - дейді ол.
Әкім Альберт Каменовтің пайымдауынша, ауылдың атауы "жазда отыр" деген сөзден шықса керек.
- Қар өте қалың түскен соң қыстау қиын болған. Ертеректе аталарымыз бұл жерге тек жазда келіп қоныстанған. Шығыс Қазақстан аймағына барып қыстаған. 1830 жылдары үлкен аталарымыз осы жерге келіп, қыстап қалған екен. Содан бері осындамыз, - дейді ол.
Жазатырда сол ауылдан шыққан қоғам қайраткер Мұхамедқажы Берсімбаев атындағы орта мектеп бар. Ауыл әкімінің айтуынша, бастауыш сынып оқушылары қазақша оқиды. Жоғары сыныпта сабақ орыс тілінде өтеді. Ауыл жастары Ресейдің ішкі қалаларындағы университеттерде білім алады.
- 1990 жылдары ауылдан Қазақстанға көшкендер көп болды. Бірақ кейін жартысы қайтып келді. "Ауылды сағындық" дейді. Қазір "Қазақстанға көшем" дейтін ешкім жоқ. Мереке кездерінде қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртқан боламыз. Бірақ сырттағы қазақтармен ешқандай байланыс жоқ. Ал Қосағаш ауданындағы қазақтар Моңғолия қазақтарымен жиі араласады. Біз "Отауды" (Қазақстан телеарналары хабарларын спутник арқылы тарататын желі – ред.) көргенге мәзбіз, - деді әкім.
"ІЛБІС ҚҰРЫП БАРАДЫ"
40 жастағы Жазатар тұрғыны Мырзабек Қайырымов үш жылдан бері Алтай тауын мекендейтін ілбісті қорғаумен айналысып жүр. Тұрғындардың сөзінше, бұл аймақта ілбіс, бұлан, арқарды аулауға тыйым салынған.
- Ілбісті қорғауға ала бастағанымызға алты-жеті жыл болды. Оған дейін елдің бәрі барыс аулағыш еді. Тұзақ, қақпан құрып, құртып жіберді. Қазір Жазатырда жиырма шақты ілбіс қалды. Оның жеті-сегізі Сайлюгем ұлттық паркінде жүр, - дейді ол.
Мырзабек Қайырымов Сайлюгем ұлттық паркі аумағындағы ілбістерді қорғау жұмыстарына өз еркімен атсалысады. Бұл парк - Алтай аймағының Қосағаш ауданында орналасқан, аумағы 118 мың гектардан асады. Ресейдегі ерекше қорғалатын қорықтардың бірі. Сайлюгем паркінде ілбіс пен құдыр мекендейді.
- Ілбіс екі жылда бір рет күшіктейді. "Бес мәуленге дейін туады" деп айтады. Бірақ осы күнге дейін үш мәуленнен артық көрмедік. Мәуленін бір жыл бойы жанынан тастамай аң аулауға үйретеді. Тауешкі мен ұлар ұстап қоректенеді. Ілбіс – биіктен шолып, жемтігіне төбеден түсетін аң. Ал бөтен еркек ілбіс мәуленді жеп қояды. Кезіксе қасқыр да жеп қояды. Мәуленді тау бүркіттері де іліп алып кетеді. Әрі кетсе бір мәулен ғана қалып отырады. Соның кесірінен ілбіс саны көбеймейді. Ілбіс кездейсоқ жағдайда болмаса көзге түсе бермейді. Олардың санын суретке түсіру арқылы ғана анықтаймыз, - дейді ол.
Мырзабек Қайырымов ілбісті қорғау жұмысына мемлекеттен ақша алмайтынын айтады. Ол сырттан келген туристерді атпен тау аралатып, қосымша табыс табады.
Қосағаш ауданы – Ресейдегі қазақтар шоғырланған өңірлердің бірі. Түрлі деректер бойынша, ауданда 10 мыңға жуық қазақ тұрады.