Азаттық: Коронавирус пандемиясы кезінде қауіпсіз саяхаттаудың жолы қандай?
Джозеф Аллен: Бізге ең керегі – сақ болу. Ал сақ болу үшін екі жайтты ойда ұстаған дұрыс. Біріншіден, қайда жүрсеңіз де немесе қайда бара жатсаңыз да, аурудың динамикасына мән берген жөн. Яғни, барар еліңіздегі вирус ахуалына назар аударыңыз. Вирус ошағына бара жатпағаныңызға сенімді болу керек. Одан кейін маска тағуға, арақашықтық сақтауға, ауырып қалсаңыз үйден шықпауға үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Ғимарат ішінде терезені ашып ішке таза ауаның кіруіне және үй ішін тазалап, дезинфекциялауға көңіл бөлген абзал. Меніңше, осы бір қарапайым, бірақ маңызды амалдардың тиімді екенін бәріміз аңғарғандаймыз.
Азаттық: Саяхаттағанда коронавирус жұқтыру қаупінен мүлдем арылуға бола ма?
Джозеф Аллен: Өмірде қандай жағдай болмасын, қауіп деңгейін нөлге жеткізе алмайсыз. Пандемия кезінде бұл сірә мүмкін емес. Адамдар өздеріне мына сұрақтарды қоюы керек:
- Сапарлау не саяхаттау сіз үшін шынымен маңызды ма?
- Вриус жұқтырған жағдайда ахуалыңызды ушықтыратын басқа да дерттеріңіз бар ма?
- Ең маңыздысы – ауруды бақылау мақсатында өз міндетіңізді атқаруға дайынсыз ба? Мысалы арақашықтық сақтау, маска тағу және жауапкершілік таныту.
Менің ойымша, сыртқа шықпас бұрын, мейлі ол шоу мен концерт болсын, мейлі досыңызды үйіне бару болсын, мейлі тіпті саяхаттау болсын, осы сұрақтарды қою маңызды.
Азаттық: Шекараны немесе туристік аймақтарды ашу жөнінде мемлекеттер арасында ортақ жоспар болғаны дұрыс па әлде елдер бұл мәселені оңаша шеше ала ма?
Джозеф Аллен: Бұл вирус ешқандай шекараны мойындамайды. Демек егер бізде ортақ жоспар болса немесе ортақ ережелер мен нұсқаулықтар болса, аурумен күрес жеңілдеуші еді. Бір мемлекет әсіре қатал шара қабылдап, екінші мемлекеттің жағдайға немқұрайды қараса, бұл қисынға келмейді. Вирус ұлттық болсын, халықаралық болсын, ешқандай шекараны пысқырмайды. Адамдар арқылы тарайды да отырады.
Азаттық: Жағажайлар, дәмханалар, бәрі-бәрі ашық болсын делік. Ол жерлерде адамдар бола ма?
Джозеф Аллен: Ел үкіметі, қала әкімдігі – бұл орындардың бәрі қашан ашылатынын шеше алады. Компаниялар да қашан ашылатынын өзі шешуі мүмкін. Бірақ экономиканың қашан ашылатынын шешетін – тұтынушы. Адам дәмхананы немесе жағажайды қауіпсіз деп таппаса, ол жерлерге бармайды. Сауалнамаларға қарасақ, адамдардың қауіпті бағамдауы өте құбылмалы. Кейбір адамдар [вирустан қорқып] ешнәрсе істегісі келмейді, кейбірі қатердің барына сенбей, қалыпты өмірімді жалғастыра беремін дейді. Меніңше, соңғысы – қауіпті ұстаным.
Қайткенде де, кәсіпкерлер бизнесін қайта ашу үшін қауіпсіздік шараларын күшейту қажет және клиенттеріне қандай қадам жасағандарын түсіндіруі керек. Мысалы мен қандай да бір дәмханаға барар болсам, ол жерде қонақтың қауіпсіздігі үшін бар жағдайдың жасалғанына көз жеткізем. Олар сондай-ақ менің көзіме көрінбей тұрған шаралары туралы да айтуы керек. Мысалы, ғимараттағы ауа алмастыру немесе фильтрлеуді күшейту сынды шаралар маған көрінбеуі мүмкін, олар соны міндетті түрде маған айтуы тиіс.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Коронавирус кімге қауіпті? Індеттің таралуы жайлы не білеміз?Азаттық: Тұтынушылар шешімді неге сүйеніп қабылдауы керек?
Джозеф Аллен: Екі жайтты атап өтейін. Біріншіден, бұл – бизнестің қауіпсіздікке қаншалықты жауапкершілікпен қарайтыны. Мысалы, мен тамақ алуға баратын дәмханалардың бірі бұл тұрғыда жақсы дайындалған. Ол жерде мен қауіпсіз сезінемін. Барлық қызмет контактісіз жұмыс істейді, ал қызметкерлері маска тағады. Мен оларға жиі барамын. Басқа дәмханалар мұны жасай бермейді. Мен ол жерлерге екінші рет бармаймын, өйткені қауіпсіз сезінбеймін. Білесіз бе, меніңше, компанияның не бизнестің қаншалықты дайындалғаны және адамдардың тәуекелге төзімділігі – шешуші фактор. Егер мен тәуекелге баруды қаламайтын адам болсам, мен үшін ең дұрысы – үйде болу. Кейбір адамдар қауіп соншалықты жоғары емес деп ойлауы мүмкін. Олар сыртқа шығып, қалыпты өмірін жалғастыра береді. Меніңше, маңыздысы осы – екі фактор, яғни бизнестің қандай шара қабылдауы және адамдардың тәуекелі.
Азаттық: Жұрт көлік не қонақүй бөлмесін жалдамас бұрын неге көңіл бөлгені дұрыс?
Джозеф Аллен: Меніңше, адамдар мекеменің сайтын ашып, олардың қандай қадам жасағанын көруі керек. Бұл – қонақүй бөлмесінде қону немесе көлік жалдау алдында жасалатын бірінші әрекет. Мекемелер қандай шара қабылдағанын көзге көрінетін жерге ашық жазуы тиіс. Бұл адамдарға сол жерге баруға не қызметті пайдалануға болатынын не болмайтынын шешуге көмектеседі. Ол жерге барғанда аталған шаралар шынымен қабылданғанына көз жеткізген артық етпейді. Меніңше, олардың жауабынан-ақ көп жайтты аңғаруға болады. Егер олар ашық болса, нұсқаулықтар ілулі тұрса, бұл олардың қауіпсіздік шарасына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Егер олар сізді мазалаған сұрақтарға жауап бере алмаса, бұл сізге белгі болуы тиіс. Бұл олардың сақтық шарасына жауапкершілікпен қарамайтынын, ол туралы мүлдем ойланбайтынын білдіреді.
Азаттық: Сапарға көлік пен ұшақтың қайсысын пайдаланған дұрыс?
Джозеф Аллен: Байланысқа түсер адам саны неғұрлым аз болса, соғұрлым дұрыс. Жеке көлігіңіз болса және оның өзіңіз жүргізе алсаңыз, байланысқа түсер адам саны аз болып, бұл сіздің жеке басыңызға төнер қауіпті азайтады. Бұл қоғам үшін де қауіпті азайтады. Ұшаққа келсек, мен АҚШ-тағы Washington Post газетіне ұшақтағы ауа сапасы туралы мақала жазғанмын. Ұшақтағы ауа сапасы әжептәуір жақсы. Мұндағы қауіп сіздің көптеген адаммен байланысқа түсуіңізде. Мысалы, қауіпсіздік бекетінен өту және тіркелу кезінде, ұшаққа өту есігінің алдында, отырғызу кезінде қауіп бар. Бортқа мінерде жолаушылар ұшақ ішінде тар дәлізбен жүруі тиіс. Яғни, мұндағы мәселе ұшақта өткізген уақытыңыз емес, ұшумен байланысты өзге де жайттар болуы мүмкін. Дегенмен егер негізі сақтық шараларын сақтасаңыз, ұшақта төнер қауіпті азайтуға болады.
Азаттық: Демек биыл біз үшін қалыпты жазғы демалыс болмайды ғой?
Джозеф Аллен: Әрине. Биылғы демалыс өзгеше болмақ, бірақ ыңғайлануға болады. Бұдан да өтеміз деп ойлаймын. Биылғы жаз қалыпты болмайды, біз тек жаңа қалыпқа бой үйретеміз. Меніңше, экономика қайта жанданады. Білесіз бе, биылғы жаз қалыпты болуы тиіс деп ойламаймын да. Біз пандемияның ортасында тұрмыз. Мына вирус, байқағанымыздай, өте жылдам тарайды. Егер қандай да бір жер вирустың ошағына айналса, ауру мен өлім саны көбейеді. Сол себепті биылғы жаз бұрынғыдай болмайды, біз осыны ескеруіміз керек. Өмірімізді ақырындап қалпына келтіре бастаған жөн. Десек те бір күнде бәрін ашып тастасақ, бәріміз қаңтардағы жағдайға ораламыз.