Төтенше жағдай жариялаған Ердоған азан шақырды

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 21 шілде 2016 жыл.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 21 шілдеден бастап елде үш ай мерзімге төтенше жағдай жариялады. Ол төтенше жағдай азаматтардың құқығы мен заң үстемдігіне нұқсан келтірмейтінін айтады.

Түркия президенті Ердоған 21 шілдеден бастап төтенше жағдай жөніндегі шешімін кеше қауіпсіздік кеңесінің бес сағатқа созылған жиынында, министрлер алдында, тікелей эфирде жария етті.

«Бұл шара – демократия мен заң үстемдігіне қарсы іс емес, керісінше осы құндылықтарды нығайту мен қорғаудың қамы» деді ол.

Ердоған «төтенше жағдай қажет және Түркия конституциясына толық сәйкес келетінін» мәлімдеді.

Ол "Түркия демократиясына қауіп төніп тұр" деген және өзін "авторитарлық билеушіге айналып барады" деген ұйғарымдарды жоққа шығарды. "Біз демократиялық прарламент жүйесінде қала береміз және бұдан ешқайда кетпейміз" дейді Ердоған.

Түркия президенті бұған қоса парламенттің өлім жазасын қалпына келтіру шараларын тіпті ол Түркияның Еуропа Одағына кіру мүмкіндігіне қауіп төндіретініне қарамастан мақұлдайтынын да мәлімдеді.

БАҚ мәліметтері бойынша, төтенше жағдай жариялаған Ердоған президент сарайы аумағындағы мешітте таң намазына тұрып, дауыс ұлғайтқышпен азан шақырған.

Ердоғанның жақтастарының шеруі. Анкара, 20 шілде 2016 жыл.

ӘЛДЕН-АҚ 60 МЫҢ АДАМ ҚУҒЫН КӨРДІ

Билік өткен аптада «15 шілдеде болмай қалған төңкеріске әрекеттенген топты» анықтап, оларға қарсы жылдам әрекет жасауға төтенше жағдай қажет болғанын айтады. Ол оқиғада 260-тан аса адам қаза болып, 1500 адам жараланған.

Түрік өкіметі төңкеріс әрекетін кейбір мемлекеттік мекемелердің «қатерлі дертке шалдыққанынан» көріп, мемлекеттік мекемелерді жаппай «тазалауға» кірісіп кеткен.

Төтенше жағдай жариялана сала бірнеше сағатта 32 судья мен 2 жоғары лауазымды офицер ұсталды.

Полиция көлігі 15 шілдедегі оқиғаға қатысты делінген сарбаздарды әкетіп барады. Стамбул, 20 шілде 2016 жыл.

Ердоған билігі төңкеріс әрекетінен кейінгі қарсы науқан аясында жалпы саны 60 мың адамды – полицейлерді, судьяларды, мемлекеттік қызметкерлер мен оқытушы және мұғалімдерді жұмыстан шығарды, ұстады, тұтқынға алды. Бұрын-соңды болмаған кең көлемді репрессиялар әлі де жалғасып жатыр.

Түркия армиясында қызметте жүрген 360-тай генералдың үштен бірі, 262 әскери судья мен прокурор, Анкара полициясының 900 қызметкері ұсталды. Әсіресе Түркияның білім беру саласы бұл науқаннан ерекше зардап шекті. Бұл салада жұмыстан шеттетілген бұған дейінгі 15 мың 200 адамның қатарына тағы да 6 мың 500 адамның тізімі қосылды. 600 оқу орнын жабу жөнінде іс қаралып жатыр. Жекеменшік оқу орнындарының 21 мың оқытушысының лицензиялары кері қайтарылып, университеттердің 1 мың 500 деканы жұмыстан шығарылған.

Билік бұлардың көпшілігін Ердоғанның бұрынғы жақтасы, қазір АҚШ-та тұратын қарсыласы – ислам діні лидері Фетхуллах Гүленнің ізбасарлары деп айыптайды. Бұған дейін Ердоған Al Jazeera телеарнасына сұхбатында әскерилердің мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне шет мемлекеттердің қатысы бар болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Бірақ ол нақты бір елді атап айтпаған. Ердоған төңкерісті АҚШ-та тұратын діни жетекші Фетхулла Гүленнің ұйымынан көреді. Бірақ 75 жастағы Гүлен төңкеріс әрекетін қолдамайтынын, өзінің оған еш қатысы жоқтығын айтқан.

Түрік діни лидері Фетхуллах Гүлен. АҚШ, 16 шілде 2016 жыл.

Бүгін түстен кейін Түркия премьер-министрінің орынбасары Нуман Куртулмуш ел аумағында Еуропа адам құқығы конвенциясы әрекетін уақытша тоқтататынын хабарлады. Оның сөзінше, төтенше жағдай бір не бір жарым ай ішінде алынып тасталуы мүмкін.

Түркияда жарияланған төтенше жағдай президент пен үкіметке парламентті айналып өтіп, өзіне тиімді жаңа заңдарды қабылдауға, сөйтіп азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін деген күдік бар.

Анкара жариялаған төтенше жағдайға Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер, Нидерланд сыртқы істер министрі Берт Кендерс алаң білдірді. Олар төтенше жағдайдың уақытын тек белгілі бір мерзімге шектеуге және мүмкіндігінше тез арада қайтып алуға шақырды.