Түркияда еркін баспасөзге қысым күшейді

Баспасөзге қысым жасауға қарсылық акциясында тұрған түркиялық журналистер. Стамбул, 1 сәуір 2016 жыл.

Түрік журналистері босқындар дағдарысын шешу үшін Анкараның жәрдеміне сүйенетін Еуропа Одағы Түркиядағы баспасөз еркіндігінің жағдайына көз жұма қарайды дейді.

Түркиялық тележүргізуші Бану Гювен CNN тілшісі Кристиан Аманпурдың елдегі сөз бостандығына қатысты қиын сұрақтар қойып, президент Режеп Тайып Ердоғанды «қыспаққа алғанына» риза болғанын жасырмады.

– Президент Ердоғанның бұл жолы сондай биязы болғанын көріп таңқалдым. Түркияда оған бұл тақылеттес сұрақ қойғысы келетін кісілер онымен мүлде сұхбаттаса да алмас еді, - деді Гювен.

1 сәуірде «тыңшылық жасады» деп айыпталған екі журналист – Жан Дундар мен Эрдем Гюлдің ісі бойынша алғашқы сот процесі өтті. Олар Түркиядан Сирияға заңсыз қару жеткізуге қатысты жариялаған мақалалары үшін қамауға алынған. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, бұл – Түркиядағы сөз бостандығына жасалған қысымның ең жарқын мысалы.

«ШПИОН» ЖУРНАЛИСТЕР

2015 жылы мамырда оппозициялық Cumhuriyet басылымы Түркия құпия қызметінің Сирияға гуманитарлық көмек орнына қару тиелген жүк көліктерін жібергені туралы ақпарат жариялаған. Материалда «Түркия «Ислам мемлекеті» радикал тобына жақын содырларға көмектесіп жатыр» деген болжам жасалған. Сотқа тартылған Жан Дундар – Cumhuriyet бас редакторы, Ердем Гүл осы газеттің Анкара бюросының жетекшісі.

Cumhuriyet газетінің бас редакторы Жан Дундар мен осы газеттің Анкара бюросының жетекшісі Ердем Гүл сот ғимараты алдында журналистерге сұхбат беріп тұр. Стамбул, 1 сәуір 2016 жыл.

Газет мақаласынан кейін Түркия президенті Режеп Ердоған көліктердің «Сириядағы түркімендерге гуманитарлық көмек алып бара жатқанын» айтып, журналистердің қару-жарақ туралы жазғанын жоққа шығарды. Көп ұзамай Түркия басшысы екі журналисті «тыңшылықпен айналысты» деп айыптап, олар 92 күнге қамауға алынған. Наурыз айының соңында басталған ерекше сот процесі жабық түрде өтіп жатыр, оған айыпкерлер Жан Дундар мен Ердем Гүл және олардың адвокаттары ғана қатыса алады.

Өткен аптада CNN телеарнасы жүргізушісі Аманпур президент Ердоғаннан: «Бір түсінбейтінім... сіз неге өз еліңіздің баспасөзіне қарсы соғыс аштыңыз?» - деп сұрақ қойды. Түркия президенті: «Мен баспасөзбен соғысып жатқан жоқпын», - деп жауап берген.

– Біздің елде заң бар. Егер ақпарат құралының өкілі немесе газет редакторы шпиондықпен айналысып, мемлекеттік құпияны барша әлемге жайып салса және олардың ісі сотқа жетсе, онда оған қатысты үкім шығатыны анық, - деді Ердоған.

Құқық қорғаушылар мен журналистерден, парламент депутаттары мен қарапайым халық өкілдерінен құралған жүздеген адам жабық сот процесі өтіп жатқан ғимарат алдына жиналып, екі журналистке қолдау көрсетті. Олардың арасында тележүргізуші Гювен де болды.

Түркиялық тележурналист Бану Гювен. Стамбул, 1 сәуір 2016 жыл.

Биылғы ақпанда қамаудан босап шыққан бойда екі журналистен сұхбат алған оның өзі де Ердоған үкіметінің кәріне іліккен көрінеді. Сұхбат жүріп жатқан кезде IMC TV телеарнасы аяқ астынан Turksat спутниктік хабар тарату жүйесінен көрсетпей қалған. Гювеннің айтуынша, мемлекеттік айыптаушы содан екі күн бұрын ғана телеарнаны Turksat жүйесінен алып тастауға пәрмен берген.

– Еуропа Одағы мұндағы баспасөздің жайынан жақсы хабардар, - дейді тележурналист.

Ал стамбулдық заңгер Серап Демирташ Еуропа Одағын «екіжүзді саясат жүргізіп отыр» деп айыптайды:

– Олардың ренессанс пен реформа қоғамы екені рас. Бірақ, жақында болған босқындар дағдарысы кезінде олар екіжүзділігін көрсетті... Олар босқындарды өз елімізде қалдырғанымыз үшін біздің «аузымызды майлап» отыр.

ZAMAN ГАЗЕТІ МЕМЛЕКЕТ ҚАРАУЫНА ӨТТІ

4 наурызда түнде Түркиядағы ең ірі басылым – Zaman газеті жеке меншіктен алынып, мемлекет бақылауына өтті. Бұл жөнінде сот шешімі шыққан сәтте жүздеген полиция қызметкері газет ғимаратына басып кіріп, су шашатын баллон және көзден жас ағызатын газдың көмегімен кеңседегілерді сыртқа қуып шығарған. Бюлент Кенеш сол сәтте 2007 жылы өзі негізін қалаған ағылшын тілінде шығатын Today’s Zaman басылымына сараптама жазып отырған еді. Ертесінде газеттің жаңа басшылығы оны жұмыстан шығарып жіберді.

Түрік журналисі Бюлент Кенеш.

2014 жылғы шілдеде Twitter әлеуметтік желісінде президент Режеп Ердоғанға тіл тигізгені үшін айыпты деп танылып, 21 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылған Бюлент Кенештің үстінен былтыр қазан айында дәл сол айыппен тағы бір іс қозғалған.

– Мен жұмысымды дұрыс атқара алмадым, себебі күн сайын, апта сайын полиция бөлімшесіне, прокурордың кеңсесіне барып, тергеуде жүрдім, -деді ол.

Тергеу ісі әлі жүріп жатыр, ал полицейлер Бюлент Кенештің паспортын алып қойған. Түрік тіліндегі Zaman басылымынан жұмыстан шығарылған әріптестері Yarina Bakis (Ертеңге бағыт) атты газет шығара бастаған, бірақ Бюлент Кенеш оларға кесірім тиіп кетпесін деп, жаңа газеттің кеңсесіне бармаған.

ЕРКІН БАСПАСӨЗДІҢ ТЫНЫСЫН ТАРЫЛТУ

Стамбулдағы Кадыр Хас университетінің жаңа медиа департаменті деканының орынбасары Эйлем Янардагоглудың айтуынша, 2013 жылғы Гези бағындағы наразылықтан бері үкімет пен ақпарат құралдарының арасы алшақтап кеткен. Таксим алаңындағы ашық жерден сауда орталығы мен көпқабатты тұрғын үй салу жоспарына қарсы шыққан жұрт жаппай наразылық танытқаны белгілі. Түркияның түкпір-түкпірінде өкіметтің өктем саясатына қарсы шерулер болып, полиция жас ағызатын газ, су, бұрышты спрей шашып, демонстранттарды қуып таратқан. Сол оқиғалар кезінде мыңдаған адам зардап шеккен.

Стамбулдағы Кадыр Хас университетінің жаңа медиа департаменті деканының орынбасары Эйлем Янардагоглу.

Янардагоглудың айтуынша, сол кезде үкімет ұялы телефондардың интернет қызметін көрсетуіне шек қойған, Түркияның негізгі телеарналары наразылық шаралары туралы хабар таратпады, демонстранттар тек шетелдік тілшілер мен әлеуметтік желілерге ғана үміт артты.

2015 жылы Түркияда сайттардағы материалдарды алып тастау мәселесі бойынша 450 сот ісі өткен. Бұл – бүкіл әлемдегі осындай істердің 93 пайызы.

Журналистер Жан Дундар мен Ердем Гүл еш айыбымыз жоқ деп отыр. Олардың ісі бойынша келесі сот отырысы 22 сәуірде өтпекші.

Дегенмен, Түркия тұрғындары арасында президент Ердоғанның қатал саясатын қолдайтындар да бар. Стамбул маңындағы Ердоған туып-өскен Касымпаша ауылының тұрғыны, 55 жастағы фотограф Сонер Авжыоглу екі журналистің жауапқа тартылғанын дұрыс деп санайды.

– Әлемнің барлық державалары түрлі елдерге, түрлі соғыс аймақтарына қару жібереді. Біздің де солай істеуге қақымыз бар және [Түркияның] орталық барлау агенттігі оны жариялауға тиісті емес, - дейді ол.

Авжыоглу әлгіндей ақпарат тарату арқылы журналистер Түркияның жауларына көмектесіп отыр деп біледі. 1 сәуірде Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин «Түркиядағы қорлар Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы жақтастарына 1,9 миллиард доллардың әскери көмегін жеткізген» деп мәлімдеді.

Ал Түркия өкілі AP агенттігіне сұхбатында бұл мәлімдеме «Ресей жүргізген әскери операциялардан болған бейбіт халықтың қазасы мен қирандылардан елдің назарын аудару үшін» жасалып отыр деді.

(Даниелла Чеслоудың материалы ағылшын тілінен аударылды.)