Түркімен басшысы Ташкентке келіп, Ауғанстанды талқылады. Екі елдің көздегені не?

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Архив суреті.

5 қазанда Түркіменстан мен Өзбекстан президенттері кездесіп, Ауғанстан мәселесін талқылады. Кейінгі жылдары бірнеше рет кездескен екі президент Ауғанстанға қатысты ұқсас саясат ұстанады, ортақ мүддесі де бар.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Өзбекстанға барып, ел президенті Шавкат Мирзияевпен кездесті. Екі ел үшін өте маңызды кездесуде олар осы күндері аймақтағы негізгі тақырыпқа айналған Ауғанстан мәселесін талқылады.

Түркіменстан мен Өзбекстан Ауғанстанға қатысты ұқсас саясат ұстанады. Олардың ықыласы Ауғанстан арқылы өтетін сауда жолдарының экономикалық әлеуетіне ауып отыр.

5 қазандағы кездесуде екі президент те Түркіменстан мен Өзбекстанның "Ауғанстан халқына" көмек көрсетуді жалғастыра беретінін анық байқатты.

Шавкат Мирзияев Ауғанстандағы жағдай "аймақтың дамуындағы қауіпсіздік пен орнықтылыққа" көп ықпал ететінін мәлімдеді.

Бұл жердегі негізгі пікір "орнықты даму" тіркесі болғандай, себебі Түркіменстан мен Өзбекстанға көп пайда әкеле алатын, бірақ Ауғанстандағы тұрақтылық пен осы елге жауапты тұлғалармен әріптестікті қажет ететін жобалар бар.

Солардың бірі – түркімен газын Ауғанстан арқылы Пәкістан мен Үндістанға жеткізеді деп межеленген TAPI жобасы. 1800 шақырымға созылған газ құбыры жылына 33 миллиард текше метр газ экспорттауға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.

ТҮРКІМЕНСТАН МҮДДЕСІ

TAPI жобасы "Талибан" Ауғанстанда 1990-жылдары билік құрған кезде де қарастырылған. Бірақ елде қауіпсіздік орнамай, жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады.

Қазір Түркіменстан тәліптерге келгенде елдің бірінші президенті Сапармұрат Ниязовтың саясатын ұстанады. Ол Түркіменстанның экономикалық мүддесі үшін билікте отырған кез келген тараппен істесуге дайын болған.

Басқа елдерге қарағанда тәліптерге ықпалы басымырақ Пәкістан да TAPI газ құбырының салынғанын қалайды.

Табиғи газдың 1 мың текше метрі мың доллар болып, баға рекордты көрсеткішке жетті. Қаржыдан тарыққан Түркіменстан жобаның алға жылжуын асыға күтіп отыр.

Жобаға инвестор тарту және қаржыландыру проблемасы әлі де бар. Оның үстіне жобадағы Үндістанның рөлі белгісіз. Кейінгі жылдары Үндістанның осы жобаға қатысу-қатыспауы бірнеше рет күн тәртібіне шыққан.

Егер Үндістан жобаға қатысудан бас тартса, оның үлесін Пәкістан қиналмай алатынға ұқсайды. Қазіргі келісім бойынша, TAPI іске қосылғанда Ауғанстан жылына 5 миллиард, Пәкістан 14 миллиард, Үндістан 14 миллиард текше метр түркімен газын сатып алуы тиіс.

Түркіменстан жобаның өз аумағындағы бөлігін аяқтағанын мәлімдеді. Ашғабаттың бұл сөзіне аздаған күмән болған. Бірақ Түркіменстан өз аумағында біршама жұмыс атқарған ұқсайды. Өйткені оның 2019 жылы Ресейдегі зауытынан 219 миллион долларға құбыр алғаны мәлім болып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ TAPI газ құбыры желісі Ауғанстанға жетті

ӨЗБЕКСТАН НЕДЕН ҮМІТТІ?

Өзбекстан үкіметі тәліптермен әріптестікте Сапармұрат Низовтың үлгісін ұстанады.

Бұған дейін хабарланғандай, кейінгі 15 жылда Өзбекстан елді Ауғанстанмен жалғайтын инфрақұрылым жобаларына біршама қаржы құйған.

Кей жобалар аяқталмай, кейбірі басталмай қалған. Бірақ олардың ішінде Өзбекстан үшін темір жол мен электр желісінің құрылысы секілді өте маңызды екі жоба бар.

Өзбекстан темір жол арқылы Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазари-Шариф қаласымен байланысқан.

Қытай Ауғанстанға тауарды осы жолмен жеткізеді. НАТО да Еуропа мен Ауғанстан арасында жүк тасымалдау үшін өзбек темір жолын пайдаланған.

Шілдеден бері Шавкат Мирзияев Пәкістан премьер-министрі Имран Ханмен екі рет кездесті. Екеуінде де Марази-Шарифтен Кабул арқылы Пешаварға баратын темір жол құрылысы басты назарда болды.

Мұндай жол Өзбекстанға, Азия мен Еуропаның басқа елдеріне Араб теңізіндегі Пәкістан порттарымен байланысуға мүмкіндік берер еді.

Бұл жоба екі елдің де жүк тасымалын арттыра алады. Өзбекстан транзит алымынан қосымша табыс тауып, 2018 жылы ауған шекарасы маңында салған Термез жүк орталығының шығынын өтей алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ташкентті тәліптермен тату болуға итермелеген не?

ҚАЗІРГІ ЖОБАЛАР

Бұл болашаққа арналған жобалар. Ал әзірге Түркіменстан мен Өзбекстан электр энергиясын 2001 жылдан кейін салынған желі арқылы экспорттап отыр. Ал қаржыдан тарыққан "Талибан" үкіметінің импорты ақысын төлеуге шамасы жетпей жатыр.

Азия даму банкінің дерегінше, Ауғанстандағы электр энергиясының 73 пайызы импортталады. Оның 57 пайызы Өзбекстаннан, 22 пайызы Ираннан, 17 пайызы Түркіменстаннан, 4 пайызы Тәжікстаннан келеді.

Ауғанстан электр энергиясын импорттауға қанша ақша жұмсайтыны жайлы дерек көп. Бірақ бұл шамамен жылына 300 миллион доллар болады.

Осылайша, Түркіменстан Ауғанстанға электр энергиясын экспорттап, 51 миллион доллар, ал Өзбекстан 171 миллион доллар алады.

Өзбекстан Сурхоннан Кабулдың солтүстігіндегі Пули-Хумриға дейін 260 шақырымға созылған 500 киловаттық желі салып жатыр. Бұл өзбек электр энергиясының Ауғанстанға экспортын 70 пайызға ұлғайта алады.

Түркіменстан электр энергиясы Ауғанстанның солтүстік батысына, өзбектікі Кабулға барады.

Қаңтардың басында Өзбекстанда бірнеше электр станциясы істен шығып, Кабул жарықсыз қалды. 2019 жылы "Талибан" электр желісінің екі бағанын бұзып, ауған астанасында электр энергиясына тапшылық пайда болды.

Жуырда The Wall Street Journal Ауғанстан мемлекеттік электр энергиясы компаниясында импортқа төлейтін 40 миллион доллар барын, Орталық Азия елдері Ауғанстанға электр энергия жіберуін тоқтатуы мүмкін екенін жазды.

Бердімұхамедовтың Өзбекстанға сапары кезінде екі елдің ресми өкілдері Ауғанстанға электр энергиясын экспорттауды тоқтату жоспары жоғын мәлімдеді.

Түркіменстан мен Өзбекстанда дінге қатысты қатаң шектеулер бар. Алайда электр энергиясы экспорты мен Ауғанстанмен темір жол байланысы екі ел үкіметін тәліптердің діни экстремизмін елемеу сауда мүддесіне татитынына сендіргендей. Бұл ірі жобалар жүзеге асса, екі елге де пайдасы тиген болар еді.

Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камаловтың 7 қазанда Кабулға баруы мұны айқындай түскендей. Ол тәліпердің лауазымды тұлғаларымен Сурхон-Пули-Хумри электр желісі мен Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар темір жолының құрылысын талқылаған.

Түркіменстан мен Өзбекстанды Орталық Азиядағы басқа елдерден ерекшелендіріп тұрған тағы бір нәрсе бар.

Түркіменстан мен Өзбекстан Ресеймен де, Қытаймен шектеспейді. Бұл екеуі де оңтүстіктегі көршісін әлеммен байланысу мүмкіндігі көреді.

Оларға тәліптер ұнамауы мүмкін. Олар тіпті "Талибан" деген сөзді айтпай, "Ауғанстандағы үкімет" деуі мүмкін. Бірақ төзімділік пен топпен байланыс Түркіменстанға да, Өзбекстанға да көп пайда табуға көмектесе алады.

Бердімұхамедов пен Мирзияев олай демеді. Дегенмен, осы тұжырым олардың назарынан тыс қалмаған секілді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мазасыз көрші. Орталық Азия елдері Ауғанстандағы тәліптер билігін мойындай ма?