Түркіменстан астанасында тұратындардың көбі таң ата нан алу үшін мемлекеттік дүкен алдындағы ұзын-сонар кезекте тұрады.
Ашғабат пен басқа қалалардағы мұндай кезектер сағаттап тарамауы мүмкін.
Кейде жұрт соңғы нанға немесе тауарға таласып қалып, төбелесіп қалады. Энергетикалық ресурсқа бай елде кейде тауар жетіспей, адамдар үйіне бос қайтады.
Бірақ Түркіменстанның авторитар билігі кедейлік пен экономикалық қиындыққа тап болған адамдарды сыртқы әлемге көрсеткісі келмейді.
Ашғабат полициясы жұрт фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге немесе шетелдегілерге жібере ме деп қауіптеніп, кезекте тұрып смартфон қолданған адамдарды ұстап әкетеді.
"Офицерлер телефоны бар адамдарды мұқият аңдиды. Егер біреу кезекті түсіріп жатыр деп күдіктенетін болса, полиция учаскесіне апарып одан жауап алады" деді Ашғабат тұрғыны Азаттық радиосына 12 қарашада.
Ол қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды сұрады, себебі бәрі қатаң бақыланатын елде билікпен келіспейтіндер қудалауға түседі.
Полициядағы дереккөздің сөзінше, кейде полицейлер форма кимей шығып, жұртпен бірге кезекке тұрады. Осылайша ешкімнің фото-видеоға түсіріп жатпағанына көз жеткізеді.
Азық-түліктің жетіспеуі мен бағаның өсуі бес жыл бұрын басталып, әлі де тоқтар емес. Бұл Түркіменстан халқын одан сайын кедейлендіріп жатыр.
Бірақ экономиканы қалпына келтірудің орнына Ашғабат билігі ақпаратты қатаң бақылауға көшті.
Билік халықтың қиындықтары туралы ақпаратты Түркіменстаннан шығармауға, ал ел билігін сынаған шетелдік ақпаратты елге кіргізбеуге тырысып жатыр.
Проблеманы "жасырып", біреу-міреу түсіріп қалса, кезектің ұзын екенін көрсетпеуге тырысу үшін полиция дүкен алдындағы кезекке 5-10 адамнан артық тұруға рұқсат бермейді дейді Ашғабат тұрғыны.
"Қалғандарына көрінбей, алыста тұруды бұйырады" дейді ол. "Бірінші топтағы адамдар дүкеннен шыққан соң, офицерлер екінші топты жібереді".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ашғабат өзін сынаған Түркиядағы белсенділерге қысымды күшейттіАзаттық радиосы Ашғабатта жасырын түсіріп алған видеода ондаған адамды, оның ішінде балалардың да таң ата мемлекеттік дүкен алдына жиналғанын көруге болады.
Дүкен таңғы 5:30-да ашылғанда, жұрт бір-бірін басып озу үшін ішке лап береді.
Олардың бұл әрекеті соған татитындай, себебі мемлекеттік дүкенде нан ресми бағам бойынша 0,30-0,60 доллар тұрады. Ал базар мен жекеменшік наубайханаларда бұдан он есеге қымбат сатады.
Видеода дүкеннен шыққандардың үш нан ұстағанын көруге болады. Белгіленген ереже бойынша, бір адам мемлекеттік дүкендерден үш нан ғана ала алады.
Күріш, тауық еті мен өсімдік майы секілді негізгі тауарларды арзан бағамен сататын мемлекеттік дүкендер алдында таңертең 100 шақты адам жиналады дейді Азаттыққа бірнеше тұрғын.
Бірақ көбіне тауар жетіспей, сөрелер бос тұрады.
Дүкеннің тұрақты келушілерінің сөзіне сүйінген Азаттық радиосы Ашғабаттағы мемлекеттік дүкендерге түсетін нан кезекте тұрғандардың тек 60 пайызына жететінін айтады. Қалғандары бос қайтып, сол жерге қайта баруға мәжбүр.
СЫНДЫ ЕЛЕМЕУ
Экономикалық дағдарыс күшейген тұста Ашғабат шетелдегі түркімен белсенділерімен күресті күшейтті. Олар жаппай жұмыссыздық, жемқорлық пен азаматтарда еркіндік жоқ елде экономикалық қиындықтар туындағанын айтып жүр.
Қауіпсіздік қызметі Лебап уәлаятында тұрғындармен кездесіп, түркімен белсенділері мен қуғындағы оппозиция мүшелері үкіметке қарсы пропаганда жүргізеді деген.
Сондай кездесулердің бірі 9 қарашада Фараб ауданының мәдени орталығында өтіп, Лебаптан шыққан сегіз саяси белсендіге арналған.
Кездесуде Стамбулда тұратын белсенді Дурсолтан Таганова мен "Түркіменстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысының лидері, Францияда тұратын Мурат Гурбановатың аты аталған.
"Кездесуді ұйымдастырған полиция мен қауіпсіздік қызметі жиналғандарда YouTube-тан осы (белсенділердің) видеосын қарамау керегін айтты" дейді кездесуге қатысқан Лебап тұрғыны.
Шенеуніктер видеоны аз адам көрсе, (белсенділер) YouTube-тен ақша таба алмай, "табыс көзінен айырылатынын айтты" дейді ол.
Фарабтағы кездесуде болған тағы бірнеше адам шенеуніктер жұртты шетелдік БАҚ-қа, оның ішінде Азаттық радиосының Түркімен қызметіне ермеуге шақырғанын айтады. Билік Азаттықтың Түркімен қызметін Американың пропаганда құралы дейді.
Кездесуге қатысқандардың пікірінше, қауіпсіздік қызметінің өкілдері Түркімен қызметінің арзан нан жайлы хабарламаларына ерекше сынмен қарайды.
Түркіменстан біршама әлеуметтік желі мен тәуелсіз сайтты бұғаттады. Бірақ халық оларға VPN арқылы кіре алады.
Кейінгі апталарда Түркіменстан билігі интернет жылдамдығын азайтты. Бұл халықтың ақпарат алуын қиындатты.
Ал осы уақытта мемлекеттік баспасөз құралдары елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаудағы "керемет жетістіктерін", 14 қарашадағы егін күні қарсаңында 1,4 миллион тонна бидай жинағанын жазумен болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Арқадағтың ұлы". Түркіменстанда билік әкеден балаға өткелі тұр ма?