Түркіменстан жаһандық спорт жарыстарын ұйымдастыруда ақшасын аямады, тіпті олимпиада ойындарымен парапар қаржы жұмсады. Бірақ миллиардтаған доллар инвестиция салынған бұл жобаның өзі олимпиада дәрежесіндегі дода емес.
Қыркүйекте Ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер бойынша Азия ойындары (AIMAG) қарсаңында Ашғабатта жаңа «Олимпиада кешенін» ашады. Қыркүйектің 17-сі мен 27-сі аралығында 62 елден келетін 5 мыңға жуық спортшы бақ сынайды. Азия құрлығындағы екінші ірі спорт додасы болатын бұл шараға Түркіменстан қыруар қаржы және адам ресурстарын жұмсады.
Авторитар президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтың өзі ойластырған бұл кешен экономикалық ахуалы мәз емес Түркіменстанда 2010 жылдан бері даулы мәселе болып келеді. Сол жылы Ашғабат Ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер жарысын өткізуге келісті.
Ел астанасы – Ашғабаттың маңынан аумағы 150 гектар болатын кешенге орын босату үшін 50 мыңға жуық қала тұрғыны халықаралық құқық нормаларын бұза отырып басқа жаққа мәжбүрлеп көшірілді. Мұны Amnesty International ұйымы 2015 жылғы есебінде айтқан. Қаланың Чоганлы ауданындағы 10 мыңға жуық саяжай бұзылды. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымының айтуынша, тұрғындарға үйлерінің бұзылатыны бірнеше күн бұрын ғана ескертілген, олардың көбі барар жерлері болмай, қираған үйлерінің қасында қалып қойған.
Кешеннің құрамында 30 нысан бар. Соның ішінде әлемдегі ең ірі деп саналған 6 мың орындық велотрек, жеңіл атлеттердің жабық стадионы, су спорты кешені, жабық теннис алаңы, көппрофильді арена, бірнеше қонақүй (соның ішінде VIP қонақтарға арналған бір қонақүй) және 45 мың адам сиятын «Олимпиада стадионы» бар.
Ұзындығы 5 километр болатын монорельсті шеңбер жолмен жүретін ақ көліктер көрермендерді кешеннің түрлі бөліктеріне тасымалдайды. Ақ түс – Бердімұхаммедовтың жеке басына табынудың нышанына айналған. Бұл кешенді түріктің «Полимекс» компаниясы тұрғызған. Түркімен президентінің үкілеген ірі жобалары – батыстағы Аваза курортты қаласы мен 2,3 миллиард доллар болатын қыран формасындағы әуежайды да осы компания салған. Елдегі туризмді дамытуға серпін береді деген бұл екі жобаның болашағы бұлыңғыр, себебі курортқа келетіндер саны аз, ал әуежай ғимараты шөгіп барады деген ақпарат бар.
Ақпарат құралдарының деректері бойынша, олимпиада кешенінің өзіне 5 миллиард доллар қаражат жұмсаған. 1960 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Жазғы олимпиада ойындарына осы шамада шығын кетеді екен. Ал 2014 жылы Оңтүстік Корея құрлықтағы ең ірі спорт додасы – Азия ойындарын өткізуге бұдан үш есе аз қаржы жұмсаған. Онсыз да ақшадан тапшылық көріп отырған Түркіменстан басқа салаларға инвестиция салуы керек еді дейді сарапшылар.
ЭКОНОМИКА ҚҰЛДЫРАП БАРАДЫ
Шотландиядағы Глазго университетінің Орталық Азия бойынша сарапшысы Лука Анческидің айтуынша, «әсіресе экономикалық дағдарыс болып жатқан кезде жарыс ұйымдастыру елге ауыр соққы болады». Бірақ үкімет бұған бас қатырып отырған жоқ дейді сарапшы.
Түркіменстан – табиғи газ қоры жөнінен әлемде төртінші орын алатын ел, сондықтан оның экономикасы газ саласына тәуелді. Ашғабат ұзақ жылдар газ экспортын Ресей мен Ираннан әрі асыра алмай келді.
Азия даму банкінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы бірнеше жылда энергоресурстар бағасы құлдырағандықтан, түркімен экономикасы да нашарлай бастаған. 2012 жылы ЖІӨ өсімі 11,1 пайыз болса, 2016 жылы ішкі өнім тек 6,2 пайызға өскен.
Соның салдарынан ресми билікті қолдайтын ақсақалдар алқасы 2014 жылы табиғи газ, электр энергиясы, су мен тұзға берілетін субсидиядан бас тарту туралы шешім қабылдады, жанармайды тегін беру де тоқтатылды.
Ақпарат құралдары жер-жерде жалақылардың кешіктірілгені, банктерде қолма-қол ақшаның болмай қалғаны, мемлекеттік дүкендердегі азық-түлік тапшылығы болғаны туралы хабар беріп тұрады. Бұл қарапайым түркімендер үшін қалыпты жағдайға айналған сыңайлы.
ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ
AIMAG ойындарын өткізуге тек үкімет қана қаржы салып жатқан жоқ. Қарапайым азаматтар да қаласын-қаламамасын бұл жобаға уақыты мен ақшасын жұмсап жатыр.
Кей ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, үкімет додаға дайындық шығындарын жабу үшін халықтан қаржы жинап отырады.
Азаттық радиосы Түркімен қызметінің ақпаратына қарағанда, елдің әртүрлі аудандарында тұратын жұмысшылардың айлық жалақыларының 15-20 пайызы ойын өткізуге «ерікті түрде» аударылған. Кәсіпкерлерге де «қаржылай көмек көрсетіңдер» деген пәрмен берілген.
Осындай «ерікті» төлемдердің кесірінен азық-түлік бағасы да артып барады. Президент пен үкіметтің саясатын сынауға тыйым салынған, тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ елде азаматтардың тауқыметі көбейді. Азаттыққа сұхбат берген Ашғабат тұрғындары ойын жақындағалы полиция қаланың имиджін бұзады деген қаңғыбастар мен жезөкшелерді, наркомандарды ұстап жатқанын айтты.
Тіпті студенттерге де қысым көбейген. Ашғабатта жаңа оқу жылы әдеттегіден екі ай ерте – 1 шілдеде басталып, қыркүйектегі ойындар кезінде оқушылар мен студенттер демалысқа шықпақ. Кейбіреулер «студенттерді парадтар мен қойылымдарға «массовка» ретінде пайдаланады» деп күдіктеніп отыр.
ҚАҢЫРАҒАН ҒИМАРАТ
Түркіменстан басшылығы елді спорт державасына айналдырғысы келетінін ашық айтып отыр.
AIMAG ойындарын өткізу туралы шешім шыққан соң Бердімұхаммедов «Ашғабатты әлемнің спорт астанасы айналдырамыз» деп мақсат қойды. Спорттың ешбір түрінен Олимпиада медалін алып көрмеген Түркіменстан үшін бұл – үлкен мақсат.
Үкімет тек халықаралық жарыс өткізіп қана қоймай, жалпы спорт пен дене тәрбиесін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Мемлекеттік телеарналарда спортпен айналысып жүрген бейнесі жиі көрсетілетін Бердімұхаммедов «үкіметтің басты міндеті – спорт және олимпиада қозғалыстарын дамыту, жастары спортқа баулу, азаматтарды бала күнінен спортқа баулу» дейді.
Түркіменстанның шетелдегі оппозициялық басылымдары «экономикалық дағдарыс тұсында AIMAG жобасын қолға алу қисынсыз» дейді. Бұдан гөрі қаржыны қарапайым спортты дамытуға, түркімен спортшыларын, бапкерлерді жаттықтыруға жұмсаған дұрыс еді дейді олар.
Анческидің айтуынша, Түркіменстан спорт жарыстарын өткізу арқылы өзінің «халықаралық дәрежедегі легитимділігін» арттырғысы келеді. Мәселен, көршілес Қазақстан үлкен халықаралық шараларды ұйымдастыру арқылы әлемге танылып жатыр.
Туризм министрлігінің статистикасына қарағанда, 2015 жылы бұл елге 105 мың турист келген.
Түркіменстан туризм министрлігінің болжамы бойынша, қыркүйектегі спорт додасын тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 150 мыңға тарта мейман келмек. Алайда Түркіменстан – шетелдіктердің виза алуына ең көп кедергі жасайтын елдердің бірі. Түркімен визасын алу үшін шетелдік азамат мемлекет тағайындаған гидтің қасында жүруі керек. Туризм министрлігінің статистикасына қарағанда, 2015 жылы бұл елге 105 мың турист келген.
Бағасы арзан болғанына қарамастан, демалыстың ең қызған кезінің өзінде Аваза курорттық аймағындағы бес жұлдызды қонақүйлердің 50 пайызға ғана толған.
Халықаралық спорт додасының вебсайтында 600 мың билеттің сатылатыны айтылғанымен, шетелдіктерге «түркімен визасын алмайынша билет алмай тұра тұруға» кеңес берген.
Ашғабатта қазірдің өзінде 500-ге тарта мәрмәрмен қапталған ғимарат бар. Соның арқасында ол әлемдегі ақ мәрмәрмен көмкерілген ғимараттары ең көп қалаға айналды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ақшаңқан сарайлар мен тұрғын үйлердің көбінде ешкім тұрмайды, жаңа үлгідегі медициналық мекемелерге барған адам жоқ, ал жаңа салынған жолмен жүретін көлік аз.
Түркіменстанның ірі халықаралық спорт шараларын өткізу мүмкіндігі аз екенін ескерген шетелдердегі оппозициялық басылымдар «алып ғимараттардың көбі бір мәрте ғана қолданылып, ертең қаңырап бос қалады» деп болжап отыр.