Түркіменстанда президент сайлауы өтті

Түркіменстандағы президент сайлауында дауыс беруге келген әйел қол қойып жатыр. Ашғабат, 12 ақпан, 2012 жыл.

Бұл - түркімен халқы тәуелсіздік алған 20 жылдағы бірнеше кандидат қатысқан екінші сайлау. Ел басқарудан үміткер сегіз адамның арасында қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхамедов та бар.

Түркіменстан орталық сайлау комиссиясының 12 ақпан күнгі кешкі деректері бойынша, сайлаушылардың 80 пайызы дауыс беруге қатысқан.

Сайлаушының 50 пайыздан көбінің қолдауына ие болған кандидат жеңіске жетеді.

Ел конституциясына сәйкес, президент 5 жыл мерзімге сайланады.

Сайлау барысында түркіменстандық және ТМД елдерінен келген 2 мыңдай бақылаушы мониторинг жүргізді.

ТАҚҚА «ТАЛАСҚАН» ПАРТИЯЛАСТАР

Президенттік қызметінің бес жылдық мерзімін тауысқан Бердімұхамедов бұл жолы

Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов (сол жақта) және қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

жұртқа аса таныс емес жеті кандидатпен бірге сайлауға түсті.

Бұл жолғы кандидаттардың да көбі – елдегі жалғыз партияның – Түркіменстан демократиялық партиясының мүшелері. Энергияға бай, 5 миллион халқы бар, еркін демократиялық сайлау өткізіп көрмеген шағын ел үшін бұл – қалыпты құбылыс.

Осының өзі-ақ «сайлау шартты түрде ғана өткелі жатыр» деген пікірге тамызық болған еді.


САЙЛАУҒА ҚАТЫСҚАН СЕГІЗ КАНДИДАТ

Гурбангулы Бердімұхамедов – 55 жаста, бұрынғы тіс дәрігері. Қызметке кіріскен соң ол бұрынғы президенттің бірнеше жарлығын түгелдей өзгертіп, ауылдағы ауруханаларды қайта ашты, интернеттің таралуына жол ашты. Біраз уақыты Түркіменбашының культын қиратуға кетті. Алайда жеме-жемге келгенде ол да өзінің жеке авторитарлы саясатын таңып, өзінің жеке басына табындыруды қолға алды. 2010 жылы өткен әскери парадта оған «Арқадағ» деген атақ берілді.

Ярмухаммед Оразгулиев – энергетика және индустрия министрі. Ол «тұрмыс деңгейі мен жалақыны көтеремін, әлеуметтік жәрдемдерді қамтамасыз етуді қорғаймын» деген популистік платформа ұсынды. «Ауыл шаруашылығы, мұнай және газ саласын дамытуға қабілетті тәжірбиелі де мықты менджер» ретінде мақталады.

Аннагелді Язмурадов – су ресурстарын реттеу министрі. Ол сайлау қарсаңында «елдің бәрі таза ауыз су ішуі керек» деген ұран айтты. Бердімұхамедовтің зор жетістіктерін айтып, президентті біраз мақтады.

Реджеп Базаров – Дашогуз уәлаяты әкімінің орынбасары. Оны кандидаттыққа фермерлер ұсынған. Базаров «демократияны түркімен қағидаларына негіздеп дамытамын», «аймақтағы су ресурстарына қатысты мәселені шешіп, ауыл шаруашылығын гүлдендіремін» деген жоспарын айтқан.

Какагелді Абдиллаев – мемлекеттік «Түркіменгаз» газ компаниясының Маригаз басқармасын басқарады. Ол «газ экспорты деңгейін арттырамын» деп уәде берді.
Түркіменстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси сферадағы жеткен жетістіктері – Бердімұхамедовтің арқасы.

Есендурды Гайыбов – Түркіменстанның шығысындағы Лебап уәлаятындағы құрылыс компаниясының басшысы. Ол «Түркіменстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси сферадағы жеткен жетістіктері – Бердімұхамедовтің арқасы» деген сөздің авторы.

Гурбанмаммет Молланиязов – мемлекеттік «Түркменбейт» компаниясына қарасты, мұнай мен газ саласындағы жөндеу жұмыстарымен айналысатын «Небитгазабатлаис» компаниясының директоры. Ол «қазіргі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жалғастыруға, экономиканы нығайтуға, елдің болашақта өркендеуіне» міндеттеме алды.

Сапармұрат Батыров – Ахал уәлаятындағы мақта фабрикасын басқарады. Ол «Түркменстанның бейтараптық саясаты – әлемдік қауымдастық таң қалатын тамаша модель» дейді. Елдегі энергетика мен отын, ауылшарушылығы мен мата, көлік және туризм өндірісінде жұмыс істеген.

«БӘРІНЕ БІРДЕЙ МҮМКІНДІК»

Түркіменстан сайлау комиссиясының басшылары «сайлауды отандық және шетелдік 60-тан аса бақылаушы ұйымдар қадағалайды» деп хабарлаған еді.

Бірақ ЕҚЫҰ Адам құқықтары мен демократия институты қаңтар айында «Түркіменстандағы сайлауды бақылауға мамандар жібермейміз» деп мәлімдеді. Ұйым

Түркіменстандағы сайлау кампаниясы. 27 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

​сайлауды бақылау туралы Түркіменстан үкіметінен арнайы шақырту алмағандарын айтқан.

ЕҚЫҰ сонда да Ашғабатқа санаулы ғана бақылаушыларын жіберді. Түркіменстандық ақпарат құралдары шетелдік өкілдердің «орталық сайлау комиссиясының басшыларымен кездескенде сайлау реформаларымен, елдегі демократияны күшейту үшін жасалып жатқан шаралардың бәрімен танысқанын» хабарлады.

Ал ТМД елдерінен барған бақылаушылар комиссиясы Түркіменстандағы сайлауға дайындық шараларын «барлық кандидаттарға бірдей мүмкіндіктер бергені үшін» мақтаған еді.

«ТАҢДАУЛЫ» КЕЗДЕСУЛЕР

Түркіменстанның мемлекетке қарасты телеарналары барлық кандидаттарға эфирден уақыт берді. Алайда бәсекелестер арасында ешқандай да сөз таласы болған жоқ.

Бердімұхамедовпен бәсекеге түскен жеті кандидат сайлаушылармен кездесу үшін облыстарға барып қайтты. Кездесулер жалпы жұрттан жабық өтті. Жиналыстарға қоғамдық секторлардан сұрыпталып алынған, жақсы киінген жұмысшылар мен студенттер ғана қатысты.

Ал Бердімұхамедовтің сайлау науқаны ақпарат құралдарында баса насихатталып, көбірек көрсетілді.