Бұрын сауда менеджері болған 41 жастағы Руслан Ресей Украинаға басқыншылық жасаған алғашқы күндерден-ақ дрон басқаруды үйренген. Ол қауіпсіздік мақсатында толық аты-жөнін атамауды өтінді.
Соғыстың бірінші күні Ресей әскері Гостомельге шабуыл жасағанда, Руслан құрамына кіретін резервистер бөлімі әуежайға жақын маңда жүрген.
Украина күштері Ресейге қарсы тұруға тырысып жатқанда, Руслан істейтін бөлім 72-артиллерия полкіне көмек керек екенін білген. Дрон болмаса да, олар қарап қалмаған.
"Командада біреуде дрон бар еді, – деп еске алады ол. – Сегіз жігіт бар еді: біреуі ұшыратын, қалғандары күзетіп жүретін".
Жеті айдан соң Руслан Киевтегі "Крук" дрондар мектебінде қабілетін шыңдап жатыр. Бұл – өте маңызды әскери-барлау іс-қимылын орындау үшін мыңдаған дрон операторын дайындау бағдарламасының бір бөлігі.
Таңертең көкке шығуға арналған орындықта отырған Руслан көбірек үйренгісі келетінін байқатты. "Соғыста дрон басқаруды бүге-шүгесіне дейін қарап шығатындай уақыт болған жоқ" дейді ол.
"ӨТЕ МАҢЫЗДЫ ПРОБЛЕМА"
Украинада әлеуметтік желі арқылы армияға дрон сатып алуға ақша жинау науқаны жиі өткізіледі. Дегенмен, "Біз үшін ең үлкен проблема – пилоттардың жетіспеушілігі" дейді Киевте орналасқан "Дронариум" орталығының 45 жастағы жаттықтырушысы Макс. Ол қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін толық атамауды өтінді.
"Украинада дрон операторлары жетіспейді, – деді "Крук" дрон операторы мектебінің жаттықтырушысы Антон Фролов. – Тәжірибелі пилоттар өте аз".
Дрондар жаудың позициясы мен осал тұстарын анықтауда маңызды рөл атқаратындықтан, оларды басқаратын операторға сұраныс та жоғары.
"Әуеде жеңіске жетсек, соғысты да жеңеміз" дейді Фролов.
Тіпті, қатты дамымаған, коммерция жағынан қолжетімді дрондардың өзі "маңызды актив" саналады деп жазды Америкадағы әскери-теңіз зерттеулер орталығының сарапшысы Сэмюел Бенндетт.
ДРОНДАР СОҒЫСЫ
Сегіз ай бойы жалғасып жатқан соғыста Ресей де, Украина да дрондарды әртүрлі мақсатта пайдаланады. Екі жақта да барлау деректерін жинау немесе шабуыл жасау үшін үш жүз шақырымға дейін ұша алатын дрондар бар.
Сонымен қатар азаматтық дрондар да қолданылады. Мұндай құрылғыларды әсіресе, Украина тарапы жиі пайдаланады.
Әуеден фото түсіруге арналған дрондар әскери дрондарға қарағанда анағұрлым арзан. Қазір оларды танктер мен қару-жарақ қоймаларын табу үшін қолданып жатыр.
Шілденің басында Украина армиясы цифрлық трансформация министрлігімен бірге "Дрондар армиясы" бастамасын қолға алған.
Бастама әскери дрондар сатып алуға ақша жинауды, дрондарды азаматтардан сыйға алуды, дрон операторларын дайындайтын мектептерде жауынгерлердің дайындықтан өтуін көздейді.
"ӘР ВЗВОДҚА БІР ПИЛОТ"
Дрондарға қарағанда, оны барынша тиімді пайдаланатын білікті операторлар одан да маңызды.
Соғыс басталғанда дрон операторы болуға құлшынғандар көп болған. Бірақ дайындығы жоқ кадрлар айтарлықтай шығынға ұшыратты дейді "Дронариум" инструкторы Макс.
"Олар өте көп шығынға ұшырады, – деді ол. – Олар мұны тек бейбіт жағдайдағы призма арқылы қарастырған".
Кей жағдайда Ресей дрондардың қауіпсіздік қызметін пайдалана отырып, операторларды анықтап, соларды көздеген деді цифрлық трансформация министрі Михаил Федоров.
Білікті мамандарға сұраныс жоғары болғандықтан, Украина дрон операторларын дайындауды қолға алған.
"Алдағы 2-3 айда 2 мыңға жуық операторды үйретуді жоспарлап отырмыз" деді Федоров "Форбс Украина" басылымына.
"Крук" пен "Дронариум" мектебі азаматтар мен цифрлық трансформация министрлігінен қаржылай қолдау алады.
"Крук" мектебі сәуірден бері төрт жүз оператор дайындады деді Азаттыққа жаттықтырушы Фролов. Ал "Дронаруим" мектебінің сайтында соғыс басталғалы олардың 871 оператор дайындағаны жазылған.
"Дронариумның" бас жаттықтырушысы Александр қазір мектепте төрт жүз оператор оқып жатыр деді. Ол да аты-жөні аталғанын қаламады.
Ол әр взводта бір дрон операторы болса дейді. Украина қарулы күштері қатарында 700 мыңнан астам адам барын ескерсек, бұл мақсатқа жету үшін мыңдаған оператор қажет.
"БЕС МИНУТ ҚАНА ҰШАДЫ"
Қыркүйектің салқын күні таңертең "Крук" мектебінің 25 жастағы инструкторы Илья Трохин бір топ адамға дрон басқаруды үйретіп жатты.
"Басыңды тарт!" деп айғайлады Трохин дрон жібергелі жатқан біреуге.
Соның алдында ғана дронның қалағы біреудің саусағын кесіп кетіпті.
Сноуборд теуіп жүрген достарын видеоға түсіріп жүріп дрон басқаруды үйренген Трохин курстың нәтижелі болуы адамның қызығушылығына байланысты дейді.
"Курстанттың құлшынысы өте маңызды" деді ол Азаттыққа қатысушылар дронды ұшырып-қондырып жатқанда.
"Крук" пен "Дронариум" жаттықтырушылары операторлардың дрон басқару кезінде ұсталып қалмауы өте маңызды екенін, оларға жасырыну амалдары да үйретілетінін айтады.
Операторлар Ресейдің арнайы бөлімдері дрондарды бақылауға алғанда не істеу керегін де үйренеді. "Дронариумда" істейтін Александр мұндайда қалай әрекет ету керек екені жағдайға байланысты дейді. Басқа қызметтері істен шықса да, дрон қозғалысын жалғастыра беру маңызды дейді ол.
"Крук" орталығы ынта білдірген адамдарға бомба операцияларын да үйретеді. Олар жарылғыш бомбалардың салмағына сай келетін ұсақ бомбалармен жұмыс істейді.
Жаттықтырушылардың сөзі Украинаның дрон операторларын көптеп дайындау ұмтылысын сипаттап тұрғандай.
"Дронариумда" жұмыс істейтін 28 жастағы жаттықтырушы бұрын Харьковта оператор көмекшісі болған. Оператор жұмыстан кеткенде, тәжірибесі болмаса да, оны сол орынға бекіткен. Ол бәрін жұмыс барысында үйренгенін айтады.
"Дронариум" тек коммерциялық үлгілермен жаттықтырады. Александр олардың арасында он мың доллар тұратын, ауыл шаруашылығы мен өндірісте қолданылатынын DJI Matrice 30T моделі бар екенін айтады.
Дрондар сатып алынған күйі қолданылмайды. Александр дрондарға Ресейден қорғауға арналған жүйелер енгізілген дейді.
Украина сарбазы Ресей дрондарға қарсы белсенді әрекет ететінін растады. Ресейдің электронды соғыстағы белсенді әрекетінен соң азаматтық дрондар соғыста бес минут қана шыдас бере алады дейді Фролов.
Украина дрон операторларын көптеп дайындауға ұмтылып, қымбат үлгілердің қатарын толтырып жатқан Ресеймен жарысқа түсіп отыр.
Осы айдың басында Ресей азаматтары мен Украинаның шығысындағы Ресей оккупациялаған аудандардан келген операторлар дрон ұшыру конкурсын, Новгород қаласында тәжірибе алмасу мақсатында дәрістер өткізді.
Ресейде өткен іс-шараның әлеуметтік желідегі арнасы "дрон операторлары жетіспейтіні және жақсы инструкторлар жоқтың қасы екені белгілі болды" деп жазды.
Курсқа қатысушылар Ресей дрондардың қажеттілігіне айтарлықтай мән бермей отырғанын айтты дейді ұйымдастырушылар.
Ал Украина операторлар дайындаулы жылдамдатып, дрондар сатып алып жатыр.
"Басқа таңдау қалдырған жоқ" деді Федоров Азаттыққа. "Мына орынық ұша алса, ол да ұшар еді" деді ол қасындағы орындықты нұсқап.