“Зеленский жақсы бастап еді, бірақ қазір оған не болып жүр?” дейді шаруаларымен Донецк пен Дондағы Ростов қаласының арасында көп жүретін кәсіпкер Андрей. Ол Украина президентінен не күткенін нақты түсіндіре алмайды, бірақ көп жұрттың Киевтің бақылауына кірмейтін аудандарға қатысты пікірі ұқсас: тұрғындар сайлау алдында берілген уәделерге сеніп, әлдебір ғажайып болады, әйтеуір бейбітшілік орнайды деп күткен. Шынайы жағдай көп адамның көңілін құлазытады. Қазір Донецкіде деградация, еңбекке жарамды халықтың жаппай көшуі, Ресеймен интеграция, шенеуніктер мен әскерилер әл-ауқатының артуы сияқты бір-біріне кереғар процестер жүріп жатыр.
ЖҰМЫСШЫЛАР АЗАЙЫП БАРАДЫ
“Мәскеу мен Донецк қара жұмысшыларды жақсы көреді! Ал олар азайып барады!” дейді Дондағы Ростов қаласында Донецкідегі кәсіпорынның бөлімшесі саналатын шағын бизнесін жүргізетін азамат. Донецкінің онсыз да кішігірім нарығы (Украинаның бұрынғы Донецк облысының үштен біріне тең) қазір “ЛХР-дың” карантин кордонымен одан әрі шектеліп отыр (ЛХР – өзін "Луганск халық республикасы" деп жариялаған, сепаратистер бақылауындағы Украина аймағы – Ред.) Ресейге тауар шығару қиын, кедендік шараларға кемі үш күн уақыт кетеді. Бұл тауарларға Украинаға арналған кеден салығы салынуы мүмкін. Ресей нарығына шығудың жалғыз жедел жолы Дондағы Ростов қаласы арқылы өтеді.
Жұмысшыларды Донецкіде жинайды. Жергілікті тілде “горбовый” деп аталатын, жұмыс күнінің ұзақтығына қатысты артық сөз айтпай, жанын салып жұмыс істейтін адамдар азайып барады. Кәсіби білікті металлургтер жақын маңдағы Липецкіге, шахтерлар топтасып Ресейдің қиыр солтүстігіне жұмысқа кетеді. Ал Донсбастың құрылысшылары, такси жүргізушілері мен қара жұмысшыларын Мәскеуден Сочиге дейін кез келген жерден кездестіруге болады.
“Торезде шахтада пайдалы қазбаны тазартатын жұмысшы болып істедім.
Соңында жалақымыз 10 мың рубльге дейін түсіп кетті. Соның өзін төрт-бес бөліп, 10–25 пайыздан төлеп жүрді.
Соңында жалақымыз 10 мың рубльге дейін түсіп кетті. Соның өзін төрт-бес бөліп, 10–25 пайыздан төлеп жүрді. Қолыңа 2500 рубль тигенде, “пәтерге төлейін бе, үйге азық-түлік апарайын ба, әлде аяқкиім сатып алайын ба?!” деп ойланасың” дейді Сочиде такси жүргізушісі болып істейтін Александр Василевич. Оның отбасы Дондағы Ростов қаласында тұрады. Өзі Сочиде бір бөлмені жалға алған. Туған қаласы Торезде бір жыл болмаған, жақында әйелімен ажырасқалы жатыр. Бұл “ДХР” (өзін "Донецк халық республикасы" деп жариялаған, сепаратистер бақылауындағы Украина аймағы – Ред.) тұрғындары үшін қалыпты көрініске айналған.
Кәсіпорындарда жалақыны кешіктіру әдеті қалыптасқан: “Макеевуголь” бірлестігінің шахталарында желтоқсанның басында тамыздағы жалақының 25 пайызын бере бастаған. Қара жұмыстан арланбайтын, пысық адамдар әлдеқашан Ресейге кетіп қалған. Шыдамды азаматтар әзер күн көріп жүр: шахтадағы жетекші мамандардың жалақысы қазір жергілікті халық үшін “жақсы” саналатын 25–27 мың рубльді құрайды. Оның 25 пайызы – 6–7 мың рубль. Бұл мектептегі мұғалім мен жұмысын жаңа бастаған дәрігердің табысымен бірдей. Өз баспанасы бар, әйелі жұмыс істейтін адамдардың өзі жылы үйінде отырып, шарасыз күйде жағдайы түзелетін күнді күтуге мәжбүр. Металлургиялық кәсіпорын немесе аспалы жол дайындайтын зауытта істейтін, жалақысы 12 мың рубльден аспайтын, осы ақшаның өзін айлар бойы дұрыс ала алмай жүрген жұмысшылардың жағдайы тіпті ауыр.
Азаматтары өзге жаққа кетіп, бала-шағасы елде қалған әулеттер мен “ДХР” шекарасынан шықпай, үйінде соғыстың аяқталуын күтіп отырған отбасылар – бір-бірімен салыстыруға келмейтін екі шынайылық іспетті.
БІРНЕШЕ ҚҰЖАТ ҰСТАУ – ҚАЛЫПТЫ ҚҰБЫЛЫС
Украина президенттігіне Владимир Зеленский келгеннен кейін, 2019 жылдың 14 маусымынан бастап, Донбастың өзін-өзі жариялаған республикаларында жергілікті азаматтарға ұйымдасқан түрде Ресей төлқұжаты беріле бастады.
Бірақ “бейбіт процесс ушыға түскен” бір жыл ішінде бұл конвейер мүлде басқа қарқын алған. Мемлекеттік думаның ТМД елдері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс бойынша комитеті төрағасының орынбасары Виктор
Дума депутаты Донбаста Ресейдің 600-800 мың азаматы пайда болады деп болжаған.
Әзірге бұл болжам орындалған жоқ: “ДХР-да” жыл соңына қарай 170 мың Ресей азаматы болады. Бір қызығы, бұл бәсекеде Донецк үнемі Луганскінің соңында қалып келеді. Халқы әлдеқайда аз “ЛХР” әкімшілік жағынан әлдеқайда мықты әрі ұйымдасқан түрде әрекет етеді. Қазірге дейін “ЛХР-да” Ресей төлқұжатын алған адамдар саны “ДХР-дан” 5–10 мыңға көп.
Водолацкий болжаған қарқынды ұстап тұруға бірінші кезекте қатаң норма кедергі болды: Ресей Федерациясының төлқұжаты өзін-өзі жариялаған республиканың төлқұжатын алған адамдарға ғана беріледі. Былтырғы жылдың бір белгісі – осы: ешкімге қажеті жоқ “ішкі құжат” шенеуніктер мен әскерилердің билікке адалдығының арқасында сепаратистер қолындағы территорияда өмір сүруге және шекара асуға қажетті басты құжатқа айналды. Ресей Федерациясы үкіметінің коронавирус пандемиясы кезінде өз территориясына Донецк және Луганск облыстарындағы Украина азаматтарын ғана кіргізу туралы қаулысы да отқа май құйғандай әсер етті.
Донецкіде тіркеуде тұрған, Украинаның төлқұжаты бар азаматтар күнделікті тексеруден өтеді. Украинада бұл құжаттарды жаңа пластик ID-картаға ғана ауыстыруға болады. Бұл карталар тіркеуде тұрғаны туралы А4 форматындағы мекенжай анықтамасы болған жағдайда ғана жарамды және барлық жерде бірдей шекарадан өтуге жарайтын құжат ретінде мойындала бермейді. Мысалы, Харьков түбіндегі Украина мен Ресей арасындағы “Нехотеевка” деп аталатын ең үлкен шекара бекетінде бұл қағазды қабылдамайды. Ресей шекарашылары Донецкіге бара жатқан пластик картасы бар қарт адамдарды Нехотеевкадан 300 километр жердегі Луганск облысындағы Меловое кеден бекетіне жібереді.
“ДХР” төлқұжаты Ресейге кіруге қажетті заңды құжат саналады және барлық жерге жарайды. Донбастағы мәселелерден хабары жоқ адамдарға бұл мүдделер қақтығысын түсіну қиын. Украинаның бақылауына кірмейтін аудандарда 600 мыңнан астам адам тұрады. Ондағы зейнеткерлер әлі де Украинадан зейнетақы алады, мыңдаған студент Донецкіде немесе Луганскіде емес, Украинада оқиды, қос тарапта туыстық байланыстары сақталған қаншама адам бар. Бұл адамдардың бәрі “ДХР-дан” Украинаға бір жолмен – Ресей арқылы ғана бара алады. Олар Украинадан өз елінің шетелге шығуға арналған төлқұжатымен шығып, Ресейдің кедендік бекетінде Донецк немесе Луганск облысында тұратынын растайтын құжат көрсетуі керек. Донбастың Украинаның бақылауына кірмейтін ауданына өтерде Ресейдің кеден қызметкерлері өзін-өзі жарялаған республикаларда тіркеуде тұрғанын көрсететін қағаз немесе “ДХР” төлқұжатын сұрайды. Қарсы тарапта қандай да бір “жергілікті” құжат талап етіледі, ал ресейлік төлқұжат болса, сапардың мақсатын негіздеп, түсіндіру керек болады.
“Менде Украина, Ресей, “ДХР” төлқұжаты, Украинаның шетелге шығуға арналған құжаты және биометрикалық анықтама деп аталатын бес құжат бар. Бастысы, әр шекарада шатаспай, дұрыс құжат көрсету керек!” – дейді Донбасс тұрғыны Сергей. Ол Ресейде жұмыс істейді, бірақ карантин кезінде отбасымен екі рет Киевте тұратын әкесіне барып қайтқан.
Өткен жаңа жылда Донецкіде “комендаттық сағатсыз апта” бастамасы тәжірибеден өтті. Апта бойы кешкісін Украина төлқұжаты немесе көлік нөмірімен жүрген азаматтар жаппай ұсталды. Биыл мереке күндері коменданттық сағатты алып тастау тәжірибесін қайталау жоспарланып отыр.
Одан бері бір жыл өтті. Ал Донецкіде украиналық нөмірі бар көліктер өте аз кездеседі. Мұндай көліктерді бірден тоқтатады. Енді көлігіне міндетті жергілікті ОСАГО сақтандыру куәлігін алуға кезекке тұрғандар көбейді. Көп адам салыстырмалы түрде қауіпсіз жүру үшін “ДХР” төлқұжаты керек екенін түсінді. Халықты өзін-өзі жариялаған республиканың өміріне тарту үшін зейнетақы қорының әртүрлі құжаттары, жылжымайтын мүлік пен көліктерді қайта тіркету, нөмір алу, коммуналдық төлемдерге жеңілдік жасау, мемлекеттік бағдарламалар аясында немесе биліктің рұқсатымен берілетін гуманитарлық көмек тарату, әскери комиссариатқа міндетті тіркеуге тұру (онсыз жұмысқа кіру мүмкін емес), салық төлеу, туу және неке туралы куәлік алу, қайтыс болғаны жөнінде анықтама алу, ең ақыры, төлқұжат алу сияқты ресми амалдар қолданылып жатыр.
“ДХР” төлқұжатын алуға кезек әзірге 2021 жылдың қарашасына дейін белгіленген. Төлқұжатты тез тіркету үшін таныс керек. Осыдан кейін ғана Ресей азаматтығы туралы құжатқа қол жеткізуге болады.
Қазір жергілікті тұрғындар үшін ең қиын тапсырма – Ресей аумағында заңды тіркеуге тұру. Халық арасында “жолы болған” әккі адамдардың хикаялары көп талқыланады. “ДХР-да” тіркеуге тұрған жағдайда Ресей төлқұжаты “шынайы” құжатқа айналып, жақсы зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мен ана капиталын алуға, мемлекеттік медициналық сақтандыруға қол жеткізуге, өз атына кәсіпорын тіркетуге мүмкіндік туады.
Жергілікті халықтың жеті жыл бойы коменданттық сағат енгізілген аймақта өмір сүріп келе жатқаны, Ресейде де, Украинада да азаматтық құқығын жүзеге асыра алмай отырғаны қатты сезіледі.
БЕЙБІТ ПРОЦЕСКЕ ҰҚСАМАЙДЫ
Күздің маңызды жаңалығы – 2014 жылдан бастап соғыс қимылдарына қатысушы куәлігі беріле бастады. Жеті жыл бойы соғысқа қатысқан жауынгерлер “еріктілер” деп аталып келген. Олардың жерлеу шығындарын ғана өз мойнына алған мемлекет жауынгерлерге басқа ешқандай көмек бермейтін (“ЛХР-да” осындай бір ғана жеңілдігі бар “заң” қабылданған). Қазір ДХР халықтық кеңесі жеңілдіктер туралы “заң” және куәлік беру тәртібі туралы ереже қабылдаған. Содан бері құжат беру процесі қарқынды жүріп жатыр.
Бұл тұста жергілікті ерекшелікті ескеру керек. Осы уақытқа дейін “ДХР” билігі адамдардың қарсы тараптың әскерімен араны бөліп тұрған түйісу сызығынан жаппай өтуіне қарсы күрес жүргізіп келген. “ДХР-дың” электронды базалары өте әлсіз қорғалған: “Донецк республикасы” қоғамдық қозғалысының 200 мың мүшесі қамтылған реестр (мұнда көбіне бюджет мекемелерінің қызметкерлерін тіркейді) мүлде ашық тұр. Интернеттен “ДХР-дан” аккредитация алған журналистер базасын, қаржы министрлігінің серверлерінде сақталған мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы туралы есептерді табуға болады. Тіпті “Миротворец” сайтының қолында Ресей шекарасы арқылы өткен адамдардың төлқұжат нөмірлері мен басқа да деректері жазылған электронды база бар.
Ресейді жақтаушы сепаратистердің қатарында соғыс қимылдарына қатысқаны туралы куәлік алған азаматтардың майданда болған уақыты мен қай бөлімде қызмет еткені жазылған деректер базасы Украина прокуратурасы үшін дайын құжат саналады. Тек прокуратурадан қорқатындар жоқтың қасы, сондықтан мұндай куәлік алуға кезекке тұрған ер адамдар көп.
Владимир Зеленский Ресейге қарай жасаған қадамы арқылы жергілікті халықты бір ғана нәрсеге сендірді: Украина тек үлкен компромистердің арқасында ғана бұл аймаққа орала алады.
Бұл сенімді көп жерден байқауға болады. Мысалы, Донецкіде жергілікті халық жылжымайтын мүлік туралы келісімшарттарды қосымша украиналық нотариустарға апарып әуре болмайды. Жұрт қажет болған жағдайда жергілікті құжаттар мен келісімшарттарды заңдастыруға мүмкіндік берілетініне сенеді. Одан бөлек, мұнда украиналық нотариустар берген сенімхаттар, 2014 жылдан кейін Украина заңдары бойынша жасалған жылжымайтын мүлік жөніндегі келісімшарттар “мемлекеттік деңгейде” мойындалмайтын болған. Бұл құжаттар қосымша растауды қажет етеді. 2014 жылға дейін рәсімделген құжаттардың заңды күші бар, бірақ Донецк, Торез және Макеевканың басқа жаққа көшкен бұрынғы тұрғындары өз пәтерлерін ең көп дегенде соғысқа дейінгі бағасының ⅙ бөлігіне тең ақшаға ғана сата алады. Бірақ пәтерді сатпас бұрын жылжымайтын мүліктің барлық құжаттарын “ДХР” заңдары бойынша қайта рәсімдеу керек.
Болып жатқан оқиғалардың бәрі, әсіресе мемлекеттік құрылымдарда істейтін азаматтар үшін (“ДХР-да” басқа сенімді жұмыс жоқ – адамдарды “бюджет” қана асырап отыр) Ресеймен барынша тығыз қарым-қатынаста болу керек екенін көрсетеді.
Сепаратистер бақылауындағы аймақтан еңбекке қабілетті, экономикалық белсенді халық және жаңа билікті қолдамайтындар кетіп жатыр
Соған қарамастан, шенеуніктер, әскерилер мен зейнеткерлердің тұрмысы жақсарған. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жоспарлы түрде үшінші рет көтеріледі. Осыған дейін аталған мемлекеттік төлемдер Сталин кезіндегідей екі рет, қаңтарда және шілдеде өскен. Зейнетақыны Дондағы Ростов қаласының деңгейіне жеткізбесе де, кедейліктен сақтайтын шекке дейін аздап көтеріп жатыр. Қазір Украинаның бақылауына кірмейтін аймақтардағы ең төменгі зейнетақы көлемі 4 мың рубль, 1 қаңтардан бастап оған тағы 20% үстеме қосылады. Базардағы қарапайым саудагер, шаштараз бен зауытта істейтін жұмысшының өзі 8 мың рубль жалақы алады. 9 мың рубль жүз еуроға тең. 12 мың рубль – жергілікті халық үшін жақсы жалақы саналады. Тәжірибелі мұғалімдер мен дәрігерлер “кезекшілігі”, “сынып жетекшісі” болғаны, артық жұмыс істегені үшін барлық үстеме ақыларды қосқанда осынша ақша алады.
Есесіне, әскерилер мен жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктердің жалақысы көтеріліп, өзін-өзі жариялаған республикалардағы Ресейдің жақтастары артықшылығы көп топқа айнала бастады. Майданда жүрген қатардағы жауынгерлер 15 мыңның орнына 20 мың рубль, капитаннан бастап полиция офицері, ведомстволардың жетекші мамандары, департамент басшылары 2020 жылы 30-40 мың рубль шамасында жалақы алатын болды.
Былтырғы желтоқсанда азаматтық тұлғалар түйісу сызығын 1 175 000 мыңнан астам рет кесіп өткен. Биыл Украинаның қыркүйек айында жариялаған статистикасы ғана белгілі: Донецк облысында жұмыс істейтін жалғыз “Новотроицкое” бақылау-өткізу пункті арқылы үш мың адам, Станица Луганская арқылы 83 мың адам өткен. 2020 жылы желтоқсанда бұл көрсеткіштер азаюы мүмкін.
“Новотроицкое” бақылау-өткізу пунктінде 15 желтоқсан күні Украина билігі екі қабатты сауда орталығы, банк пен “Новая почта” бөлімшесін ашуды жоспарлап отыр. Дәл осындай жұмыстар Луганск облысындағы әлі ашылмаған Счастье және Золото бақылау-өткізу пунктерінде де жүріп жатқан болуы мүмкін.
Бірақ Донецкідегі “әскерилер” үшін басқа белгі әлдеқайда маңызды көрініп отыр: бірнеше айдан бері “Новотроицкое” бақылау-өткізу пунктіндегі украиналық шекарашылар Донецкіге адамдарды “ДХР күндері” деп аталатын дүйсенбі мен жұмада “ДХР территориясына SARS-CoV-2 вирусынан туған коронавирустық инфекция алып кіру және таратудың алдын-алу жөніндегі ведомствоаралық оперативті штаб” бекіткен ресми тізім бойынша ғана өткізеді. Адамдар электронды өтініш толтырып, бір ай бойы жауап күтіп, Донецкіден ресми рұқсат алғаннан кейін ғана өзін-өзі жариялаған республика билігі белгілеген күні түйісу сызығынан өтуге барады. Олардың аты-жөні тізімде болмаса, украиналық шекарашылар Украина қауіпсіздік қызметінің базасында күші жойылмаған куәлігі болғанына қарамастан, ешкімді арғы бетке өткізбейді.
Өзін-өзі республика жариялаған аймақ басшылары жүздеген мың адамның майдан шебін кесіп өтуін тоқтатты. Бұл Донбаста "азаматтық соғыстың" елесі де жоқ екенін, Украинаның бақылауына кірмейтін аймақтағы бейбіт халық ұрысқа араласудан қашатынын кез келген сарапшыдан артық түсіндіріп берді.
Өндіріс біртіндеп құлдырап жатыр. Донбастың технологиялық тізбегі 2017 жылы наурызда түгел қираған.
Қазір екі арадағы түйісу сызығы жабық тұр. "ДХР" бұл шешімге карантин шараларының қатысы жоғын жасырмайды. Тұтқын алмасу болып жатқан жоқ, 2020 жылы 27 шілдеде енгізілген демаркациялық сызық бойында оқ атуды толықтай тоқтату режиміне қарамастан, соғыс тоқтаған жоқ. Макеевка, Ясиноватая және Донецкінің солтүстік аудандарында Авдеевка түбінде және әуежай жақтан миномет пен артиллериядан атылған оқ дауысы естіліп тұрады. Өндіріс біртіндеп құлдырап жатыр. Донбастың технологиялық тізбегі 2017 жылы наурызда түгел қираған.
Коменданттық сағат аясындағы өмір жалғасып жатыр. Қараңғы түскеннен кейін қалада тіршілік тоқтап, кешкі 21.00-ден кейін қоғамдық көлік жүрмейді.
Азаттықтың Орыс қызметінің материалы аударылып берілді.