Украинаның шығысында үкімет әскері ресейшіл сепаратистерді тықсырып барады. Қысылтаяң шақта көтерілісшілер басшысы сепаратистерге боқтық сөз айтуға тыйым салды.
Игорь Гиркин жарлығында "Біз – православие дінінің жауынгерлеріміз. Орыста былапыт сөз болмаған. Бейпіл сөздерді киелі жерлерімізді қорлау үшін жаулар шығарған» дейді.
Гиркин (лақап аты – Стрелков) журналистерге «Ресейдің ФСБ-сында (Федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) 2013 жылдың наурыз айына дейін ғана қызмет еткенін» мәлімдеген еді. Ал Киев оның «Ресей әскери барлауының қызметкері» екенін, «Украинаға бүлік шығару үшін жіберілгенін» айтады.
Украина әскерінің шабуылдарынан шегініп барып Донецкіге бекінген сепаратистердің Гиркиннің бұл жарлығын орындайтын-орындамайтыны белгісіз. Сепаратистерді жақсы білетіндердің оған күмәні бар.
Бірақ Гиркин қатулы. Ол «жаудың тілімен сөйлемейік, ол біздің рухымызға зиян» дегенде, боқтық сөздерді орыс тіліне украин тілінен енген деп ойлайтын болса керек.
(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Рахат Мамырбек)