Стрелковтың «жараланғаны» сепаратистерді алаңдатты

Өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасының әскербасыларының бірі Игорь Стрелков (Гиркин). Донецк, 28 шілде 2014 жыл.

Шығыс Украинадағы сепаратистердің ақпарат агенттігі бүлікшілер командирі Игорь Стрелковтың ауыр жараланғанын хабарлаған еді. Бірақ басқалары бұл деректі терістейді.

Шығыс Украинадағы Луганск пен Донецкідегі бірқатар сепаратист басшылары қызметтен кететіндерін немесе соғысты тастайтындарын мәлімдеп жатқанда бұл жаңалық сепаратистерге оңай тимеді.

СТРЕЛКОВ ҚАЙДА КЕТТІ?

Сепаратистердің ақпарат агенттігі бүлікшілердің әйгілі командирі Игорь Стрелков (Игорь Гиркин) ауыр жараланды деп хабарлады да, одан кейінгі жаңалықтарда үнсіз қалды. Енді Стрелковтың және Украинаның елді мезі еткен сепаратистерінің тағдырына болжам жасаушылар көбейді.

Өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасының (ДХР) бейресми ақпарат агенттігі «Новороссия» ДХР қорғаныс министрі Стрелковтың ауыр жараланғанын, жағдайы қиын екенін хабарлаған еді.

Бұл мәлімдемені ДХР-дің бұрынғы жетекшісі Денис Пушилин де қайталап, ол жайында толық білгісі келетінін айтты. Пушилин командирдің жарақатына қарамастан Шығыс Украинадағы соғыс жалғасатынын, Стрелковтың көптеген командирлер дайындағанын, ізбасарлары бар екенін ескертті.

Өзін-өзі республика деп жариялаған құрылымның басқа өкілдері бұл мәлімдемені растамады. Стрелковтың орынбасары Федор Березин «Игорь Георгиевичтің (Стрелковтың – ред.) жағдайы жақсы» деді.

ДХР қауіпсіздік кеңесінің мүшесі Сергей Кавтарадзе бұл сыбыстың бәрі «сандырақ», «шешімтал ұрыс алдында көтерілісшілердің рухын түсіру үшін таратылған» деді. Кавтарадзе «Новороссия» агенттігін жалған ақпарат берді деп айыптап, «Игорь Стрелков аман және жағдайы жақсы» деп мәлімдеді.

ДХР-дің тағы бір шенеунігі, премьер-министрдің орынбасары саналатын Андрей Пургин ақпараттың шын-өтірігін білмейтінін айтты. Ол Стрелковтың соғыс аймағында жүргенін, сондықтан жарақат алуы әбден мүмкін екенін ескертті.

Діни қызметкер мен Игорь Стрелков. Донецк, 10 шілде 2014 жыл.

Ал ДХР-дің бұрынғы премьер-министрі Александр Бородайдың сөзінше, Стрелков жараланбаған. Бородай тамыздың 14-інде Life News арнасына берген сұқбатында Стрелков отставкаға кеткенін, оның орнына Царь деген лақап аты бар адам келетінін айтты.

43 жастағы мәскеулік Стрелков Шығыс Украинада жүріп жатқан соғыста жағымсыз сипатталатын адамдардың бірі. Ресейлік азамат Стрелковты Ресей әскери барлау қызметінің офицері деп санайтындар да бар. Ол Кремль ұйымдастырған бірнеше әскери операцияларға, соның ішінде 1992 жылғы Приднестровье ұрысына және шешендерге қарсы екі шабуылға қатысқан.

Мәскеу «сепаратистік соғысқа еш қатысы жоқ» екенін айтса да, Украинада Стрелковты Мәскеудің тыңшысы санайтындар көп. Украина үкіметі Стрелковты украиналық азаматтар мен қарулы күштерге аяусыз шабуылдады деп айыптаса, халықаралық деңгейде малайзиялық MH17 рейсі ұшағының апатқа себепкер деген күдік бар. «Ол ұшақты украиналық әскери-тасымал ұшағымен шатастырған» дейді күмәнданушылар. Сол апаттан 298 адам опат болған еді.

Кейбіреулер Стрелковтың жараланғанын жайлы хабарға қарап, MH17 апаты кезінде беделі түскен Мәскеу оны қателігіне бола жаза ретінде кері қайтарып алды жорамалдайды.

Бірақ сарапшы Марк Галеотти Стрелков Мәскеуге оралса қаһарман деп құрметтеліп, саяси лауазым иеленуі мүмкін екенін айтады. Галеоттидің сөзінше, «ол расымен жараланса, Стрелковтың жоқтығы аймақтағы бүлікшілерге соққы болып тиеді».

«ЕГЕУҚҰЙРЫҚ СИЯҚТЫ ҚАШЫП ЖАТЫР»

Жуырда ресейлік командирлерден көңілі қалған сепаратистердің бірі оларды «шайқас күшейген сайын егеуқұйрық сияқты қашып жатыр» деп сөккен еді.

Өзін-өзі сайлап алған ДХР басшысы және жоғарғы кеңес төрағасы деп аталатын Пушилин МН17 рейсіне қатысты оқиғадан соң, шілденің 18-інде қызметінен кететінін мәлімдеп, Мәскеуге оралған.

Өзін ДХР премьер-министрі деп атаған Александр Бородай. Донецк, 18 шілде 2014 жыл.

ДХР премьер-министрі, мәскеулік Александр Бородай да тамыздың 7-сі күні қызметінен кетті. «Новороссия» агенттігі ол кетерден бір сағат бұрын «Бородай қызметін тастамайды» деп мәлімдеген еді. Бородай зорлық-зомбылықтың күшейіп келе жатқанынан қашпағанын, «қиындықтың бәрі артта қалды» деп сенгенін айтқан.

Оның орнын басқан украиналық Александр Захарченко Мәскеуден тек «моральдық көмек» керек екенін айтты.

Көршілес Луганск облысында да міндетін орындаудан жүрексінгендер шықты. Украина азаматы, өзін-өзі сайлап алған Луганск халық республикасының (ЛХР) төрағасы Валерий Болотов тамыздың 14-і күні жарақат алғандықтан қызметтен кететінін мәлімдеді. Болотов ЛХР-дің қазіргі қорғаныс министрі Игорь Плотницкийден қызметін қабылдауды сұрады.

Қызметін тастаған Болотов украиналық жауынгерлердің барған сайын қарқын алып бара жатқанын мойындап, «ЛХР гуманитарлық апат алдында тұр» деді. Шілденің 29-ы күні гуманитарлық дәліз құрылғаннан бері 7 мың бейбіт тұрғын Луганскіден кеткен.

Киев антитеррорлық кампания аясында Донецкіге соққы беріп жатыр. Соңғы төрт айда 838 бейбіт тұрғын қаза тапты, соңғы үш күнде ғана 74 адам көз жұмды.

БҰҰ тамыздың 13-і күні сепаратистер мен үкімет күштері арасындағы қақтығыстан опат болғандар саны соңғы екі аптада екі есе артқанын, жалпы саны 2086 адамға жеткенін хабарлады.

Ал Ресей Луганскіге 300 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жіберді. Мәскеу «сепаратистерге арналған әскери жабдықты көмек деп бүркемелеп отыр» деген айыпты жоққа шығарды.

Азаттық тілшісі Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.