2009 жылы украиналық әнші Анастасия Приходько Eurovision («Евровидение») ән байқауына Ресей атынан қатысқан. Сол байқауда ол «Мамо» деген махаббат туралы әнді орыс және украин тілдерінде шырқаған.
Әкесі орыс Настя Eurovision байқауына қатысар алдында сұхбат беріп, екі ел арасындағы «рухани және тарихи жақындықты» ерекше ықыласпен айта келе, «осы бауырластық туралы ән айтпау күнә болар еді» деген.
Арада бес жыл өтті, Украина әскері елдің шығысындағы ресейшіл сепаратистермен соғысып жатыр, ал екі ел арасындағы баяғы бауырластықтан жұрнақ та қалмады.
ӘНШІНІҢ СЕРТІ
Приходьконың Ресейге қатысты пікірі де өзгерді. Украинаны жақтаған азаматтық ұстанымы үшін Ресей ақпарат құралдары оны жаппай кінәлауға көшті. Кей телеарналар тіпті оны елдің қас жаулары қатарына қосты.
27 жастағы әнші өткен айда «енді ешқашан Ресейде ән айтпаймын» деп мәлімдеді. Ол Азаттыққа берген сұхбатында:
- Неге Ресейге баруым керек? Оккупанттар алдында ән айту мен үшін отанға опасыздық жасағанмен тең екенін бұрын да айтқанмын. Сол айтқаным айтқан, сертім мәңгілік, – деді.
Анастасия Приходьконың Eurovision байқауында айтқан «Мамо» әні:
Киевте тұратын Анастасия Приходько 2007 жылы Ресейдегі «Жұлдыздар фабрикасы» талантты әншілер байқауында жеңіске жеткен соң елге танылған.
Былтыр күзде Киевте Еуропамен интеграцияны жақтаған шерулер басталғанға дейін оның әндерін Ресейде сүйіп тыңдайтын, өзі де Ресей телеарналарындағы хабарларға жиі түсетін.
Бірақ қақтығыс кезінде Украинаны тым қатты жақтағаны үшін ресейліктер одан теріс айналған сыңайлы.
– Желтоқсанның 14-і күні Майданда ән салып, саяси көзқарасымды алғаш рет ашық білдірдім. Ол кезде Янукович әлі президент болатын, біз басымызды қатерге тіктік. Бірақ еліміздің болашағына деген жанашырлық қарақан басымыздың қамынан жоғары тұрды, – дейді ол.
Соңғы апталарда Приходько қақтығыс ошағына айналған Украинаның шығысындағы ондаған қалада тұрғындар мен жауынгерлерге арнап концерт қойды.
«БАТЫРЛАР ЕШҚАШАН ӨЛМЕЙДІ»
Қыркүйектің 20-сы күні сахнаға украин ұлттық көйлегін киіп шыққан ол «батырлар ешқашан өлмейді» атты жаңа патриоттық әнін айтты.
Тілге шебер әнші сахнада ғана емес, Twitter желісінде де сепаратистерге қарсы майдан ашты. Осы желідегі парақшасына ол мұздай қаруланған украин солдаттарының қасында пышақпен ойнап тұрған суретін іліп қойған.
«Өзін жұлдыз жасап шығарған Ресейді сыйламады» деген жұртқа оның жауабы қысқа. Ол «Танылуыма анам мен Грузияда туып, Украинада тұрған бұрынғы продюсерім Константин Меладзе септігін тигізді» дейді.
– Бұл дауысты, бұл талантты маған Ресей берген жоқ. Мұның бәрі маған анамнан дарыған. Украинада тұратын грузин ұлтының өкілі мені бағалап, жарыққа шығарды. Ал Ресейдің «Жұлдыздар фабрикасына» шығуым – тағдырдың сыйы болды, – дейді әнші.
Анастасия Приходько Украинаның Ресей телеарналарын көрсетуге тыйым салу туралы шешімін қолдайды. Оның ойынша, Ресей телеарналары «өтірікті, өшпенділікті және ақымақтықты насихаттап отыр».
«САНДЫРАҚТАРЫН КӨРУДІҢ ӨЗІ ҚЫЗЫҚ»
Тамыздың 31-і күні «НТВ» телеарнасынан Приходьконы Ресейді жек көретін оппортунист адам ретінде сипаттаған «Хунтаның 17 досы» деген хабар көрсетілді.
Ресей ақпарат құралдары Майданнан соң билікке келген Украина үкіметіне «Хунта» деп ат қойғаны белгілі. Телеарна Ресейдің Украинадағы әрекеттерін сынаған ресейлік әртістер мен танымал тұлғалардың қатарында Приходьконы да түйреп өтеді.
Хабарда Приходьконың орыс әжесі «немерем әулет абыройын төкті» деп көзіне жас алады.
– Ресей ақпарат құралдарының сандырағын көрудің өзі қызық. Тіпті хабардың атауының өзі күлкілі, – дейді Анастасия.
Ауру кісіні мазақтауға болмайды. Бұлар да бір күні дертінен айығар. Бастысы – жақсы дәрігер табу керек. Өкінішке қарай, жуық арада Ресейден ондай дәрігер шыға қоймас.
Кремльді совет кезеңінен бері қолдап келе жатқан ресейлік әнші Иосиф Кобзон да Приходьконың атына ауыр сөз айтты.
Ол Анастасияның 2009 жылы Eurovision-да айтқан әнін «масқара» деп бағалап, өзін «Қожайын тапсырмасымен Ресейді жамандап жүрген, жезөкше сияқты салғыласатын көше әншісі» атады. Кобзонның «қожайын» деп кімді тұспалдап тұрғаны белгісіз.
Ал Анастасия Приходько Кобзонның «шығармашылықтан жұрдай» екенін айтып, оның «Донецкідегі мүсінін алып тастау керек» деген ұсыныс жасады. Приходько өзін сынап жатқандар хақында:
– Ауру кісіні мазақтауға болмайды. Бұлар да бір күні дертінен айығар. Бастысы – жақсы дәрігер табу керек. Өкінішке қарай, жуық арада Ресейден ондай дәрігер шыға қоймас, – дейді.
(Дмитрий Волчек пен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)