Голливуд 2016 жылы шығарған «Өзіне қол салушылар тобы» атты фильмде үкіметтің құпия мекемесі түрмеге қамалған қылмыскерлерді әлемді зұлымдардан құтқару мақсатында астыртын іс-әрекет жасауға мәжбүрлейді. Осы фильмнен алынған үш сурет СБУ-дың Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына қыркүйектің 1-і күні «СБУ құпия түрмесіндегі тұтқындар» деген тақырыппен жарияланды. Бірақ кейін оны өшіріп тастады.
Бұған дейін, биыл маусым айында, Amnesty International және Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымдары Украина қауіпсіздік қызметіне қатысты «Сен өмірде жоқсың» Шығыс Украинадағы еркінен тыс ұстау, күштеп жоғалту және азаптау» атты баяндама жариялаған болатын.
Ал тамыздың 23-і күні халықаралық екі ұйым Украина үкіметінің шенеуніктеріне хат жолдап, «бізді ұрлап әкетіп, Харьков түрмесінде қамауда ұстады» деген 12 ер адам және 1 әйел адамның басынан өткен жағдайды баяндаған. Тұтқындар биыл шілде және тамыз айларында бостандыққа шыққан.
Құқық қорғаушылар сыртқы әлеммен байланыссыз қалған әлі бірталай адам қамауда отыр деген ақпарат барын айтады. Баяндамада Харьковтан бөлек, Шығыс Украинаның Краматорск, Изюм және Мариуполь тәрізді қалаларындағы кемінде үш «бейресми қамау орны» туралы жазылған.
Amnesty International мен HRW «2014 жылдың желтоқсанынан бері СБУ тұтқынында болдық» деген екі ер адамнан сұхбат алған. Ол екеуі өздерін үйлерінен ұрлап әкетіп, азаптап, «Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистердің хабаршысы» болғандарын «мойындауға» мәжбүрлегенін айтқан.
Украина әскері мен ресейшіл сепаратистер арасында қарулы қақтығыстар 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы көктемде Ресей Қырым түбегін аннексиялап алған соң, Украинаның Донецк және Луганск облыстарында өзін-өзі «халық республикасы» деп жариялаған ресейшіл сепаратистер әлі күнге дейін Киевтегі орталық үкіметке бағынбай отыр.
Украина билігі құпия түрмелердің бар екенін мойындамайды. ВВС-дің Украина қызметінің хабарлауынша, СБУ штабының төрағасы Александр Ткачук Харьковте сотқа дейінгі тергеу ісін жүргізетін бөлімше ғана бар екенін айтқан.
«Бұл ғимаратта тергеу жүргізіледі, тұтқындардың көбі сол жерден өтеді, сондықтан оны УҚҚ құпия түрмесі деп айыптаушылар көп» деген Ткачук. Украинада құпия түрмелер бар ма деген тікелей сұраққа ол: «Өкінішке қарай, өмірде мүмкін емес дейтін ештеңе жоқ. Бұл ақпаратты мұқият тексереміз» деп жауап берген.
Халықаралық екі құқық қорғау ұйымының бірлескен есебінде ресейшіл сепаратистердің де өздері бақылауда ұстап отырған аумақтағы адамдарды заңсыз қамап, азаптайтыны айтылған.
Украинаның шығысында қарулы жанжал басталғалы бері 9500-ден аса адам қаза тапқан. Халықаралық қауымдастықтың жанжалды тоқтатуға бағытталған талпыныстары әзірге нәтижесіз қалып отыр.
(Анна Шаманскаяның мақаласы ағылшыннан аударылды.)