Қазақстандағы ахыска түріктері. Сталин жер аударған халықтың аяқталмаған күресі

Өзбекстанның Ферғана өңіріндегі ұлтаралық жанжал кезінде бас сауғалап бара жатқан ахыска түріктері.

1944 жылы қарашада совет билігі Түркия шекарасына жақын Грузия аудандарында тұратын 115 мыңнан аса месхет түрігін Орталық Азия елдеріне мәжбүрлеп жер аударды. Қақаған қыста тоңып, әбден ашыққан мыңдаған адам мал таситын вагондарда қаза тапты. 77 жыл өтсе де, бірнеше елге тарыдай шашылған ахыска түріктері әлі күнге дейін атамекеніне орала алмай жүр.

Жүйткіген вагондар ішінде мыңдаған адам бүрісіп отыр. Бәрінің қарны аш. Үйінен асығыс шыққан жұрт жылы киім мен тамақ алып үлгермеген. Бұл адамдар – Сталин бұйрығымен Грузия ССР-інен Орталық Азия елдеріне жер аударылып бара жатқан ахыска түріктері еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында "жауға болысты" деген күдікпен көшірілгендер арасында 8 жасар Билор да бар. Кішкентай қыз бұл сапарда көп ауылдасының қазасына куә болды. Күн суыған сайын ашығып, ауырып қайтыс болған адамдар көбейе берді. Қақаған қыста марқұмдарды ешкім жерлеп жатпады. Стансаға аялдағанда солдаттар мәйіттерді сыртқа шығарып тастайды да, пойыз әрмен қарай жүре береді...

Ахыска түрік қызы. Көрнекі сурет.

Билор – Грузин ССР-інің оңтүстігіндегі Түркия шекарасына жақын Аспиндза ауданының Толош ауылында тұратын месхет түрік қызы. Балалық шағы соғыс жылдарына тап келгенімен, үй іші қоңыр тіршілік кешіп, бүлдіршін бейқам өсіп келе жатқан. Билордың үйінде сиыр мен қойға толы қора, шағын бақша бар. Жарты жылдан бері мектепке барып жүр. Үйдегілермен түрік тілінде сөйлесіп, мектепте грузинше оқиды. Құрбы-құрдастарымен ойыны таусылмайды.

14 қарашада түсте жүк көлігімен солдаттар ауылға суыт жеткенде кішкентай Билордың бақытты күндері аяқталды. Әскерилер жұртты жинап, оларға дереу басқа жаққа уақытша көшу керегін айтады. Ауыл адамдарына араша түсетін ешкім жоқ еді. Ер адамдар түгел майданға аттанған. Билордың екі ағасы да қызыл әскер қатарында фашистерге қарсы соғысып жүр. Үйде Билордың әке-шешесі, 14 жастағы ағасы, соғысқа кеткен ағасының аяғы ауыр келіншегі мен олардың екі қызы тұрады.

Бірер сағаттан соң кішкентай Билор мен оның үй іші мыңдаған месхет түрігімен бірге мал таситын вагоннан бір-ақ шықты.

АЛҒАШ РЕПРЕССИЯЛАНҒАН ХАЛЫҚ

Месхетия – Грузияның оңтүстігіндегі Түркия шекарасына жақын орналасқан өңірдің тарихи атауы. Совет кезеңінде бұл аймақта 220-дай ауыл болған. Бұл ауылдарда грузиндерден бөлек, мұсылман дінін ұстанатын түркітілдес халықтар тұрды. Оның арасында түріктер де бар. Оларды "месхет түріктері" не "ахыска түріктері" деп атайды.

Бұрын Месхетияда бірнеше ғасыр бойы түркітілдес тайпалар өмір сүрген. 16 ғасырдың екінші жартысында өңірді Осман империясы жаулап алды. Ал 1828-1829 жылдардағы орыс-түрік соғысынан соң Месхетия Ресей патшалығының құрамына өтті. Содан бері өңір бірде түрік империясының, бірде орыс патшалығының иелігінде болды. Ақыры 1921 жылы, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Осман империясымен келісім жасалып, Месхетия советтік Грузия құрамында қалды.

Әзербайжандық саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Ариф Юнусовтың жазуынша, СССР билігіндегі коммунистердің аз ұлттарға қатысты репрессияшыл саясатына алғаш ұшыраған осы – месхет түріктері. Тарихшының дерегінше, 1928-1937 жылдары ахыска түріктерінің онсыз да аз зиялы қауымы түгелдей қудаланып, кейбірі ату жазасына кесілген.

Кейін коммунистер месхет түріктерін "әзербайжан" деп жазады. Құжаттарда түріктерді грузинше фамилия алуға мәжбүрлейді. Ал 1939 жылы түріктер тұратын аймақтардағы мектептер грузин тілінде ғана оқыта бастады.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 46 мыңнан аса месхет түрігі фашистік Германияға қарсы соғысқа алынды. Оның жартысынан көбі – 26 мыңдай жауынгер майданда қаза тапты. Оққа ұшқандар арасында Билордың ағасы да бар еді. Ол соғыста жүргенде туған сәбиін көрген жоқ. Жүздеген месхет түрігі медаль мен орден иеленіп, сегіз азамат Совет одағының батыры атанды.

Соғыс аяқталып, месхет түрік солдаттары үйіне қайтқанда ауылда туыс-туғанынан ешкім жоқ еді.

"ВАГОНҒА ҚОЙ СИЯҚТЫ ЛАҚТЫРДЫ"

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар тұста, 1944 жылғы шілдеде СССР халық комиссары Лаврентий Берия Сталинге хат жазып, Грузияның Түркия шекарасына жақын аймақтарында тұратын мұсылман халықты – 8694 күрдті, 1385 хемшилді және 76021 месхет түрігін Орталық Азия елдеріне депортациялауды ұсынады. Берия Сталинге хатында "Бұл өңірдің халқы Түркия тұрғындарымен туыс болып келеді. Олар контрабандамен айналысады. Эмиграциялық көңіл-күй байқатып, түрік барлау қызметтерінің тыңшылығына жәрдемдесіп, бандит топтарды орнықтырып жатыр" деп жазады.

Ондаған мың месхет түрігі қызыл әскер қатарында фашистерге қарсы соғысып жатқанына қарамастан, совет билігі олардың елде қалып, жұмысқа жегілген жақындарын "жауға болысты" деген айыппен жыраққа жер аударып жіберуді ұйғарады. Совет билігі депортацияға 14 қарашада кіріседі.

Халықты жүк көлігімен вагонға тасыған.

Қазір Билор Тутадзе – 86 жастағы әжей. Алматы облысындағы Көксай ауылында ескілеу көк үйде 51 жастағы кенже ұлы Құрбанның қолында тұрады. Қария таяққа сүйеніп, сәл еңкейіп баяу қозғалады.

Билор әжей кішкентайында Грузин ССР-інен Алматы облысына қандай азаппен келгенін әлі ұмытпаған. Олар отырған вагон ауылдан күздің күн суымаған шағында шығып, Қазақстанға шыңылтыр аязда, 1944 жылы желтоқсанның аяғында жетеді.

Бір айға жуық уақытқа созылған бұл сапар ешкімге оңай соқпады. Оқиға куәгерлерінің баяндауынша, солдат толы көліктер ауыл-ауылды аралап, аймақта әскери оқу-жаттығу өтетінін, екі сағат ішінде жиналып, көшуге әзір тұру керегін айтады. Ауыл адамдарына "бұл уақытша ғана нәрсе, бірнеше күннен кейін ауылға қайтып келесіздер" дейді. Ол кезде жұрт мұның өтірік екенін білген жоқ.

Үш күн ішінде 115 мыңнан аса адамды жүк көліктерімен аудан орталығындағы теміржол станциясына тасып, кезек-кезек вагондарға артады.

– Бізді вагонға қой сияқты лақтырды, – дейді Билор әжей.

17 қарашада кешкісін адам лық толы эшелон Грузиядан жолға шықты.

Билор әжей әке-шешесінің не пима, не пальто алмағанын, вагон ішінде қатты тоңғанын айтады. Жер аударылғанның көбі қариялар, әйелдер мен балалар еді. Соғыста мертіккен жауынгерлер де бар.

Мал таситын вагондарда оларға ешқандай жағдай жасалмады. Әр вагонға жиырма шақты отбасынан артқан. Ине шаншар жер жоқ. Бір вагонға жарты шелек быламық пен екі-үш наннан ғана береді. Сонда ас ішіп, сол жерде дәретке де отырады. Жұрттың көзінше дәрет сындыруға ұялған адамдардың қуығы жарылып өлген.

Жер аударылғандар 28 күн жол жүреді. Осы уақыт аралығында ашыққан, суық тиіп сырқаттанған 17 мыңға жуық месхет түрігі көз жұмды.

Билор Тутадзе.

Мәжбүрлеп көшірілгендердің жартысынан астамы – Өзбекстанға, 29 мыңдай адам – Қазақстанға, 11 мыңдай азамат Қырғызстанға түсіріледі.

Кішкентай Билор мен оның туыстары тиелген вагон Алматы облысындағы Шамалған стансасына келіп тоқтайды. Тутадзе отбасын Әділбек есімді азамат ат-шанаға отырғызып, сол кезде "Путь Ильича", қазір Көксай деп аталатын ауылға әкеледі.

– Қазақтар бізді өте жақсы қабылдады. Үйіне кіргізіп, тамақ берді, барын бөлісті, – дейді әжей.

Билордың туыстары суыққа да шыдап, аштыққа да төзіп аман жетеді. Бірақ ауылға жетіп, орныға бастағанда жер аударылған халық арасында қаза көбейген.

Соғыста оққа ұшқан ағасының жеті және бес жасар екі қызы ауылға жеткен бірер айдан кейін суық тиіп көз жұмған. Бір жыл болмай Билордың әкесі де аяқ астынан төсек тартып жатып қалып, үш күннен соң дүние салады.

– Әкем "ай, ішім, ай, ішім" деді де, тұра алмай қалды. Ауылда не дәрі, не дәрігер жоқ. Бұл жаққа келгенде көп адам өлді ғой, – дейді әжей.

Түрлі дерек бойынша, Грузиядан Орталық Азия елдеріне депортацияланып келген жарты жыл ішінде 37 мың адам қайтыс болған. Оның 17 мыңы – бала.

1944 жылғы 2 желтоқсанда Берия Сталинге тағы да хат жазады. Ол Грузин ССР-ындағы шекара аумағынан халықтарды көшіру "сәтті жүзеге асырылуына байланысты" осы операцияда ерекше көзге түскен НКВД қызметкерлерін марапаттауды сұрайды. 413 адамға награда табысталады.

12 ЖЫЛДЫҚ ШЕКТЕУ

Депортацияланған месхет түріктері жаңа мекендерінде де ұзақ уақыт еркін өмір сүрген жоқ. Совет билігі оларға "арнайы қоныстанушы" мәртебесін беріп, комендант режимінде бақылауда ұстады.

Олар қоныстанған елдімекен ішінде еркін жүріп-тұра алмады. Тұрғылықты жерінен рұқсатсыз алыстап кетуге тыйым салынды. Айына екі рет күш құрылымдарына барып, белгіленіп тұрды.

Ахыска түріктері көп қоныстанған елдімекеннің бірі – Алматы облысындағы Көксай ауылы.

Мұндай шектеулер 12 жылдан соң ғана алынды. 1956 жылы сәуірде СССР жоғарғы кеңесі президиумының қаулысы шықты. Онда соғыс кезінде депортацияланған басқа да халықтармен бірге месхет түріктеріне қатысты комендант режимнің де алынғаны айтылды. Бірақ қаулыда "мұндай шектеудің алынуы оларға материалдық өтемақы төленеді деген сөз емес және бұл олар қоныс аударған жерге қайтып баруға жол бермейді" деп жазылған.

Кішкентай Билор мен үй іші "Путь Ильича" ауылына бейімделіп жатты. Соғыстан оралып, Қазақстаннан отбасын әрең тапқан ағасы жұмысқа тұрып, ауылда үй салды.

Бұл ауылдағы мектепте оқыған месхет түріктері қазақша да, орысша да жақсы сөйлейді. Бірақ Билор әжей тек түрікше әңгімелеседі. Ағасы Билорды оқуға бермек болған. Бірақ шешесі қарсы болыпты.

– Керек киім-кешекті ағам сатып алып берді. Бірақ шешем "Ой, қыз балаға оқудың не керегі бар?" деп жібермей қойды. Колхоз егістігінде жұмыс істедім, – дейді әжей.

Билор 16 жасында ауылдағы бір месхет түрігіне тұрмысқа шығады. Екеуі алты баланы өмірге әкеліп, бағып-қағып өсіреді. Күйеуі 1995 жылы көз жұмады. Қазір әжейдің отыздан аса немере-шөбересі бар.

Билор Тутадзе мен күйеуі.

Әжей Қазақстанға алғаш келгенде күтіп алған Әділбекті де, кейін отбасын түгел үйіне паналатқан Қаныбекті те ұмытпаған. Балалары мен немерелері олардың отбасымен әлі күнге дейін араласады. Билор әжей – кішкентайында ахыска түріктерінің атамекенін, кейін суық вагон мен көгерген мәйіттерді көзімен көрген ауылдағы аз адамның бірі. Қазақстандағы бұл халықтың көнекөз қариялары жылдан-жылға азайып барады.

– Сіздерді солай күштеп көшіріп жіберуін қылмыс деп санайсыз ба? – деп сұрадым. Әжей естімей қалған сияқты.

– Білмеймін, – деді сәл ойланып.

– Әрине, бұл – қылмыс, – деді ұлы Құрбан. – Ең өкініштісі, біз сияқты жер аударылған осетиндер, шешендер, болгарлар мен татарлар – бәрі он жылдан соң үйіне қайтып барды. Ал бізге ештеңе демеді. Не келіңдер, не келмеңдер деген жоқ.

АТАМЕКЕНГЕ ҰМТЫЛЫС

Комендант режимінен босаған соң месхет түріктерінің соғыс кезінде өзіне тағылған айыпты жоюға, атамекеніне оралуға деген ұзақ жылғы күресі басталды.

1974 жылғы қаңтарда совет билігі месхет түріктерінің одақтың кез келген ауданына көшіп баруына мүмкіндік беретін қаулы шығарды. Бірақ Грузия билігі бейресми түрде ахыска түріктерінің тарихи отанына оралуы үшін өзін "грузин" деп, тегін өзгерту талабын қойды. Тап осы жылдары "месхет түріктері шын мәнінде ислам дінін қабылдап, түркіленіп кеткен грузиндер" деген әңгіме шықты.

Соған қарамастан, 1980 жылдары 186 отбасы – 1211 месхет түрігі Тбилисидің бейресми талабымен өзін "мұсылман грузин" деп танып, Грузияға көшіп келді. Алайда билік оларды бұрын өздері тұрған ауылдарға емес, Грузияның батыс бөлігіндегі елдімекендерге жіберді. Жаңа жерде олар жергілікті өкіметтің қырына ұшырап, басқа елдерге шашырап кетті. 90-жылдарға қарай бұл аймақта 35 месхет түрік отбасы ғана қалды.

1989 жылы мамыр-маусым айларында Өзбекстанның Ферғана облысында, 1990 жылы ақпан-наурыз айларында Букин мен Паркент аудандарында ұлтаралық жанжал болып, 100-ден аса адам өлді. Оның 66-сы – ахыска түрігі болды. Аз ұлт өкілдерінің қатыгездікпен өлтіріліп, кейбірін өртеп жібергені, екіқабат әйелдердің ішін жарғаны туралы деректер бар. Екі мың адам жараланған. Үрейленген түріктер жаппай бас сауғалады. 1991 жылға қарай 90 мыңнан аса месхет түрігі Өзбекстаннан көшіп кеткені белгілі болды. Олар Қазақстан, Ресей мен Әзербайжанға бет алды.

2010 жылы көктемде Бішкекте болған ұлтаралық қақтығыс кезінде үйі өртенген ахыска түрік азаматы.

Жаңа мекендерінде де ахыска түріктердің күйі келмеді. Ресейге кеткен түріктің көбі Солтүстік Кавказ, Краснодар мен Ставрополь өңірлеріне қоныстанды. Олар жергілікті билік пен халықтың, әсіресе казактардың қысымына ұшырады. Бұл аймақтарда ұлтаралық жанжалдар әлі күнге дейін болып тұрады. Ресейдегі қысымға шыдамаған ахыска түріктері АҚШ-қа көш түзеді.

СССР билігіне Михаил Горбачев келіп, оның қайта құру саясатын бастауы ахыска түріктерінің үмітін оятты. Олар түбегейлі ақталып, отанымызға ораламыз деп ойлады. 1991 жылы сәуірде СССР жоғарғы кеңесі "Репрессияланған халықтарды ақтау туралы" заң қабылдады. Бұл құжатта соғыс кезінде айып тағылып, депортацияланған оннан аса халықтың кінәсіз қудаланғаны айтылған.

Алайда бұл заң да халықтың отанына оралуына жол ашпады. Месхет түріктері қауымдастықтарының түрлі жылдары жасаған мәлімдемелеріне қарағанда, Грузия билігі оларды атамекеніне қайтаруға мүдделі емес.

2008 жылы Грузия парламенті "СССР билігі 20 ғасырдың 40-жылдары мәжбүрлеп көшірген тұлғаларды репатриациялау туралы" заң қабылдады.

Көп жыл күткен бұл құжат ахыскалардың атамекеніне оралуына ыңғайлы жағдай жасаған жоқ. Мәселен, елге оралу үшін құжаттарды бір жыл ішінде жинау керек. Онда 17 түрлі анықтама бар. Көбіне орта білімді, шаруаға бейімделген месхет түріктерінің мұның бәрін жинауға қалтасы көтермейді. Оған қоса, өтініші мақұлдана салады деген де сөз жоқ: Грузия билігі жеті адамы бар бір отбасындағы төрт адамға елге қайтуға рұқсат етіп, қалған үшеуінің өтініш мақұлдамаған жағдайлар болған.

Грузияға оралған ахыска түрік отбасы.

Оның үстіне месхет түріктері Грузияға көшіп келіп, азаматтық бергенін екі жыл күтуі керек. Ал өзің келген елдің азаматтығынан бас тарту міндеттеледі. Бірақ Грузия азаматтығы берілмеуі де мүмкін. Месхет түріктері қауымдастықтары депортацияланған халық атамекеніне оралмас үшін Тбилиси әдейі осындай негізсіз талаптар қойғанына шағынады.

2014 жылы Вашингтондағы Грузия елшілігі алдына алпысқа жуық ахыска түрік митинг өткізді. Олар Грузия туын ұстап, "Ватан!" (түрікше — "Отан") деп айқайлады.

"Біздің мақсатымыз – 1944 жылы туған жерінен көшіріліп, әлі күнге дейін отанына қайта алмай жүрген месхет түріктері мәселесіне Грузия үкіметінің назарын аударту. Грузия үкіметі 2001 жылы Еуропа кеңесіне кірерде осы мәселені шешуге уәде еткенімен, сөзінде тұрмады. Ахыска түріктерінің 99 пайызы Грузияға қайта алар емес. Түрлі кедергілерге ұшырап жатыр" деді наразылардың бірі.

2011 жылы да, 2016 жылы да Біріккен ұлттар үйымы Тбилисидің месхет түріктерін қайтару саясатын сынады. Ұйымның Ұлттық дискриминацияны жою жөніндегі комитетінің дерегінше, Совет одағы құлағалы елге қайтуға өтініш білдірген 5840 ахыска түріктің тек 1300-інің арызы мақұлданған. "Бұл – кезінде мәжбүрлеп көшірілген халықтың өте аз бөлігі" деп жазады ұйым.

Халықаралық ұйымдар мен ахыска түріктері қауымдастықтарының дерегінше, қазір 550-600 мың месхет түрігі атамекенінен жырақта жүр. Оның көбі Түркияда, Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мен АҚШ-та тұрады.

Бірнеше елге тарыдай шашылған ахыска түріктері жыл сайын бас қосып, совет кезінде жала жабылған халықты іс жүзінде ақтау және ынта білдіргендерді кедергісіз атамекеніне қайтару мәселесін көтереді.

"ТАРИХИ ӘДІЛЕТСІЗДІК"

Қазір Қазақстанның он бір облысында 218 мыңға жуық ахыска түрік тұрады.

Алматы облысы Көксай ауылындағы түріктер сияқты шоғырланып өмір сүретін халық тілі мен әдет-ғұрпын жақсы сақтаған.

– Қазақстанда бізге қорқыныш жоқ. Тілімізді сақтауға мүмкіндік бар. Мәдени орталықтарымыз жұмыс істейді. Ахыска түріктері тұратын аудандардағы мектептерде түрік тілінен қосымша сабақтар өтеді, – дейді DATÜB дүниежүзілік ахыска түріктер одағының өкілі Расул Ахметов.

33 жастағы Расул – месхет түріктерінің толық ақталуға қол жеткізу бойынша ұзақ жылғы күресін жалғастырып жүрген жастың бірі. Ол совет билігінің өз халқына шығарған үкімін "тарихи әділетсіздік" деп атайды.

Дүниежүзілік DATÜB ахыска түріктер одағы президентінің баспасөз хатшысы Расул Ахметов (сол жақтан екінші) мерекелік іс шара кезінде.

– Қазір Грузия тәуелсіз ел, өз парламенті бар. Біз олардан ахыска түріктерін толық, ешқандай шартсыз ақтау туралы шешім қабылдағанын күтіп отырмыз. Заң ретінде, құжат ретінде қабылдануы керек. Грузияның өзіне, Еуропа одағына үнемі хат жазамыз. "Ақталмаған ахыска түріктері ғана қалды. Себебі не? Неге Грузия парламенті осыны талқыламайды?" деп жаздық. Бұл процесс әлі жалғасып жатыр, – дейді ол.

Ахметов "Грузия билігінің ахыска түріктерін ақтау туралы талқылауға құлықсыз болуына біз жаппай атамекенге қайтып келе ме деген қорқынышы себеп болуы мүмкін" дейді. Бірақ, оның сөзінше, месхет түріктерінің көбі тұрып жатқан жеріне әбден сіңісіп кеткен. Ахметов өзі жүргізген сауалнамаларда Грузиядағы атамекеніне қайтамын деп ниет білдіргендің көбі қарт кісілер екенін айтады. Бірақ олардың үлесі азайып барады.

– Ақтау мәселесі бізге Грузияға қайту үшін емес, тарихи шешім ретінде ғана керек. Бұл – үлкендерге ғана емес, жастарға да өзекті мәселе. Бұл бәріміздің мойнымыздағы бір ауыр жүк сияқты, – дейді Расул.

ҚОШТАСУ

Билор әжей кейбір сұрақты түсініңкіремей, кейде естімей қалып жатыр. Ұлы Құрбан сұрағымды түрікше қайталап, шешесі естісін дегендей даусын көтере сөйлейді. Әжей бірде басын изей салады, бірде орысша-қазақша араластырып қысқа жауап береді.

– Баяғы үйіңізді сағынасыз ба? – деп сұрадым.

– Сағынамын, сағынамын. Қазір қалай өзгергенін көргім келеді. Бірақ 86-ға келдім. Кім апарады мені? Қазір апарса, үйімді тауып барар едім. Бәрі есімде, – дейді Билор әжей. Әңгімеге ұлы қосылды.

Билор Тутадзе.

– Ескі үйін көзін жұмып табады. Былтыр ағасының баласы Грузияға барғанда Толыштағы үйіне қалай бару керегін, қай жерден бұрылатынын қағазға сызып берді. Сол қағазбен інісі көріп қайтыпты, – деді Құрбан.

– Үйімізді тауыпты, бақшамызды тауыпты, – деді Билор әжей жымиып.

Мені үйден әжейдің екі ұлы – Құрбан мен оның ағасы Нұрәли шығарып салды. Әжейдің балалары қара шаңыраққа қарама-қарсы төрт үйде тұрады. Күнде кешкісін бала-шағаның бәрі Билор әжейдің үйіне жиналып, түнде бір-ақ тарайды.

– Бір күн келмесем, мамам "Қайда жүрсің?" деп ұрсады. Міне, мына дуалымды терезеден жоғары көтергізбей отыр, – деді Нұрәли үйін қоршап тұрған аласа қабырғаны нұсқап. – Өзінің балконына шығады да, тереземнен іште жарық сөніп тұр ма, үйге келдім бе, ұйықтадым ба – бәрін тексеріп тұрады. Күзде жапырақ түскенде балконнан төрт үй түгел көрінеді.

Билор Тутадзенің ұлдары – Құрбан (оң жақта) мен Нұрәли.

Бұл әулеттің балалары қазақ-орыс мектептеріне барады. Бірақ үйде түрікше сөйлеседі. Билор әжей сияқты қариясы бар үйлерде салт-дәстүр қатты сақталады.

– Қазақстандағы месхет түріктері Түркияға кетіп жатқаны рас па? – деп сұрадым.

– Иә, – деді Нұрәли. Бірақ қайтып келіп жатыр. Ол жаққа үйренісе алмайды.

– Неге?

– Білмеймін, ұнатпайтын шығар. Бізде еркіндік бар, түсінесің бе? Ол жақта көршіңмен сөйлесе алмайсың. Ал мұнда көшеге шығасың да: "А", "у", "Саламалейкум!", "Че делаешь?" деп кете бересің. Бірақ сонда қалып қойып жатқан отбасылар да бар.

– Сіздерді Түркияға шақырмай ма?

– Шақырды. Бірақ аяғым тартпайды. Кету ойыма да келмепті, шынын айтсам. Ұлымның да кеткісі келмейді, – деді Нұрәли. Әңгімеге Құрбан араласты.

– Қазағы бар, түрігі бар – ауылда бәрі бір-бірімен араласады. Үйреніп қалдық қой. Енді өмір бойы осындамыз.

Билор әжейдің үйі тұрған тар көше Көксайдағы орталық көшеге тіреледі. Ауылдағы құж-құж қайнап жатқан қиылыс "Түрік бұрылысы" деп аталады. Асхана, кафелер... Жүк көліктері мен трактордың шуы құлақ тұндырады. Қазақстанда туып, осында өсіп жатқан месхет түрік балалары мектепке бара жатыр.