Ақ үйдің халықаралық есірткі саудасымен күрес бойынша бас өкілі Уильям Браунфильд Азаттық радиосының тілшісіне Ресей мен Орталық Азия елдеріне жаңа стратегия ұсынғанын жеткізді.
Ауғанстандағы таулы аймақтар арқылы өтетін шекаралар бойы көкнәр тасымалынан толастаған емес. Осы бағытпен есірткі әуелі Орталық Азия мен Ресейге, сосын одан да ары қарай тасымалданады. Героин мен басқа да есірткілердің миллиардтаған долларға тең бұл саудасы экстремистерді қаржыландырып, миллиондаған адамның өмірін өксітеді.
Алайда АҚШ аймақтағы елдердің арасындағы үйлестіру механизмін жақсарту арқылы осы мәселені шешу бойынша жаңа жоспар ұсынды. Бұл ұсыныс «АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығару есірткі саудагерлеріне тиімді бола түседі» деген алаңдаушылық туған кезде жасалып отыр.
СЕНІМГЕ ИЕ БОЛУ
Әлі жоба күйіндегі жоспар «Орталық Азиядағы есірткіге қарсы бастама» деген атпен белгілі. Бұл бойынша, Орталық Азияның бес елінде – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанда Ауғанстан мен Ресейдегі өздері іспеттес бөлімдермен байланыс орнататын есірткіге қарсы күреспен айналысушы топтар құрылады. Жеті топ құпия ақпарат алысып, бірлескен және шекаралық операцияларға қатысты координацияны жақсартып, және іздеудегі, не қамаудағы есірткі саудагерлеріне қарсы қозғалған қылмыстық істерді жүргізуге көмектеспек.
АҚШ мемлекеттік хатшысының есірткіге қатысты халықаралық құқық қолдану жөніндегі көмекшісі Уильям Браунфильд Азаттық радиосына жоғарыда сөз болған бастаманы дамыту арқылы Вашингтон жеті елдің үкіметі мен құқық қолданушы органдарына тән «бір-біріне деген сенімнің аздығын» (өз сөзі) жоюға талпынып жатқанын айтты.
- Орталық Азия республикалары үшін бастамамыздың мынадай пайдасы бар: Ауғанстандағы есірткі өндірісі мен сауда жолдарына және оны сол елдің өз ішінде тасымалдаушыларға қатысты маңызды ақпарат алып отыруға болады. Ал Ресей федерациясы осы есірткі өндіруші Ауғанстандағы және тасымал дәлізіне айналған Орталық Азиядағы бес елмен байланыс орната алады, - дейді ол.
АҚШ мемлекеттік департаменті бөлетін қаржы мақсатты топтарды жаттықтырып, оларға құрал-жабдық сатып алуға жұмсалмақ.
АҚШ ӘСКЕРІ ШЫҚСА, АПИЫН САУДАСЫ ҚАЙТА ЖАНДАНА МА?
Браунфильд маусымның аяғы мен шілденің басында осы бастаманың жай-жапсарын талқылау үшін, әрі есірткі саудасымен күреспен айналысатын шенеуніктердің пікірін білу үшін Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан және Ресейге сапарлап қайтты. Жол-жөнекей ол қырғыз президенті Роза Отынбаева және тәжік президенті Эмомали Рахмонға жолықты.
Браунфильд биылғы жылдың соңына таман АҚШ-тың 10 мың әскерін Ауғанстаннан шығару жоспары осы елден келетін есірткі көлемін күрт арттырып жібереді деген қауіпті өзінің сапары кезінде бірнеше рет естігенін айтты.
АҚШ қолдаған есірткіні жою әрекеттері мен фермерлерге арналған баламалы күнкөріс бағдарламаларына қарамастан Ауғанстан әлемдегі апиынның басты көзі болып қалды. Экстремистік топтарды қаржыландырып, нашақорлардың легиондарын қалыптастыратын миллиардтаған долларлық заңсыз сауда айналымына героин мен басқа да есірткілер негіз болып тұр.
Бірақ Браунфильд "АҚШ әскерін шығару проблеманы өршітпейді, себебі Америка әскерін қысқарту ауғандық құқық қорғау органдарын әлсіретпейді" деген пікір айтады.
- Ауғанстан алға жылжып келеміз деп, АҚШ пен НАТО-ның Ауғанстаннан шығуымен қатар ауған құқық қорғау органдарына халықаралық қауымдастық қолдау көрсетеді деп сенемін. Себебі, еске түсіріп қояйын, Ауғанстандағы құқық қорғау істерін қолдауды бәсеңдету жоспарда жоқ. Жоспар бойынша біздің қауіпсіздік және қарулы күштеріміз ғана қысқарады, - дейді ол.
Биылғы қаңтарда АҚШ үкіметінің халықаралық есірткі саудасы жөніндегі бас шенеунігіне айналған Браунфильд бұған дейін есірткі барондарының мүдделері ресми биліктен басым түсіп отыратын ел - Колумбиядағы елші қызметінде болған.
«Колумбияның Орталық Азия емес» екенін біле отырып, Браунфильд Оңтүстік Америка елінен үйренген бір маңызды сабағы пайдаға жарайтынын айтады. Яғни АҚШ-тың жаңа жоспары сияқты аймақтық бастамаларды қолдаумен қатар, әр елдің жетекшісі қандай қиындыққа түссе де, есірткі саудасымен күреске жұмыла кірісуі тиіс.
- Олар (есірткі саудасына немқұрайды қараса) саяси шығынға ұшырайтындарын сезінуі тиіс. Есірткі сатушы ұйымдардың енуін тоқтату ақша жағынан да, адам өмірі тұрғысынан да қымбатқа түседі. Бұл белгілі бір уақыт бойы құқық қорғау істері мен қауіпсіздік мәселелеріне қатты көңіл бөлуді талап етеді. Әрі сол уақыт аралығында мемлекеттен басқа салаларға көмек талап ететіндердің көңілдері қалуы ықтимал. Сонымен бірге бұл күрес белгілі бір адамдар туралы кей кезде қиын шешім қабылдауға мәжбүр етеді, - дейді Браунфильд.
Ауғанстан азаматы Әзиз Валади Сохиб тәжік-ауған шекарасында 16 келі героинмен ұсталды. 29 маусым 2011 жыл.
РЕСЕЙГЕ ЖАЛТАҚТАУ СИНДРОМЫ
АҚШ ұйымдастырған жоспарға қол қою-қоймау мәселесін шешу кезінде Орталық Азия жетекшілері Ресейдің реакциясын бағатынға ұқсайды.
Есірткіге қарсы шараларға байланысты Вашингтон мен Мәскеу арасындағы нығайған серіктестік АҚШ президенті Барак Обама мен оның орыс әріптесі Дмитрий Медведев тұсындағы екіжақты қарым-қатынастардың «қайта жандануындағы» алғашқы мақсат деп танылды.
Бірақ Ресей қорғаныс министрлігінің «Красная Звезда» газеті шілденің 9-ы күні АҚШ-тың аталмыш аймаққа ұмтылуына қатысты Мәскеудің алаңдайтынын тұспалдады.
Браунфильд бір апта бұрын ашылуына қатысқан тәжік-ауған шекарасындағы АҚШ қаржыландыратын қорғау бекеті жайлы мақалада: «Әрине, бұл АҚШ әскерінің біржола енуі емес. Бірақ бәрі де мысқалдап басталады деуші еді ғой» деп жазыпты газет.
Ресей де 2005 жылға дейін өзі әскери бақылау жасаған тәжік-ауған шекарасына қайтып оралуға құлық танытып отыр.
Мәскеуге барған сапарында қорғаныс министрлігінің шенеуніктерімен кездеспеген Браунфильд АҚШ пен Ресейдің аталған аймақ арқылы өтетін есірткі ағымын азайтуға деген «мақсаттарының бірдей» екенін айтты.
Браунфильд есірткіге қарсы бастаманы қолдау һәм орындау үшін АҚШ-тың, не Ресейдің үнемі басы-қасында жүруі шарт емес деген ой айтты.
- Орталық Азияның әрбір еліне өз қалауларындағы құрылымға сәйкес өз мақсатты тобын қалыптастыруға рұқсат беру керек, - деп қосты ол. - Ұсынылған бастама Вашингтон мен Мәскеу арасындағы ықпал ету бәсекесінен биік тұруға жағдай жасамақ.