Туыстары Тәжаяқовтың сотталмасына үміт етеді

Бостон марафонындағы жарылыстан соң "тергеуге кедергі келтірді" деп айыпталған қазақстандықтар - Азамат Тәжаяқов (оң жақтан екінші) пен Диас Қадырбаев (оң жақ шетте) жолдастарымен бірге тұр. (Фото Facebook әлеуметтік желісінен алынған).

Бостон марафоны кезіндегі терактіні тексеруге кедергі келтірді деп танылған Азамат Тәжаяқовтың жақындары оның айыпты екеніне иланбайды. Тәжаяқовқа жаны ашыса да, АҚШ сотының әділдігіне сенетін жастар да бар.

Бостон марафоны кезіндегі терактіні тексеруге кедергі келтірген деп танылған қазақстандық студент Азамат Тәжаяқовтың немере қарындасы Майра Исмағұлова ағасының кінәсіз екеніне сенеді.

– Сот үкімі тек қазан айында шығады. Оған дейін мен де, отбасым да Азаматтың кінәсіз екеніне сенеміз және босатылып шығады деген үміттеміз. Мен оны бала кезден білетіндіктен оның кінәсіз екеніне еш күмәнім жоқ және соңына дейін қолдаймын, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Майра Исмағұлова ағасын өте тәрбиелі және кішіпейіл адам ретінде сипаттайды.

– Бірінші сыныптан-ақ оқуға құштар болды, бөлмесіне кірген кезде үнемі терезе алдында кітап оқып отыратын. Бұған қоса футбол десе ішкен асын қоятын. Есейе келе де бұл мінезінен айрылған жоқ, сол күйінше тәрбиелі, ақылды, футболсүйгіш Азамат ретінде қалды. Мен сондай ағамның сұмдық нәрселерге қатысы бар дегенге ешқашан сенбеймін, – деді Майра Исмағұлова Азаттық тілшісіне.

Ол Азамат Тәжаяқовтың АҚШ-тан оқып келген соң әкесінің Қазақстандағы мұнай бизнесін жалғастырмақ болғанын айтады.

Достары мен туыстары Азамат Тәжаяқовтың ісіне арнаған сайтта да оның «тату отбасыдан шыққан, бұрын қылмысқа ұрынбаған, ешқашан террористермен байланысы болмаған, саясатқа ешбір қызығушылық танытпаған бозбала» екені, «кейін отбасылық бизнеске араласу үшін мұнай өңдеу мен мұнай ұңғымасын бұрғылауды зерттеуді ниет еткені» жазылған.

«САТЫП АЛА САЛАТЫН БІЗДІҢ СОТ ЕМЕС»

Бостон соты алқасы шілденің 21-інде шығарған шешімге Азамат Тәжаяқовты және онымен бірге айыпталған тағы бір қазақстандық Диас Қадырбаевты қолдау үшін «Вконтакте» әлеуметтік желісінде құрылған топ мүшелері де өкіністі.

Марафондағы жарылыстан соң "тергеуге кедергі келтірді" деп айыпталған Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов сотта отыр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

«Бәрі бітті, айыпты деп таныды, ештеңеден пайда жоқ, АҚШ соты сатып ала салатын біздің сот емес, онда бәрі әділ. Иә, оларға жаным ашиды, бірақ жазықсыз адамды өлтірген кешірілмейді. Бәрі әділ» деп жазады Айсель Доскалиева есімді қолданушы.

Ол Айдана Жантаева есімді қолданушының «Анық олар өлтіргеніне сенесіз бе?» деген сауалына: «Олар не болғанын түгел біле тұрып өлтіргендерді жасырды, сот оны дәлелдеді. Ақымақтықпен жасаған болар, бірақ күмәнім бар» деп жауап береді.

Бостон қаласының өлкелік сотындағы сот алқасы Массачусетс университетінің бұрынғы студенті, 20 жастағы қазақстандық Азамат Тәжаяқовты бұл қалада 2013 жылы сәуірдің 15-інде марафон кезінде болған, үш адамды мерт етіп, 260-тай адамды жаралаған жарылысқа қатысты соттаған еді. Істі қараған 12 адамдық алқа шілденің 21-і күнгі сотта «Тәжаяқов терактіні тексеруге кедергі келтірген» деп таныған. Азамат Тәжаяқовқа қатысты ақтық шешім шығару қазанның 16-сына белгіленген.

АҚШ ақпарат құралдары сот алқасының Азамат Тәжаяқовты кінәлі деп тапқан шешімін естіген кезде Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов

Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов.

түнеріп кеткенін, ал шешесі Тұрсынай Исмағұлова жылап жібергенін жазады.

– Әділдік жеңсе екен деп Құдайға тілек етеміз. Қазылар оны естір деп сенеміз, – деді Әмір Исмағұлов сот залынан шыққан соң CNN агенттігіне берген сұқбатында.

Reuters агенттігінің жазуынша, Азамат Тәжаяқовтың адвокаты Мэтью Майерс сот үкімін «сәл таңқаларлық» деп атап, бірақ жарылысты бастан кешірген Бостонда бұл істі қарау күрделі екенін, сол себепті сот алқасы белгілі бір деңгейде «қысым» сезгенін айтқан.

Қорғау тарабы ақтық үкім шығатын 16 қазанға дейін сот алқасының шешіміне қатысты шағым түсіретінін, сот үкімін мүмкіндігінше жұмсартуға күш салатынын мәлімдеді.

Boston Globe басылымы Азамат Тәжаяқовқа тергеуге кедергі келтіргені үшін ең ауыр 20 жылдық түрме жазасы, сөз байласқаны үшін 5 жылға дейін абақты жазасы кесілуі мүмкін екенін жазады. Ал британиялық Guardian оның бес жылға дейін сотталып, 250 мың доллар айып төлеуі мүмкін екенін болжайды.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі шілденің 22-сі күні Тәжаяқов пен Қадырбаевтың сот процестерін мұқият қадағалап, Қазақстанның Нью-Йорктегі консулы бақылаушы ретінде сотқа қатысып отырғанын мәлімдеді.

БОСТОНДАҒЫ ЖАРЫЛЫСҚА ҚАТЫСТЫ ӨЗГЕ КҮДІКТІЛЕР

АҚШ тергеушілері Азамат Тәжаяқовпен бірге тағы бір қазақстандық студент Диас Қадырбаевты та айғақ заттарды жойып, терактілерді тексеруге кедергі келтірген деп айыптайды. Тергеу мәліметінше, жарылыстан соң үш күннен кейін қазір терактіге басты күдікті ретінде

Диас Қадырбаев және Джохар Царнаевтың "ВКонтакте" желісіндегі суретінің скриншоты.

тергеліп жатқан Джохар Царнаевтың Массачусетс университетінде танысқан достары Тәжаяқов пен Қадырбаев оның пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугінен құтылған.

Тергеуге кедергі келтірмек болды деген айып Царнаевтың тағы бір досына – Қырғызстанда туған 23 жастағы Хайрулложон Матановқа да тағылған. Оны айғақты жойды және тергеушіге әдейі жалған ақпарат берді деп айыптайды. Прокуратура дерегінше, Куинси қаласындағы (штат Массачусетс) такси жүргізуші Матанов Тамерлан мен Джохар Царнаевтарды жақсы білетіні, тіпті терактіден кейін бірнеше сағат өте олармен бірге түстенгенін жасырған. Оның қашан сотқа тартылары белгісіз.

Джохар Царнаевтың тағы бір досы, америкалық Робел Филлипоске де жалған куәлік берді деген айып тағылған. 16 жылға сотталу қаупі төніп тұрған, ол да Царнаевпен университетте танысқан Филлипос 100 мың доллар кепілге босатылған. Олардың ешбірі айыпты мойындамайды.

Айыптаушылардың пікірінше, 20 жастағы Джохар мен оның 26 жастағы ағасы Тамерлан Царнаевтар қолдан жасалған екі жарылғышты Бостон марафоны аяқталар маңға құрып қойған. 2013 жылы сәуірдің 15-інде марафон кезінде болған жарылыстан кейін үш күннен соң олар қаладан қашпақ болып, полициямен атыста Тамерлан Царнаев оққа ұшқан. Джохар Царнаев қазір қамауда отыр. Қарашада басталатын сотта айыбы дәлелденсе, Джохар Царнаевқа өлім жазасын сұрауы мүмкін.