Обама Варшаваға неге барды?

АҚШ АҚШ президенті Барак Обама.

Польша коммунистік блок ішінен алғаш болып еркін сайлау өткізгенінің 25 жылдығын атап өтіп жатыр. Мерейтой құрметіне Варшаваға АҚШ президенті барды. Польша коммунизмді жеңуге көмектескені үшін Батысқа алғыс білдіре отырып, әлі талай шаруа бар екенін ескертеді.
АҚШ президенті Барак Обама Варшавада соңғы рет 2011 жылы болған. Сол жолы ол «Баяғы құдіретінен айырылған, «шектен шықпайтын Путин» басқарып отырған Ресейден ешқандай қауіп жоқ» деп, Польшаға жасап отырған АҚШ-тың әскери қолдауын тоқтату туралы мәселе қозғаған еді.

Содан бері үш жыл өтіпті. Қазір жағдай күрт өзгерген, тіпті «Ресей Украинаға әскери шабуыл жасады» деген де ақпараттар тарап жатқан кезең.

ВАРШАВАНЫҢ УАЙЫМЫ - ПУТИН

Коммунизм құлағаннан кейін алғаш рет, 1989 жылы маусымның 4-і күні Польшада жартылай болса да еркін сайлау өтті. Осы оқиғаға 25 жыл толып, оны тойлап жатқан Польша оңтайлы сәтті пайдаланып, АҚШ-ты Шығыс Еуропаға қайтадан баса назар аударуға көндіріп көрмек.

Жаңбыр себелеп тұрған суық күнде мұз салған кофе ішіп отырған 22 жастағы университет студенті Петр Пашинский:

- Әлемде қалыптасқан ахуалға қатты алаңдаймын. Көп нәрсе өзгеріп жатыр. Мысалы – Украина. Меніңше, Путин бәрінің алдын орап кетті, ал әлемдік тәртіп оны ауыздықтауға мүлде қауқарсыз. Бұл – өте қорқынышты жайт, - дейді.

Азаттық тілшісі тілдескен Варшава тұрғындарының көбінің уайымы - осы. Мәселен, 44 жастағы Артур Апостолович:

- Ресейге секеммен қараймын. Біздің НАТО құрамында болғанымыз қандай жақсы болған, ол - қауіпсіздігіміздің кепілі. Соғыс бола ма деп қорқамын. Обаманың келетіні – қуанышты хабар. Демек ол бізге қарайласуға әзір, - дейді.

«ОБАМА ОЯНДЫ»

Польшадағы 1989 жылғы тарихи сайлауды еске алумен қатар Обама Варшава сапары барысында Украинаға қолдау білдіре кетпек. Ол мұнда жаңа сайланған президент Петр Порошенкомен кездеседі әрі Қырым татарларының белсендісі, диссидент Мұстафа Жемилевке сыйлық тапсыру рәсіміне қатысады.

Дегенмен Обаманың Украинадағы бүліктің дәл іргесінде отырған Польшаға НАТО-ның тұрақты әскерін жіберу жөнінде нақты уәде бере алмайтыны анық. НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс министрлері осы аптада Брюссельде кездесіп, альянстың шығыс қапталына әскери құрылымдарды орналастырудың жайын талқыламақ.

Поляк студенті Петр Пашинский.

Поляктардың көбі Барак Обаманың президенттікке сайланған бетте Ресеймен қарым-қатынасты жақсартып, зымыраннан қорғаныс жүйесін Польша мен Чехияда орналастыру жоспарынан бас тартуын қынжыла еске алады. Олар Украинадағы жағдай Барак Обаманы «оятып», саяси бағытын өзгертуге септігін тигізер деп үміттенеді.

Польша сыртқы істер министрінің Еуропа саясаты және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Генрика Мосцицка-Дендис:

- Біреулер «тарих қайта оралды, сондықтан Еуропада бейбітшілік сақталады деп қателеспеуіміз керек» дейді. Украинадағы жағдай бізді қорғаныс мәселесіне жаңа қырынан қаратып отыр. Бұл Еуропаға және трансатлантикалық қарым-қатынасқа жаңаша қарауды талап етеді. Біз осыған дейін шешілді деп немесе бұдан ары маңызды емес деп елемей келген жайттар, мысалы қару арқылы қорғану мәселесі қайта күн тәртібіне шықты, - дейді.

«ЖАНАЙҚАЙЫМЫЗДЫ ЕСТІДІ»

Украинамен ұзақ жыл күрделі қарым-қатынас жасап келген Польша соңғы жарты жылда Киевте қалыптасқан ахуалға қатты алаңдап отыр. Алғашқы еркін сайлауының 25 жылдығын тойлап жатқан Польшада құндылықтарды қайта електен өткізу процесі жүріп жатыр. 1989 жылғы маусымның 4-і күні өткен парламент сайлауында Лех Валенсаның «Солидарность» кәсіподағы коммунистерді ойсырата жеңген еді.

Ол кезде Польша да, Совет Одағының құрамында болған Украина да артта қалған кедей елдердің қатарында болды. Ширек ғасыр өткенде Польша Еуропа Одағы (ЕО) мен НАТО мүшесіне айналды, ал оның ішкі жалпы өнімінің көлемі қазір Украинадан үш есе көп.

Gazeta Wyborca газетінің сарапшысы Бартош Виелинский.

Польшадағы танымал басылым - Gazeta Wyborca газетінің сыртқы саясат бойынша сарапшысы Бартош Виелинский:

- Біз қазір Шығыстағы кішкентай, ешкімнің көзіне түсе бермейтін елеусіз ел емеспіз. Біз саяси тұрғыда ЕО-да маңызды рөл ойнап отырмыз. Польша үкіметінің, Польша сыртқы істер министрлігінің және поляк дипломаттарының сөзі өтімді, әсіресе Украинада жағдай ушығып тұрған қазіргі сәтте бізді тыңдайды, - дейді.

Оның айтуынша, «Еуромайдан» шерулері басталған қараша айынан бері Украина тақырыбы газеттің алғашқы бетінен түспей келеді.

АҚШ пен ЕО-ны Украина мәселесінде ортақ саясат ұстануға көндіру ісінде Польша маңызды рөл атқарып отыр. Польшаның харизмасы бар сыртқы істер министрі Радослав Сикорский осы мәселеде белсенділік танытқаны сондай, биыл күзде ол ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштонның орнына баруы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Бірақ, Виелинский және басқа да сарапшылар бұл болжамға сенбейді.

«ОБАМА БАТЫЛ БОЛҒАНДА, ПУТИН ЕРКІНСІМЕС ПЕ ЕДІ»

Варшаваның Украинадағы оқиғаларға баса назар аударуы елдің Вашингтонмен дәстүрлі тығыз қарым-қатынасына кері әсерін тигізген сыңайлы. Польша АҚШ-пен достығы берік елдердің қатарында аталады. АҚШ-тың Украина дағдарысы кезіндегі енжарлығы поляктарды біраз қобалжытты, ал елдің бұрынғы президенті Лех Валенса Обаманы «әлемдік қарым-қатынастарға көшбасшы бола алмады» деп сынады.

АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путин жаққа қолын көтеріп тұр. Ресей, Санкт-Петербург, G20 саммиті, 5 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Польшаның Халықаралық қатынас институтының басшысы Марчин Заборовскийдің айтуынша, «екі шешуші оқиға – Обама сайланар алдында болған 2008 жылғы Ресей-Грузия соғысында және Сирияда Башар Асад режимі химиялық қару қолданған кезде Вашингтонның қатты қарсылық көрсетпеуі Путинді еркінсітіп жіберді, сондықтан ол Украинадағы қитұрқы әрекетіне де тыйым болмайды деп ойлайды».

- Бұл – өте маңызды мәселе. Грузиядағы жағдайға реакция басқаша болғанда қазіргідей ахуал қалыптаспайтын еді. Меніңше, Путин Грузия мен Сирияға қатысты оқиғалардан өзінше қорытынды жасады. Ол АҚШ-тың ерік-жігері әлсіз деген ұйғарымға келген, - дейді Заборовский.

«ОБАМА КЕЛМЕС ЕДІ»

Поляктар Обаманың Ресейге санкциялар салғанын, Брюссельдің осы шараларды қолдағанын қуана құптап отыр. Поляк билігі Варшаваға барған АҚШ басшысын осындай шектеулерді көбейте түсуге үгіттеп бағатыны анық.

Алайда поляктардың кейбірі «Польшаның халықаралық саясаттағы орны нақ жоғарыда айтылғандай маңызды емес» деп санайды.

66 жастағы Мария Олссонның айтуынша, «Обаманың Варшаваға келу себебі – ол дер кезінде Украинаға қолдау білдіріп қалмақ, бұдан басқа ол жерде үлкен саясат байқалмайды».

- Меніңше, жұрттың көбі Польшаның орны ерекше деп санайды. Меніңше, біздің маңызды болатын себебіміз – Украинаға жақынбыз, сондықтан осындай рөліміз бар. Басқа тұрғыдан біз маңызды емеспіз. Олай ойлаудың өзі – аңғалдық. Егер Украинадағы дағдарыс болмағанда АҚШ президенті осы 25 жылдықты тойлауға келмес те еді, - дейді ол.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)