АҚШ Ресеймен достаспақ па?

Владимир Путиннің (cол жақта) Ресей премьер-министрі кезінде Exxon Mobil басшысы Рекс Тиллерсонмен кездескен сәті. Ресей, Сочи, 30 тамыз 2011 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп ExxonMobil компаниясы басшысы Рекс Тиллерсонды мемлекеттік хатшы қызметіне ұсыну арқылы сайлау науқаны кезінде берген уәдесін орындап, Ресеймен достасу ниетін көрсетті.

1990 жылдардан бері ExxonMobil-дің Ресеймен арадағы келісім-шарттарына жауапты лауазымды қызмет атқарған оның Мәскеумен тығыз байланысты қолдайтын адам екені белгілі, оның үстіне Тиллерсон – Кремль Қырымды өзіне қосып алғаннан кейін оған АҚШ салған санкциялардың тигізген зардабын бір кісідей білетін тұлға.

Дипломатияда, үкіметте жұмыс тәжірибесі жоқ 64 жастағы Рекс Тиллерсон Ресей мен оның басшылары туралы бірнеше мәлімдеме жасап, АҚШ сенаты кандидатурасын мақұлдаған жағдайда мемлекеттік хатшы ретінде қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін екенін айтып берді.

ПУТИН

Тиллерсон Путин президент болып сайланған 16 жылдан бері онымен жиі кездесіп тұрады, оның үстіне ол - 2013 жылы Путиннің қолынан мемлекеттік «Достық» сыйлығын алған мұнай саласындағы шетелдік екі басшының бірі.

Билл Клинтонның кезінде АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары болған Джон Хамре Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында «АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджерден кейінгі Путинмен ең көп әңгіме-дүкен құрған америкалық Тиллерсон болар» деген пікір айтқан.

Тиллерсонның Ресейге қатысты жария мәлімдемелері көбіне бизнес төңірегімен шектелген. Бірақ 2014 жылы Мәскеу Қырымды өзіне қосып алып, Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдаған соң салынған санкциялар ол басқаратын компанияның Ресейдегі мемлекеттік «Роснефтьпен» бірлесіп Арктикадағы мұнай қорларын игеру туралы жасасқан 500 миллиард долларлық келісім-шарты тоқтап қалды. Осы кезде Тиллерсон геосаясат құралы ретінде санкция тәсілін пайдалануды сынаған болатын.

- Олар [санкциялар] жан-жақты жүзеге асырылмайынша, біз оларды тиімді деп айта алмаймыз, ал оны жан-жақты орындау өте қиын. Сондықтан біз әрдайым мұндай шешімдер қабылдайтын адамдарды бұл санкциялардың шын мәнінде кімге кесірін тигізіп жатқаны, мақсаттары және санкциялардың расында тиімді болатыны жайлы ойланып көруге шақырамыз, - деген еді ол 2014 жылы акционерлер алдында сөйлеген сөзінде.

Мәскеумен байланысты қайта қалпына келтіруді, террормен күрестегі әріптестікті арттыруды қолдаған Трамп Ресейге салынған санкцияны алып тастаудың жайын қарастыратынын да айтқан.

Конгрестегі қос партияның да қарсылығына тап болған бұл жоспар жүзеге асса, онда «Роснефтьпен» арадағы Арктиканы дамыту жобасы қайтадан талқыға түседі, ал бұл мүдделер қайшылығын туғызуы мүмкін. Сәуірде Washington Post басылымы Тиллерсонның қолында ExxonMobil-дың 218 миллион доллар тұратын акциялары бар деп жазған.

«Роснефть» компаниясының басшысы Игорь Сечинмен қол алысып тұрған Рекс Тиллерсон (сол жақта). Ресей, 2012 жылдың жазы.

Тиллерсон Путиннің саясаттағы ұзақ жылдан бергі серігі, Украинадағы конфликтіден кейін өзі де АҚШ пен Еуропа Одағының санкциясына іліккен «Роснефть» компаниясының басшысы Игорь Сечинмен жақсы қарым-қатынас орнатқан.

2014 жылы Сечин санкцияларға қарамастан, «АҚШ-тың жолдарында Тиллерсонмен бірге мотоцикл тепкім келеді» деген еді.

Путин мен Кремльдің саясатын жұрт алдында сынамауға тырысқанымен, 2008 жылғы Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Рекс Тиллерсон Ресей «сот жүйесін және сот әділдігін жақсартуы керек» деген еді.

- Бүгінде Ресейде заң үстемдігі құрметтелмейді, - деген еді ол сол жолы.

Дегенмен, оның бұл сыны сол кездегі президент Дмитрий Медведевтің «құқықтық нигилизмді» айтып ашу шақырған, «іске алғысыз әділет жүйесін қайта түзетеміз» деп уәде берген сөздерімен үндес шыққан.

Путинмен және Ресейдің жоғары лауазымды басшыларымен жиі кездесіп тұрғанымен, Тиллерсон Кремльдегі басшылықтың бұлыңғыр саясатын түсіне алмай жүргенін де ашық айтқан. «Ресей үкіметінің мұны не үшін істеп жатқанының тереңіне бойлай алатын жан бар ма, білмеймін деген еді ол 2007 жылы.

ИРАН

Сайлау науқаны кезінде Трамп Иранның ядролық әрекеттерін тежеп, оған салынған халықаралық санкцияларды алып тастау туралы Тегеран мен әлемнің ірі державалары арасындағы келісімді сынаған еді. Бірақ Ақ үйге келген жағдайда бұл шаруаны қалай жүзеге асыратынын ол әр кезде әртүрлі түсіндірген. Бірде ол барлық уағдаластықтың күшін жоямын десе, енді бірде Иранды тағы біраз шегініс жасауға көндіру үшін қайта келіссөздер өткіземін деген.

Трамп Тегеранға жаңа талаптар қойған жағдайда әлемдегі ең ірі мұнай компаниясын басқарып, ExxonMobil келісім-шарттары бойынша талай үкіметтермен келіссөз жүргізген әккі Тиллерсонның ең шешуші рөлді атқарары анық.

Десе де, Тиллерсон АҚШ компанияларының Иранда бизнес жасауына қарсы емес сияқты. Наурыз айындағы телесұхбатында ол ExxonMobil-дің Иранға инвестиция салу мүмкіндігін «қарастырып көретінін» айтты, «себебі ол – ресурсқа бай ел» деді Тиллерсон.

КЛИМАТ

Сайлау науқаны кезінде Трамп АҚШ-ты климаттың өзгеруіне қарсы Париж келісімінен шығарып аламын деп уәде берген. Ал қазіргі президент Барак Обама бұл келісімді өз билігінің ең басты жетістіктерінің бірі санайды.

2012 жылы Трамп «ғаламдық жылыну – америкалықтардан жұмыс орындарын тартып алу үшін Қытай ойлап тапқан өтірік» деген.

Президент болғалы «бұл іс бойынша ашық пікірталасқа» шақырып жүрген Трамп климаттың өзгеруіне сын көзбен қарайтындарды кабинетіне алу арқылы жұрт наразылығын тудырды.

Қазан айында ол «Климат өзгерісінің қаупі көп деген пікірмен келісемін және бұл байсалды әрекетті қажет етеді» деп мәлімдеді. Оның үстіне қарашада ExxonMobil компаниясы Париждегі климат жөніндегі келісімді қолдаған мәлімдеме жасады. Бұған қоса, Тиллерсон адамзаттың ақылының арқасында климаттың жылынуы мәселесін шешуге болатынына сенімді екенін айтқан.

Карл Шректің материалы ағылшын тілінен аударылды.