Трамп сөзінде Иранды Таяу Шығыста "бүлік пен хаос" таратушы ел ретінде сипаттап, шиит жасақтарын қаруландырып отыр деп айыптады. Ол Тегеранды Сирия президенті Башар Асадты қолдап отырғаны үшін де кіналайды. Трамптың сөзінше, Иранның қолдауымен Асад алты жылдық соғыста "жантүршігерлік қылмыстар жасаған".
Трамп мұсылмандарды діни идеяларды жамылып отырған экстремизм және терроризммен күресуге шақырды. Ол терроризммен күрес діни соғыс саналмайтынын, ол "жақсылық пен жамандықтың" қақтығысы екенін айтқан.
Трамп "фанаттардың зорлық-зомбылығынан ең көп зардап шеккен араб елдері екенін" ескерткен. Ол "террорлық шабуылдардан құрбан болғандардың 95 пайызы мұсылмандар" екенін мәлімдеген.
АҚШ президентінің сөзінше, "терроризмнен келген зардап адам шығынымен және материалдық тұрғыда ғана есептелмейді, оның зиянын орындалмаған үміттермен де өлшеуге болады". Трамп "сондықтан, барлық елдерге өз аумағынан терроризмді қуып шығу міндеттеледі" деген.
Ол ислам елдері басшылары алдында "Бұл мақсатқа сіздердің халықтарыңыз террористер мен экстремистерді қуып шығуға дайын болғанда ғана жетеміз. Оларды қуып шығыңыздар, ғибадатханалардан аластаңыздар, қасиетті жерлерге жолатпаңыздар" деп мәлімдеген.
Трамп Сауд Арабиясында ислам елдері басшыларына "Америка сіздерге өзінің әдет-ғұрпын, өмір салтын әкелмейді, бірақ ынтымақтастық пен өзара сенім ұсынады" деген.
Оның сөзінше "Бұл конфессиялар мен секталар, өркениеттер арасындағы соғыс емес, бұл - адамзатты жойығысы келетін жабайы қылмыскерлермен соғыс, жақсылық пен жамандықтың қақтығысы".
АҚШ президенті террористерге қаржы аударумен күресетін халықаралық орталық құрылғанын хабарлаған.
Трамптың ислам елдері басшыларының алдындағы сөзі - оның шетелге сапарының маңызды бөлігі. Сауд Арабиясынан кейін ол Израиль мен Ватиканға барады. Одан ары Брюссельде НАТО кездесулері мен Сицилияда "Үлкен жетілік" жиынына қатысады.
Трамп сайлау науқаны кезінде мұсылмандарға қарсы пікірлер айтып, сайлаудан кейін бірнеше ислам мемлекетінің азаматтарына АҚШ-қа келуге тыйым салатын жарлық шығарғандықтан, оның Сауд Арабиясында айтқан бұл үндеуі әлем қауымдастығының назарын аударып отыр.