Орыс жазушысы Михаил Горбачевті тергеуді талап етеді

Орыс жазушысы әрі бұрынғы диссидент Владимир Буковский. Мәскеу, 16 желтоқсан 2007 жыл.

Орыс жазушысы әрі бұрынғы диссидент Буковский Лондонға 80 жылдық мерей тойын атап өтуге келген Михаил Горбачевтің үстінен шағым түсіріп, оны қамауға алуды ұсынды.
Владимир Буковский сәрсенбі күні бұрынғы СССР президенті Михаил Горбачевті қылмыстық тергеуге алуды сұрап, Ұлыбритания сотына арызданды. Горбачевтің айыбы – «Совет одағының соңғы жылдарында шерушілерді күшпен басып тастағаны» дейді жазушы.

«ҚАҚТЫҒЫСТАРДА ҚАЗА ТАПҚАН 100 АДАМ»

Буковский бұл хабарды бейсенбі күні баспасөзге жолдаған хатында жариялады. Бұрынғы диссиденттің айтуынша, Горбачев 1989-1991 жылдары Грузия, Әзірбайжан және Литвада болған наразылық шараларын тарату кезінде Совет әскеріне нұсқау беріп, сол қақтығыстарда қаза тапқан 100 адам үшін жауап беруі керек.

Горбачев наурыздың 2-сі күні 80 жасқа толуына байланысты Азаттық радиосының орыс қызметіне берген сұқбатында, Тбилиси мен Вильнюстегі қарсылық шерулерін басып-жаныштауға қатысы болғанын үзілді-кесілді жоққа шығарды. «Күш қолдану туралы шешімдер менің қатысуымсыз қабылданған» деген еді. Горбачев қазақ жастарының 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасы туралы да осы уақытқа дейін ештеңе айтпай келеді.

ЛОНДОННЫҢ ГОРБАЧЕВКЕ ҚҰРМЕТІ

Бұрынғы Совет одағы президентінің 80 жасқа толған туған күніне арналған қайырымдылық концертін белгілі актерлер Кевин Спейси мен Шэрон Стоун жүргізді.

Лондонның Альберт холлында өткен 4 сағаттық шараға қатысқан қонақтардың арасында Ұлыбритания патшайымы Екінші Элизавета да болды деп хабарлайды ресейлік ақпарат құралдары.

Горбачев сәрсенбі күнгі концерттен бұрын Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның қабылдауында болған.

Горбачевті сотқа берген Буковский Совет құрбандары үшін әділдік іздеп жүргенін айтады. Алайда Ұлыбритания соты «Горбачев бұл елге ресми миссиямен келгендіктен оның тергеуден қорғайтын иммунитеті болуы керек» деп, Буковскийдің өтінішін қабылдамады.