Бұл ақпаратты жергілікті сайттардың біріне сілтеме жасаған Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.
"[Тізімнен] алынып тасталды ма, әлде әу бастан енгізілмеді ме, дөп басып айту қиын. Себебі мұны кездейсоқ байқап қалдық. Бірақ 31 қаңтарда президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған жергілікті БАҚ генерал-полковниктің президент кеңесшісі және сенат мүшесі ретінде тағайындалғанын хабарлады. Өзбекстан президентінің сайтында Рустам Расулұлы Иноятовты сенат депутаты ретінде тағайындау туралы жарлық жарияланбаған" делінген жергілікті сайтта.
Азаттықтың Өзбек қызметі де сенат сайтындағы ақпараттарды мұқият зерттеп, шенеуніктің аты-жөнін сенат мүшелерінің қатарынан таба алмаған.
Бұл мақаланы әзірлеу барысында Азаттық тілшісі сенат депутаттарының тізімінде әлі күнге дейін шілде айында қамауға алынған Самарқанд облысының бұрынғы басшысы Туроб Джураевтың аты-жөні бар екенін анықтаған.
Сенаттың баспасөз қызметінің өкілі Камила Зиёева Азаттық тілшісіне Джураевтың "абайсызда" тізімде қалып қалғанын айтқан.
– Қазір бізде өзгерістер болып жатыр. Сайтты қарап, қандай да бір қателіктер болса, бәрін түзейміз. Мұны айтқандарыңызға рақмет. Сенат мүшелеріне қатысты өзгерістерді тұрақты түрде бақылап отырмыз және сайттағы ақпаратты жаңартып отырмыз, – деді Камила Зиёева.
Сәл кейінірек Туроб Джураевтың аты-жөні сенат депутаттарының тізімінен алынып тасталды.
"Рустам Иноятов сенат мүшесі ретінде қызметін атқарып жатыр ма?" деген сұраққа баспасөз қызметінің өкілі: "Иә, әрине. Ол - сенатор. Сенатор ретінде қызмет атқарып жатыр" деп жауап берген.
Алайда сенат депутаттарының тізіміне Иноятовтың аты-жөні әлі енген жоқ.
20 жыл бойы елде ең ықпалды шенеуніктердің бірі ретінде саналып келген Рустам Иноятовты "елемеу" жағдайы Өзбекстанда алғаш рет болып отырған жоқ. Мысалы, биыл тамыздың 1-і күні жарияланған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің "елдегі инвестицияны жақсарту шаралары туралы" жарлығын орындауды Иноятовқа емес, оның бірінші орынбасары Бекзод Мавлоновқа тапсырған.
Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметін шамамен 23 жыл басқарған Рустам Иноятов 2018 жылы қаңтардың 31-і күні қызметінен босатылған. Дәл сол күні ол президент жарлығымен сенат мүшесі және президенттің саяси-құқықтық мәселелер бойынша кеңесшісі ретінде тағайындалған.
2017 жылдың аяғында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев бірінші рет ұлттық қауіпсіздік қызметін сынап, реформа қажеттігін мәлімдеген.
2018 жылы наурыз айының ортасында Мирзияев "Ұлттық қауіпсіздік қызметін реформалау" туралы жарлыққа қол қойған. Құжат бойынша ұлттық қауіпсіздік қызметінің атауы өзгеріп, жаңадан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі деп атала бастаған.
Қазіргі кезде Өзбекстанның арнайы қызметінде істеген көп жоғары шенді офицер президенттің тапсырмасымен қызметтерінен босатылған немесе қамауға алынған.