Биліктің уәдесіне сеніп, елге оралған ағайындылар ұсталды

Ағайынды Аброл және Шухрат Досмұхамедовтер Ташкент әуежайында ұсталған 28 мамыр 2018 жыл

Қазанның 8-і күні қылмыстық істер жөніндегі Ташкент қалалық соты ағайынды Аброл және Шухрат Досмұхаммедовтерді айыпты деп танып, алты жарым жылға соттады.

Өзбекстан азаматтары бұрын экстремизм бабы бойынша айыпталып, іздеуде жүрген болатын. Биыл мамырда олар елдегі өзгерістер мен биліктің "тұтқындамаймыз" деген уәдесіне сеніп, отанына оралған.

Сот 56 жастағы Аброл мен 53 жастағы Шухрат Досмұхаммедовтерді республиканың Қылмыстық кодексінінің 244-БАП, 2 тармағы ("Діни экстремистік, сепаратистік, фундаменталистік немесе өзге де тыйым салынған ұйымдарды құру, оған басшылық ету және қатысу") және 223-БАП ("Шетелге рұқсатсыз кету немесе Өзбекстан Республикасына рұқсатсыз кіру") бойынша айыпты деп таныды.

Олар жасаған "қылмысқа қатысы бар" деп танылған 51 жасар Журабай Сатыбалдиев сот шешімімен 5 жылға сотталды.

Ағайынды Досмұхаммедовтер соңғы бес жыл бойы іздеуде жүрген. Биыл мамырдың 28-і күні Түркиядан Өзбекстанға оралды. Ағайындылар Стамбулдан Ташкентке ұшып келісімен оларды әуежай ғимаратынан шығарып алып, туыстарымен азғантай сөйлесуге рұқсат берді де, полицияға алып кеткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбекстан билігі Каримованың босатылғанын жоққа шығарды

БЕС МИНУТҚА СОЗЫЛҒАН СОТ ОТЫРЫСЫ

​Ағайынды Досмұхаммедовтердің айтуынша, соңғы сот отырысының тез біткені соншалық, көбі үкімді дұрыс естімей қалған.

– Отырыс бес минутқа ғана созылды. Сот залына кіріп үлгермей жатып судья үкімді оқи бастады. Ол біздің қарсылығымызға құлақ аспады. Ағайынды Досмұхаммедовтер алты жарым жылға, Журабай Сатыбалдиев бес жылға бас бостандығынан айрылады дегенін естідік, - деді Азаттық тілшісіне сотталушылардың туысы.

Шухрат Досмұхаммедовтың әйелі Махсуда Досмухаммедованың айтуынша, үкім шығарған кезде судья ағайындылардың денсаулық жағдайын да, отанына өз еріктерімен келгенін де есепке алмаған.

АЙЫП ТАҒУ

Азаттықтың өзбек қызметі алған айыптау қорытындысының көшірмесіне сәйкес, "ағайынды Досмұхаммедовтер "Жихадшылар" діни ағымына қатысы бар, экстремистік әдебиеттерді сақтады деп айыпталған, түрмеге қамалудан қорқып, 2013 жылы Өзбекстаннан Түркияға кеткен".

Ал Өзбекстанда қалған Журабай Сатыбалдиев құқық қорғау мекемелерінен тығылып жүрген. Оған қоса, айыптау қорытындысында ағайынды Досмұхаммедовтердің ресми Ташкент "Өзбекстан уаххабиттерінің діни жетекшісі" санайтын діндарлар Абдували-қари Мирзаева пен Обидхон-қари Назаровтардың уағызын тыңдағаны жазылған.

Қазанның 8-і күні Азаттық тілшісі Ташкент қаласы прокуратурасының 16-бөлім прокуроры Жахангир Исмаиловпен сөйлесіп, ағайынды Досмұхаммедовтер мен Журабай Сатыбалдиевке қатысты шығарылған үкімге пікір білдіруді сұрады. Алайда прокурор телефон арқылы пікір білдіруден бас тартты.

ЕНДІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ УӘДЕСІНЕ КІМ СЕНЕДІ?

Азаттық тілшісі сөйлескен Махсуда Досмұхаммедова ері мен қайнағасының "қамауға алмаймыз" деген президент пен Ташкент қаласы прокурорының уәдесіне сеніп келгендерін айтады.

– Президенттің бұйрығы ше? Күйеуім мен оның ағасы ешкімді өлтірген жоқ қой, әскери іс-қимылдарға қатыспады! Халық енді президенттің уәдесіне қалай сенеді? Төмендегі шенеуніктер президент жарлығын орындамайтын сияқты, - дейді Махсуда Досмұхаммедова.

Алайда Өзбекстан құқық қорғау мекемелерінің деректері бойынша, іздеуде жүрген адамдар отанына өз еркімен оралса да "жедел іздестіру шаралары нәтижесінде ұсталғандар" саналады. Оларды процессуалды тәртіпке сай қылмыстық жауапкершіліктен босату немесе босатпау мәселесі қаралады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев

МИРЗИЯЕВТІҢ САЯСАТЫ

2017 жылы маусымның 15-і күні Өзбекстанның имамдары мен діни қайраткерлерінің қатысуымен өткен видеоселекторлық кеңес кезінде президент Шавкат Мирзияев экстремизмге қатысы бар деп тізімге енген мұсылмандардың "қара тізімін" қайта қарауға тапсырма берді, діни іс бойынша сотталған діндарлардың ісін де қайта қарауды тапсырды.

Былтыр қыркүйектің 1-і күні Ташкенттегі "Хасти Имам" мешітінің хатиб-имамдарымен кездескен Мирзияев діни-экстремистік ағым мүшесі саналған 17 мыңнан астам азаматтың 16 мыңға жуығы "қалыпты өмірге оралғанын", ал 9500 адамның жұмысқа орналасқанын айтты.

Өзбекстан билігі іздеуде жүрген азаматтарды "қылмыс жасамаған болса қылмыстық қудалау болмайды" деп уәде беріп, отанына оралуға шақырған соң "қара тізімге" енген бірқатар өзбекстандықтар елге қайтуды ұйғарған. Өзбекстан құқық қорғау мекемесі берген деректер бойынша, 2018 жылы тамыздың 1-іне дейін іздеуде жүрген адамдар саны 8936 адамға жеткен.

3390 адам діни-экстремистік ағым құрамында қылмыс жасағаны үшін іздеуге берілсе, оның 134-і биыл ұсталған. 78 адамның 36-сы елге өз еркімен оралған, ал қалған 42 адам түзелу жолына түскендіктен, оларды қамауға алу шарасы заңда қарастырылған басқа бұлтартпау шарасымен ауыстырылған.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы аударылып басылды)