Хорезмдегі мәдени орталық басшысынан "Хиуадағы Серғазы хан медресесінде Бекет Ата музейі бар" деген сөзді естігесін осы аймақтың қазақтары туралды сұрастыра бастадым. Осылайша Хиуа түбіндегі шағын қазақ ауылдарына жол тарттым.
Суретте: Баяғыда істен шыққан зауыттың атымен "Компрессорный" атанып кеткен қазақ ауылдың балалары.
Компрессорный тұрғыны Баршынай қыздары Мәдина және Альбинамен суретке түсуге келісті.
Ақила Жалғасбаева да осы ауылдың тұрғыны. Хорезм облысының Қоскөпір ауданында туып өсіпті. "Кіші жүз қазағымын" дейді. Қазақстандағы бір туысының жаназасына барып келген беті екен. Екі ұлының да Қазақстанда жұмыс істеп күн көріп жүргенін айтады.
Ақила апа немере қыздарының бірі Ләйланы суретке түсіруге әрең көндірді. Келіні басқа балаларын алып үйге кіріп кетті.
Хиуа түбіндегі қазақ ауылдарында ұл балалар алдымнан жүгіріп шығады. Бірақ қолымдағы фотокамераны көрісімен жалт бұрылып қаша жөнеледі. Биліктің жылдар бойы жүргізген "тәуелсіздіктің жаулары" мен "интернеттің зияны" туралы үгіт-насихаты ауыл халқын үркітіп тастаған.
Компрессорный ауылының тұрғыны Бибігүл жазда аулаға қазақ үй тігіп отыратындарын айтады. Түйелерін жалға береді. Шекара аймағы болғандықтан бұл ауданда суретке түсіруге шектеу көп қойылған.
Бибігүлдің ауласында тұрған нар түйе. Жергілікті қазақтар Әмударияның Түркімен каналы маңын қоныстанған, шұбат сатып күн көреді. Жергілікті өзбектер "шұбат қымбат болса да, танымал сусынға айналып бара жатыр" дейді.
Хиуа түбіндегі және бір қазақ ауылының қасынан өтетін су каналы. Жергілікті тұрғындар совет кезеңінде фермада жұмыс істегендерін айтады.
Хиуа түбіндегі қазақ ауылдарында қаңырап бос қалған ферманың қазіргі көрінісі.
Үй салып жатқан қазақ ауылының тұрғындары.
Хорезмнің сүтке илеген дәстүрлі тандыр нанын қазақтар да пісіреді. Жергілікті қазақтар Хиуа өзбектері сияқты жұмсақ сөйлейді. Бұл говорда қатаң көмекей дыбыстары естілмейді.
Хиуа түбіндегі қазақ ауылының тұрғыны Зарифа тандыр нан жауып жатыр.
Хиуа қаласының "Ишанқала тарихи" комплексіндегі Серғазы хан медресесі (оң жақта). Жергілікті қазақтар бұл медреседе Маңғыстау өлкесінен шыққан пір Бекет Ата (1750—1813) оқыған деп сенеді.
Серғазы хан Хиуада 1714-1728 жылдары билік құрған деп айтылады. Мына ғимарат сол кезде салынғандықтан Серғазы хан (Ширгази хан) медресесі деп аталып кеткен.
Серғазы хан медресесінің кіре беріс маңдайы. Бұл тарихи орынды кезінде "Ғалымдар үйі" деп те атаған.
Хорезм мәдени орталығының төрағасы бір әңгімесінде 2013 жылы Бекет Атаның ұрпақтары Серғазы хан медресесіне қазақтың киіз үйін сыйлағанын айтты. Жыл сайын бұл орынға зиярат етушілер келіп, құдайы ас беріп тұрады.
Серғазы хан медресесіне Бекет Ата ұрпақтары сыйлаған қазақ үйдің ішкі көрінісі.
Серғазы хан медресесінің ішінен ашылған Бекет Ата музейі.
Қабырғада Маңғыстаудағы Бекет Атаның жер асты мешіті мен зираты бейнеленген кілем ілініп тұр. Қазақстанда "әулие", "пір" ретінде құрметтелетін Бекет Ата Хиуадан оқып барған соң өз жерінде бірнеше мешіт-медресе ашқан.
Серғазы хан медресесінде бала оқытатын 60 құжыра бар.
Хиуадағы "Ишанқала" тарихи музей-кешенінің үстінен қараған бір көрініс.
Хиуада алдымнан ұшыраған бір ақсақалға "Қазақсыз ба?" деп сұрап едім, көзін сығырайта қулана бір қарады да: "Е, Хиуаға кім келіп, кім кетпеген" деп жауап берді.