Өзбекстан бас прокуратурасының хабарлауынша, Қашқадар облысы Қаршин ауданы ішкі істер бөлімшесінің қызметкерлеріне қатысты тексеру басталды. Олардың қатарында аудандық ішкі істер бөлімшесінің экс-басшысы Жахангир Раджабов та бар. Полиция қызметкерлеріне Өзбекстан Қылмыстық кодексінің "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылған.
"НЕГЕ ЖОСПАРДЫ ОРЫНДАМАЙСЫҢДАР?"
Осыған дейін Каршин ауданындағы бірнеше фермер Раджабовтан таяқ жегендерін айтқан. Фермерлердің шағымы туралы Азаттықтың Өзбек қызметі жазған.
- Бидай жинап жүрген далада бізді бір қатарға тұрғызып қойды. Кейін Жахангир Раджабов келіп, "неге жоспарды орындамай жатырсыңдар?" деп сұрады. Фермерлер жағдайды түсіндіп жатыр еді, ол бізді ұра бастады. Біріміз он тонна, кейбіріміз 15 тонна бидай өткізе алмадық, - деген еді фермерлердің бірі Рахматулло Ходжамуродов.
Your browser doesn’t support HTML5
Кейін аудандық милиция бөлімшесінің басшысы қызметінен алынып, Қашқадар облыстық прокуратура "фермерлерді ұру" оқиғасына қатысты тексеру бастаған. Елдің Бас прокуратурасы Азаттықтың Өзбек қызметіне Раджабовтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Егер кінәсі дәлелденсе Раджабовқа айыппұл салынуы мүмкін немесе бес жылға дейін белгілі бір құқықтардан айырылуы мүмкін. Бұған қоса, Өзбекстанда "қызметін асыра пайдаланғандарға" үш жыл түзеу жұмыстарына жегу не бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Раджабовтан таяқ жеген" Рахматулло Ходжамуродов Азаттықтың Өзбек қызметіне тергеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын айтып берді.
– Өткен аптада Қашқадар облыстық прокуратурасының тергеушісі төрт фермерді шақырды. Тергеуші Умид Жахангиров бізден: "Оны жазалайық па әлде арыздарыңды қайтып аласыңдар ма?" деп сұрады. Біз Раджабовқа заңға сай шара қолдану қажет екенін айттық, - дейді ол.
"АШЫҚ ТҮРДЕ КЕШІРІМ СҰРАҒАН ЖОҚ"
Фермердің айтуынша, тергеу жұмыстары басталғанда Раджабов олармен "келіссөз жүргізуге тырысқан".
- Қаршин аудандық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Гульмурод Рузимуродов бізге хабарласып, Жахангир Раджабов бізбен кездескісі келетінін, кешірім сұрағанын айтты. Біз кездесуден бас тарттық. Бірақ Гульмурод Рузимуродов кездесуге шақырып қоймады. Кейін төрт фермер - мен, Мухтор Тошев, Абдухамид Назаров, Бахриддин Тураев Раджабовпен кездестік. Раджабов милиция формасын киіп алған. Бізді күліп, жылы қарсы алды. "Жоғарыдан" түскен тапсырманы орындау үшін бізге қол көтеруге мәжбүр болғанын айтты. Бірақ ашық түрде кешірім сұраған жоқ. Біз барлығы заң жүзінде болу керек деп айттық, - дейді фермер Рахматулло Ходжамуродов.
Ал "милиция басшысынан таяқ жеген" тағы бір фермер Нафиса Кенжаева Азаттықтың Өзбек қызметіне Раджабов жергілікті фермерлерге арыз жаздырып жатқанын айтты.
– Тергеуші куәгерлерді кездестірді. Кей фермерлер бізді айыптап, "Раджабовтың погонын жұлды" деді. Менің ойымша, Раджабов кей фермерлерді бізге қарсы қойған. Бір топ фермер "Раджабов қол көтерген жоқ, керісінше, олардың өзі оны балағаттады" деп арыз жазыпты. Ендігі бар үмітім – облыстық прокуратурадан келген тергеушіде, - дейді Кенжаева.
Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Жахангиром Раджабовке хабарласқанымен, ол телефонын көтермеген.
Маусымның соңында Қаршин ауданының бір топ фермері Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарласып, жергілікті милиция басшысынан "жоспарды орындамағаны үшін" таяқ жегендерін айтқан.
(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы негізінде әзірленді)