Өзбекстанда баспасөз құралдары мен БАҚ-ты бақылайтын агенттік арасында дау туды. Басылымдар газ тапшылығын, коронавирус індетінің Өзбекстандағы шынайы салдарын, аурудан қанша адам өлгенін жазуға құқылы әрі міндетті екенін айтады. Бірақ Ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі (АБКА) басылымдарда жарияланған кей хабарларды "жағымсыз" әрі "біржақты" деп сынады.
Агенттік директоры Асаджон Ходжаев дауласқан басылымдар хабарына ие болмаса, оның "құқықтық салдары ауыр" болады деді.
2016 жылы президенттікке Шавкат Мирзияев келгенде елдің бұрынғы басшысы Ислам Каримов тұсындағы шектеулер жеңілдейді деп уәде берілген. Өзбекстанды ондаған жыл билеген Каримов баспасөз құралдарын жаншып, сөз еркіндігін өрескел бұзушы басшы ретінде танылған еді. Билік басына Мирзияев келгелі бірқатар оң өзгеріс байқалды, бірақ үкімет баспасөзге толық еркіндік берген емес.
АБКА мен Өзбекстан жоғарғы соты ақпарат құралдарын "объективтілік" жөнінде ескертті. Агенттік одан әрі барып, жауапкершілікке тек басылымдар ғана емес, әлеуметтік желіде пікір жазатын блогерлер мен қолданушылар да тартылуы мүмкін деді.
Қарашаның басында өзбек басылымдары Энергетика министрлігінің тұрғын үйлер мен өнеркәсіп орындарында газ бен электр қуатын тұтынуды шектейтіні туралы мәлімдемесін жариялаған.
Осыдан кейін Ташкенттегі кейбір шағын және орта бизнес өздеріне табиғи газ берудің тоқтатылғанын хабарлаған.
Өзбекстанда көп адам үйлерін жылытып, ас дайындауға газ баллондарын, көмір, ағаш және тезек қолдана бастаған.
"ҚҰҚЫҚТЫҚ САЛДАРЫ АУЫР БОЛАДЫ"
АБКА-дан ескерту алған басылымдардың бірі Gazeta.uz 10 қарашада энергетика министрінің орынбасары Бехзот Норматовтың ағаш, көмір не тезек жағуға мұқтаждық жоқ, ас дайындауға қажет газ қоры жеткілікті деп айтқанын хабарлаған.
Бір аптадан соң Азаттықтың Өзбек қызметі елдің кейбір аймақтарында тұрғындардың көмір кезегінде тұрғанын, ал жосықсыз саудагерлердің бағаны қымбаттатып жібергенін жазған.
"Дарё" секілді ақпарат құралдары электр қуатының берілмеуінен құс фабрикаларында тауықтардың мыңдап қырыла бастағанын хабарлады.
Газ бен электр қуатынсыз қалып, шығынға батқан өзге де кәсіпорындар бар. Ал қараңғы әрі суық үйде бүрсеңдеген тұрғындар саны ұдайы көбейіп келеді.
Kun.uz – энергетика тапшылығы туралы хабар таратқан басылымдардың бірі. 22 қараша күні аталмыш басылым "Халыққа газ бен электр қуатын беріңіздер!" тақырыбымен мақала жариялап, онда тұрғындардың әлеуметтік желіде газ бен электр қуаты тапшылығын талқыға салғанын жазды.
Келесі күні Kun.uz АБКА директоры Ходжаевтан ескерту хатын алды. Онда "[Kun.uz-де] жарияланған материалда халыққа электр қуаты мен табиғи газ жеткізу мәселесі біржақты баяндалған" деп жазылған. Агенттік хатында "келешекте мұндай жағдайдың қайталануына жол берілсе, оның құқықтық салдары ауыр болатыны" айтылған.
Kun.uz басшылығы бұл хатқа ашынып, Ходжаевқа жазған жауабын жариялады.
АҚПАРАТТЫҚ АШЫҚ БОЛМАУЫ
Өзбекстанда қараша айында қызу талқынған екінші тақырып – коронавирус зардабының азаймай тұрғаны және биліктің вирус жұқтырғандар мен аурудан қайтыс болғандар жөніндегі дерегіне сенімсіздік мәселесі.
Мемлекеттік коронавирус жөніндегі статистикасы біраздан бері күмән тудырып отыр. 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, Өзбекстанда барлығы 73 145 адамның вирус жұқтырғаны расталған, аурудан 610 адам қайтыс болған. Бұл – 34 миллион халқы бар елдің статистикасы.
Халқының саны 18,7 миллион шамасында болатын көрші Қазақстанда вирус жұқтырғандардың жалпы саны бұл күні 132 348 адамды көрсетті, оның 2041-і қайтыс болғандардың қатарында. Шамамен 6,5 миллион тұрғыны бар Қырғызстанда коронавируспен 73 200 адам тіркелді, оның 1275-і көз жұмған.
Мысалы, gazeta.uz басылымы мемлекеттік органдар жариялаған сандар мен есептердің бірінде айырмашылық барын байқады. Мәселен, Премьер-министр баспасөз қызметінің 17 қарашада таратқан мәлімдемесінде COVID-19 жұқтырған науқастарға ел бойынша 17 500 кереует дайындалғаны, қазір 6570-ге жуық науқас вирустан емделіп жатқаны айтылады.
Сол күні Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан 2123 адамның емделіп жатқанын мәлімдеді. Басылым министрлікке сауал жолдап, емделуші санының азайтып көрсетілуі жөнінде сұрақ қойған, әзірге жауап бермеген.
Gazeta.uz жауаптың орнына АБКА директоры Ходжаевтан ескерту хатын алған. 20 қараша күні жіберілген бұл ескертуде коронавирустан емделіп жатқан науқастардың санын Денсаулық сақтау министрлігі дерегімен салыстырған жаңалығының "ауыр құқықтық салдары" болуы мүмкін екені айтылады.
Gazeta.uz сайтының басшылығы 25 қарашада бұған жауап беріп, ескерту хатын " асыра сілтеу және басылымның мемлекетке жағымсыз сауал қояын тыю әрекеті" деп санайтынын жазды.
27 қарашада Gazeta.uz сайты агенттіктің Gazeta.uz, Daryo.uz, Kun.uz, Podrobno.uz және Repost.uz әлеуметтік желідегі "пікірлерді, қорлауды және үндеуді" жариялағаны үшін және коронавирус статистикасына күдік келтіргені үшін ескерту жасаған.
Kun.uz сайты Ходжаевтың электр қуаты мен газ жеткізудегі іркіліс туралы хабарларға қатысты шағымын да жариялады. Ходжаевтың шағым хатында "Өзбекстан үкіметіне халыққа материалдық тұрғыдан қылмыс жасап отыр деген айып тағылғаны" айтылады.
Бірақ Kun.uz бұған қарсы шығып, "Тұрғындардың электр қуаты жүйесіндегі проблемаларға реакция білдіруі үкіметті сынға алуды көздемейтінін" мәлімдеді.
Kun.uz сайты "Ел аумағында жарықтың бірнеше сағатқа сөндірілетіні анық. Мұны әлеуметтік желілердегі шағымдар мен редакциямызға жүгінген мыңдаған адам айғақтайды" деп жазды.
25 қарашада Gazeta.uz сайты АБКА шағымына жауап хатын жариялады. Хатта "Мемлекеттік органдар қоғамға тиісті мәселелер бойынша толымды ақпарат бермейтін немесе мүлдем ақпарат таратпайтын жайт жиі болады" делінеді. Сайт "Агенттік мұндай жағдайларда бой тасалайды, ал халық қажетті ақпаратты ала алмай, ұтылады" дейді.
"БҰРЫНҒЫ ӨЗБЕКСТАННЫҢ ИІСІ АҢҚИДЫ"
Ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі мен баспасөз құралдары арасындағы дауға Өзбекстандағы Батыс дипломаттары да назар аударды.
26 қарашада Ұлыбританияның Өзбекстандағы елшісі Тим Торлот Twitter-де "Ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігінің БАҚ-тың [дамуын] қолдаудағы ұстанымы соңғы кезде өзгере бастағанына таң қалып, қамығып отырмын. Сенімді, еркін ақпарат құралдарынсыз демократиялық қоғам құру мүмкін емес" деп жазды.
Ал 28 қарашада АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі Дэниел Розенблюм Twitter-аккаунтында "Ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігінің [тәуелсіз] БАҚ-қа қысым көрсету жөніндегі кейінгі әрекеттері көңілімді түсіріп отыр. Өзбекстанда қуатты реформаларды сәтті жүргізу үшін баспасөз еркін әрі ашық болуы қажет. Агенттіктің қысымы бұған қайшы" деп жазды.
Өзбекстанда журналистерге қысым көрсетіп отырған жалғыз АБКА мен Жоғарғы сот емес. Елдің премьер-министрі және Ташкент мэрі журналистерді сөгіп, тіпті қорқытқан жағдайлар да болды.
Алайда өзбек билігінің сөз еркіндігіне қатысты екіұдай әсер қалдырады.
2019 жылғы 30 қарашада Өзбекстан сенатының төрайымы Танзила Нарбаева парламентте сөйлеген кезінде "Мемлекет басшысы БАҚ реформалар жүргізуде ерекше рөл атқарады деп дұрыс айтқан" және "біз [билік өкілдері] БАҚ-тың сынын дұрыс түсінуіміз керек" деген.
3 ақпанда президенттің қызы Саида Мирзияева елдегі БАҚ-ты дамыту жөніндегі жаңа әлеуметтік қорды таныстырып тұрып, "Біз сөз бостандығы мен оның күшіне сенеміз" деген еді.
Бірақ қыс мезгілінде тұрғындардың электр қуатынан тарығуын және коронавирусқа шалдыққан науқастарды байқамау қиын.
Өзбекстандық шенеуніктер, оның ішінде президент Шавкат Мирзияев елдегі проблемаларды жариялап, азаматтардың пікірін білдіруде БАҚ-тың рөлі үлкен екенін айтқан. Оның сөзінше, билік осы арқылы билік проблемалардан хабардар болып отырады.
Сөйте тұра билік үшін жағымсыз жаңалық жазған басылымдарға "ауыр құқықтық салдар" туралы ескерту жасалады.
Kun.uz "[БАҚ-қа қатысты] мұндай әрекеттен "бұрынғы Өзбекстанның иісі аңқиды десек қателеспейміз" деп жазды.