Ықпалды генералдан кейін туыстары да қызметтен кетті

Батыр Парпиев Мемлекеттік салық комитетін 14 жыл басқарды

Өзбекстанда Шавкат Мирзияевтің президент ретінде жоғары билікке келуімен қарайлас басталған күштік құрылымдарды тазалау науқаны жалғасып жатыр.

27 мамыр күні Әндіжан қаласы ішкі істер бөлімінің бастығы, полковник Шухрат Парпиев қызметінен алынды. Дәл сол күні Бұхара облысы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полковник Әнуар Парпиев те қызметінен алынған.

Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосына мұны Әндіжан және Бұхара облыстарының құқық қорғау органы қызметкерлері хабарлады.

ПАРПИЕВТЕР

Шухрат Парпиевті қызметінен алу туралы ақпарат әлі ресми расталған жоқ. Ал Шухрат пен Әнуар Парпиевтерді қызметтен алғаны туралы ақпаратты Азаттыққа екі облыстың Ішкі істер басқармасы өкілдері растады.

Шухрат пен Әнуар Парпиевтер - Өзбекстан мемлекеттік салық комитетінің бұрынғы басшысы Батыр Парпиевтің немере бауырлары. Батыр Парпиевтің өзі болса, мамырдың 11-і күні қызметтен алынған еді.

Батыр Парпиев – Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметін (қазір – қауіпсіздік қызметі) 22 жылдан аса басқарып, биыл қызметтен алынған Рустам Иноятовтың құдасы.

Оқи отырыңыз: Өзбекстанның "сұр кардиналы" қызметінен алынды

Азаттықтың Өзбекстан құқық қорғау органдарындағы дерек көздерінің айтуынша, Парпиевтер бірнеше жыл мемлекеттік қауіпсіздік органдары және өзге де мемлекеттік билік органдарында түрлі қызметтер атқарған.

Әзірше расталмаған ақпаратқа қарағанда, Өзбекстанда генерал Парпиевтің Ішкі істер министрлігі жүйесінде жоғары қызметтер атқарған немере бауырларының жұмысын тексеру басталған. Бірақ министрлік өкілдері бұл ақпаратқа қатысты комментарий беруден бас тартты.

Мамырдың 27-сі күні кешкісін Әндіжан қалалық Ішкі істер бөлімінің бастығы Шухрат Парпиевті облыстық Ішкі істер басқармасына шақырып, едел-жедел қызметінен алған.

Әндіжан қалалық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің бірі Азаттыққа Шухрат Парпиевті жұмыстан шығару себептері белгісіз екенін хабарлады.

- Оны жұмыстан шығарды дегенді естігенде өзіміз де таңғалдық. Бұл жайлы кеше естідік. Бірақ себептері жайлы ештеңе айтпайды. Бүгін Шухрат Парпиев жұмысқа шыққан жоқ, - деді мамырдың 28-і күні Әндіжан қалалық ішкі істер бөілімінің қызметкері Азаттыққа.

Азаттықтың бұл дереккөзі бұған дейін беріп келген бүкіл ақпарат кейін ресми расталғанын айтқан жөн.

Бұдан бөлек, мамырдың 27-сі күні Батыр Парпиевтің тағы бір немере бауыры – Бұхара облыстық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған Әнуар Парпиев те орнынан алынған.

Азаттыққа мұны аты-жөнін атағысы келмеген Бұхара милициясы қызметкерлерінің бірі хабарлады.

Бұл ақпаратты Бұхара облыстық Ішкі істер басқармасындағы бір-біріне тәуелсіз екі дереккөз де Азаттыққа растап отыр.

- Бүгін Әнуар Парпиев жұмыста болған жоқ. Оны Ташкентке шұғыл шақыртыпты деп естідім. Бірақ оны не себепті жұмыстан шығарғанын мүлде білмейміз, - дейді дереккөздердің бірі. Оның ақпаратын екінші дереккөз де растады.

Шухрат Парпиев Әндіжан қалалық ішкі істер бөлімі бастығы болып 2017 жылғы наурызда, ал Әнуар Парпиев Бұхара облыстық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып былтыр маусымда тағайындалған болатын.

ҮЛКЕН ПАРПИЕВ КІМ БОЛҒАН?

Өзбекстанның бұрынғы президенті марқұм Ислам Каримов тұсындағы ықпалды генералдардың бірі Батыр Парпиев мемлекеттік салық комитетін 14 жыл басқарған. Биыл 11 мамырда президент Шавкат Мирзияев оны қызметінен алып, республикалық азаматтардың өзін-өзі басқару жұмысын үйлестіру кеңесі төрағасының қарттар мен ардагерлер істері жөніндегі орынбасары етіп тағайындаған.

Әндіжан облысы құқық қорғау органдарындағы Азаттық дереккөздерінің сөзінше, Шухрат, Әнуар Парпиевтер - Батыр Парпиевтің немере туыстары.

Бұған қоса, Әндіжан облыстық Ішкі істер басқармасындағы дереккөздің айтуынша, Өзбекстанда Шухрат Парпиев пен оған жақын адамдардың " дүние-мүлкін " тізімдей бастаған.

Өзбекстан мемлекеттік салық комитетінің бұрынғы басшысы Батыр Парпиев 1946 жылы Әндіжан облысында милиция генерал-майоры Рахмат Парпиевтің отбасында туған. Әкесі 1970 жылдары Әндіжан облыстық атқару комитетінде Ішкі істер басқармасының бастығы болып жұмыс істеген.

Батыр Парпиев 1992-1996 жылдары Әндіжан облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы, 1996-1998 жылдары Өзбекстан Ішкі істер министрлігіне қарасты өрт қауіпсіздігі бас басқармасының бастығы, 1998-2002 жылдары Өзбекстан ішкі істер министрінің орынбасары, 2002 жылғы маусымнан желтоқсанға дейін Өзбекстан төтенше жағдайлар министрі, 2002 -2004 жылдары мемлекеттік кеден комитеті төрағасы болған. 2003 жылы кеден қызметінің генерал-лейтенанты шенін алған.

Жоғары билікке келгеніне екі жыл толып үлгермеген, бұрын премьер-министр қызметін атқарған президент Шавкат Мирзияев күштік құрылымдарды тазалау науқанын жүргізіп келеді. Соның аясында бірқанша жоғары лауазымды басшылар қызметтен алынып, қайсыбірінің үстінен іс қозғалған. Елдеге реформаны жалғастыруға шақырған халықаралық құқық қорғау ұйымдары соңғы кезде Өзбекстандағы адам құқығына қатысты жағдайдың оңала бастағанына мән беріп отыр. Орталық Азия бойынша кейбір сарапшылар Мирзияевтің қолға алған шаралары оның билігін күшейтеді деп қауіптенеді.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Садриддин Ашурдың мақаласы орысшадан аударылып, толықтырылды)