"Мың неке тойы мен мың сүндет той" деп аталатын арнайы жоба Өзбекстан бойынша бір жыл ішінде жүзеге аспақшы. Өзбек президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова қолдау көрсететін қайырымдылық шарасы Навои мен Қашқадария облыстарында басталып та кетті.
Наурыздың 25-27-сі күндері Навои мен Қашқадария облыстарында 123 жұптың үйлену, 200 баланың сүндетке отыру тойы өткен. Бұл туралы UzDaily ақпарат агенттігі хабарлады.
Тойға бес мыңға жуық қонақ қатысқан. Гүлнара Каримованың Guli фирмасы тіккен қалыңдықтың салтанат киімдері осы жоба үшін арнайы әзірленген.
Жобаға сәйкес жастарға сыйлықтар үлестірілген. Екі облыстағы бұл оқиғаға демеу жасағысы келетін өзге де меценаттар табылған. Навои облысында жаңадан үйленгендерге жұмсақ жиһаз, плазмалық телевизорлар мен неке жүзіктерін сыйлаған. Қашқадария облысында тоңазытқыштар мен телевизорлар таратыпты. Сүндетке отырған ұлдарға велосипед, ойыншық пен кітап берілген.
Қайырымдылық шарасы кезінде өзбек эстрадасының жұлдыздары қатысқан концерт
«Узинформ» сайты сәуірдің 1-і күні 10 жұп жас жұбайдың үйлену тойы Навои облысының Нұрата ауданында өтті деп хабарлайды. Үйленгендер - Чуя, Кызылча, Дехибаланд, Янгитурмуш сияқты шалғай ауылдың тұрғындары.
Бұл ауданда өткен тойда қатты қуанған - сүндетке отырған 20 бала болды. Олардың бәрі бір-бір велосипед мініп қайтқан.