Өзбек президентінің қызы Гүлнара мен Coca-Cola-ның тағдыры

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара. Италия, 9 тамыз 2012 жыл.

Eurasia View «Өзбекстандағы Coca-Cola-ның басына бұлт үйірілді ме?» деген мақала жариялады. Гүлнара Каримоваға қатысы бар компания жабылуы мүмкін деп болжаған автор «бұл оған бір қауіптің таяғанын байқатады» дейді.
«Ташкенттен келген хабарда Coca-Cola-ның сауда орындарында жоқ екені айтылды. Егер бұл қауесет шын болса, онда өзбек президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнараға қатысы бар сыра компаниясының басына күн туғаны» дейді Eurasia View (EV) тілшісі Джоанна Лиллис ақпанның 27-сі күні жарияланған мақаласында.

КОМПАНИЯ ЖАБЫЛДЫ МА?

CA-News агенттігі Ташкенттегі Korzinka супермаркеттерінің сөресінен бұл сусынның жоғалып кеткенін хабарлаған еді. Екінші ірі сауда орыны - MEGA PLANET-тің бір филиалында да сондай жағдай болған. Басқа сауда орындары бұл сусынды шектеулі мөлшермен ғана сатады.

Coca-Cola сусынының Өзбекстандағы жарнамасы. Маргилан қаласы, 31 наурыз 2012 жыл.


EV дерегі бойынша, «Ташкенттегі Coca-Cola Ichimligi Uzbekiston компаниясы жабылған немесе өнім шығаруды азайтқан» деген сыбыс тараған.

Алайда Coca-Cola-ның ресми орталығы бұл деректі растамады. «Бәрі - дақпырт. Компания жабылған жоқ, зауыт әдеттегідей жұмыс істеп тұр» дейді Coca-Cola-ның Еуразия мен Африка бойынша корпоративті байланыс жүйесінің жетекшісі Дана Болден.

Автордың баяндауынша, Ташкенттен әртүрлі ақпараттар түсіп жатыр. EV-ға дерек берген бір адам «Coca-Cola енді пластик құтыда емес, шыны шөлмекте шығатын болыпты» дейді. Компания өкілі Болден жабдықтауға қатысты мәселелер туындағанын мойындады, бірақ «дүрлігетіндей ештеңе жоқ» дейді.

КАРИМОВАНЫҢ ҚАТЫСЫ БАР

“Өзбекстандағы шетелдік компаниялар түрлі қиындықтарға кездесіп жатады. Бірақ 1993 жылдан бері бұл елде жұмыс істеп келе жатқан Coca-Cola компаниясының байланыстары күшті деген сөз бар» деп жазады басылым.

Гүлнара Каримованың бұрынғы жұбайы Мансур Максудиге тиесілі болған фирма ерлі-зайыптылар ажырасқан соң Каримованың иелігінде қалғаны туралы Uznews.net сайты жазған еді.

«Өткен жылдың жазында Өзбекстанның екі азаматы, Coca-Cola компаниясының қызметкерлері - Алишер Ергашев пен Шохрух Сабиров Швейцарияда

Гүлнара Каримова мен Гаяна Авакян (оң жақта).

тұтқындалып, оларға «ақша жасырды» деген айып тағылды» дейді автор. Автордың ойынша, «Бұл Каримоваға бір қауіптің таяғанын байқатады».

«TeliaSonera телекоммуникациялық корпорациясына қатысты шу шыққанда да Гүлнара Каримованың аты аталды. Женевада ұсталған тұтқындар кепілмен босатылды. Өткен айда есімін атаудан бас тартқан Швейцарияның прокуратура өкілі Өзбекстанның төрт азаматы ақша жасыруға қатысты күдікке ілінгенін айтты» дейді EV тілшісі.

Баспасөз құралдары ол төрт азаматты «Coca-Cola өкілдері - Ергашев пен Сабиров, Каримоваға қатысы бар TeliaSonera ісінде күдікке ілінген Бекзод Ахмедов пен Гаяна Авакян» деп жорыды.

Швейцариялық бас прокуратура Ергашев пен Сабировтың Өзбекстанға оралғанын растамады.

Прокуратураның баспасөз хатшысы мақала авторына «Тергеу ісі аяқталғанша қызметтік құпияны жариялай алмаймыз» деп жауап берген.

Ал Coca-Cola ақпанның 18-і күні Азаттық радиосына берген жауабында Ергашев пен Сабировтың әлі сол компания қызметкері есебінде тұрғандарын мәлімдеді.