Гүлнара Каримованың жаңа бастамасы сынға ілінді

Гүлнара Каримова. Мәскеу, 2 сәуір 2011 жыл.

Америкалық Susan G. Komen («Сюзан Г. Комен») қоры Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримованың «Форум» қорымен бірігіп, Өзбекстанда омырау рагы ұлттық қауымдастығын құрды. Foreign Policy басылымы белгілі халықаралық қор «өзбек диктаторының қызымен» ынтымақтастыққа барып, оның заңсыз істеріне мән бермей отыр деп жазды.

Әлем бойынша 50-ден аса өкілдігін ашқан Susan G. Komen халықаралық қоры 100 мыңдай еріктілерімен омырау рагына шалдыққан әйелдердің өмірін сақтап қалу үшін күш салып келеді.

ЖАҢА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Халықаралық ұйымның басшысы Нэнси Гудмэн Бринкер 1990 жылдардың басында бұл қорды омырау рагынан 36 жасында өмірден өткен сіңілісі Сюзан Гудмэн Коменнің құрметіне құрған. Халықаралық танымал қор дүниежүзі бойынша қайырымдылық бағдарламаларын ұйымдастырып, дерт туралы мағлұматтар беріп, сырқаттарды тексеруден өткізіп, бұл ауруға шалдыққан әйелдерді емдеуге көмектеседі.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова Mercedes-Benz Fashion Week шоуында өзінің Guli атты брэндін жарнамалады. Ресей, 2 сәуір 2011 жыл.


Susan G. Komen осы жылдың қаңтарында Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримованың «Форум» қорымен бірлескен келісім-шарт жасасып, Орталық Азиядағы бірінші өкілдігін ашты.

Бірақ халықаралық қор өкілдері Каримованың «Форум» қорымен емес, Өзбекстандағы омырау рагы ұлттық қауымдастығымен әріптес екенін айтқан. Бірақ ол екі ұйымның Ташкенттегі вебсайты мен мекен-жайы бір болып шықты деп жазады Foreign Policy.

СТЕРИЛИЗАЦИЯ МЕН СҮНДЕТТЕУ

Мамырдың 1-і күні Ташкентте өтетін қайырымдылық марафоны қарсаңында, халықаралық қордың «Өмір үшін» деген жазуы бар футболкалары сатыла бастады. Алайда Registan.net басылымы Гүлнара Каримованың өзін жарнамалау үшін жасаған қайырымдылық істеріне күмәнмен қарау керек деп, Susan G. Komen қорының әріптестік құру шешімін сынаған. Бұл сайттың жазуынша, өзбек президентінің үлкен қызы өзінің бизнестегі беделі мен билікке ықпалын пайдаланып, Ташкенттегі 80 көшеде жарыс өткізіп, қайырымдылық шарасында өзін насихаттамақшы.

Foreign Policy басылымы әйелдер денсаулығы үшін күресіп жүрген халықаралық ұйымның Ташкентте өкілдігін ашуы биліктің жасырын тапсырмасымен өзбекстандық әйелдерді ауруханада мәжбүрлі түрде жаппай ұрықсыздандыру науқаны жүріп жатқан кезбен тұспа-тұс келіп тұр деп жазады.

Гүлнара Каримованың «1000 неке тойы мен 1000 сүндет той» шарасы өтіп жатыр.


Соңғы жылдары халқы 30 миллионға тақаған Өзбекстанда хирургтер бір-екі бала туған әйелдерге операция жасап, жатырдағы жұмыртқа жолын тарылту арқылы бала туу мүмкіндігінен айырып тастап жатқаны жайлы хабарлар шетелге кең тарай бастаған. Осы тұста өзбек президентінің қызы Гүлнара Каримованың «Форум» қоры тағы бір науқан бастап отыр.

Бұл қайырымдылық шарасы бір жылдың ішінде «1000 неке тойы мен 1000 сүндет той» өткізуді мақсат еткен. Каримованың қайырымдылық ұйымы жас отау иелерінің тойын жасап, ұл балаларды сүндетке отырғызып, оларға сыйлық таратады.

КҮМӘНДІ БИЗНЕС-ЛЕДИ

Foreign Policy Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың құрған режимі адам құқықтарын шектеуге қатысты халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшырағаны аздай, оның қызы Гүлнара Каримова да заңсыз бизнес жобалары туралы сөзге ілінген деп жазады. Бұған қатысты Zeromax компаниясының қызметіне қатысты туған дау мен АҚШ-тың Interspan шай компаниясының Өзбекстаннан қалай қуылғаны туралы мәліметтер мысал ретінде келтірілген.

Гүлнара Каримованың Guli атты брэнді бойынша тігілген киім үлгілерін көрсету шарасына халықаралық ұйымдар бойкот жариялауға шақырған кездер де болған. Себебі адам құқығын қорғаушы топтар Өзбекстанда мақта жинау кезінде балалар еңбегін қанайды деп есептейді.

Гүлнара Каримова қазір БҰҰ-дағы Өзбекстанның тұрақты өкілі қызметін атқарады. Бірақ Каримованың мұндай мәртебелі дипломаттық қызметіне қарамастан Foreign Policy журналы оны «өзбек диктаторының қызы» деп атаған.