Ферғана облысы Алтыарық ауданында биыл 16 ақпанда жүргізілген рейдтер мен қамаулар жайлы Азаттықтың Өзбек қызметіне біраз күннен кейін – 2 наурызда ғана белгілі болды.
ТАҢСӘРІДЕГІ РЕЙД
Болған жайтты егжей-тегжейлі білетін дереккөзінің Азаттыққа айтуынша, қара бетперде киген адамдар бір күнде 11 жас жігітті тұтқындап әкеткен.
– Қара киім мен қара масқа киген адамдар келіп, олардың үйлерін мұқият тінтіп шықты. Әлгі үйлердің тұрғындарын шошыту үшін олар таңсәріде рейд жүргізді. Маска кигендер діншілдер мешітке таңғы намазға жиналып жатқан кезде, таңғы сағат 6-да келді. Таңғы 6-да басталған тінту сағат 15-ке дейін созылды. Жігіттерді далаға қауіпті қылмыскерлер сияқты бастарына қап кигізіп шығарды, – дейді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған адам.
Алтыарық ауданындағы дереккөз дерегінше, тұтқындалған 11 жігіт Тинчлик қалашығы мен Полосон, Чурак және Чинар ауылдарында тұрған. Олардың ең жасы – 25-те, ең үлкені – 34-те.
Құқық қорғау органдары дерегінше, ұсталған жігіттердің екеуі Тинчлик (бұрынғы Хамза) қалашығындағы Рудак көшесінде тұрған. Олардың бірі – 29 жастағы Хусанбой Каримов Ферғана мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеген. Оның егізі Хасанбой Каримов былтыр діни айыппен тұтқындалып, 11 жылға сотталған.
16 ақпанда жүргізілген рейд кезінде ағайынды егіздер Хасанбой мен Хусанбой Каримовтардың көршісі әрі Ферғана мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеген 25 жастағы Нодирбек Ибрагимов те тұтқындалған.
Құқық қорғау органдары дерегінше, ақпан айындағы рейд кезінде Полосон ауылында тұратын 33 жастағы кәсіпкер Бахром Ташпулатов та тұтқындалған.
«ХИЗБ-УТ-ТАХРИР» ПАРТИЯСЫНА МҮШЕ ДЕГЕН АЙЫП
Азаттық дереккөзінің айтуынша, тұтқындалған жігіттердің бәріне «Хизб-ут-Тахрир» партиясына мүше деген айып тағылған.
Алтыарық ауданынан тұтқындалған 11 тұрғынды қайда қамағаны Азаттыққа әзірше белігісіз. Олардың туыстары да мұны білмейтіндерін айтады.
Соңғы кезде Өзбекстанда діндар азаматтарды қамап, тергеуге алу оқиғалары жиілеген. Мысалы, Алтыарық ауданы тұрғындарын қамаған күні Ташкент қаласы Чиланзар аудандық сотында 2015 жылдың 20 шілдесінде ұсталған төрт діндардың үстінен қозғалған іс бойынша процесс басталған. Олар «Салафия» діни ағымымен байланысы бар деп айыпталады.
Өзбек құқық қорғаушыларының дерегінше, былтыр қазан-қараша айларында Ташкент қаласы мен Ташкент облысында 200-ден аса мұсылман діндар тұтқындалған. Бұдан бөлек, Азаттықтың қолында Ферғана, Хорезм және Наманған облыстарында тұратын мұсылмандарды жаппай тұтқындау жайлы ақпарат бар.
Өзбекстан ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты ішінара растағанымен, биыл тұтқындалған мұсылмандардың нақты санын жарияламады.