Мирзияевтің үміт оятқан сапары

Өзбек-қырғыз шекарасындағы «Достук» бекеті. 2017 жылдың мамыры.

Келесі аптада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қырғызстанға барады деп жоспарланған. Бұл жайлы тамыздың 28-і күні Ош облысы Үзген ауданының стихиялық апаттан зардап шеккен тұрғындарымен кездесуі кезінде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев хабарлады.

Өзбекстан басшысының сапары 25 жыл бойы қордаланған көптеген проблеманы шешуге түрткі болады деген үміт бар. Олар - шекараға қатысты мәселелер, екі ел арасындағы сауда-саттық, ал ең бастысы екі ел азаматтарының көрші елге кіру тәртібін жеңілдету.

«БАЛАЛАРЫ ӘКЕ-ШЕШЕСІМЕН ЖҮЗДЕСЕ АЛМАЙДЫ...»

Жалал-Абад облысы Ноокен ауданында тұратын Чыныкан деген әйел бірнеше жылдан бері екі елдің ара қатынасы жөнделіп, шекара ашылады деген үмітпен өмір сүріп жатқанын айтады. Өйткені келісілмеген шекараның кесірінен Қырғызстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы бұзылған, ал енді мұның зардабын мемлекеттік шекараның екі жағында тұрып жатқан қарапайым адамдар тартып отыр.

Олардың ішінде 1990 жылдары өзбекстандық жігітке тұрмысқа шыққан қызымен жүздесе алмай жүрген Чыныкан апа да бар.

–​ Өзбекстан азаматттығы жоқ болғандықтан, қызым ешқайда шыға алмайды. Телеграмма салып, бізді де ол жаққа шақыра алмайды. Бір-бірімізді көрмегенімізге бес жыл болды. Өзін де, кішкентай жиендерімді де көрмедім. Ұлын үйлендіріп, қызын ұзатып, әже болды. Қызымның ешбір қуаныш-қызығына ортақтасып, бара алмадым. Алда-жалда сырқаттанып қалса да бара алмаймын. Телефон арқылы ғана сөйлесеміз. Қызым да «сендерді көре алмайтын болдым ғой, қатты сағындым» деп жылайды.

Чыныкан апа келесі аптада Бішкекке Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев келеді деген хабарды жаңалықтардан естіп қатты қуанғанын жасырмайды. Әйел енді екі ел басшыларының кездесуінен соң шекара мәселесін шешіліп, екі ел азаматтары үшін жүріп-тұру тәртібі оңайлайды деп үміттенеді.

–​ Егер президенттер екі елдің қарым-қатынасын жақсартып, қарапайым халықтың жүріп-тұруы үшін шекараны ашса, жақсы болар еді. Біз бұлай - баласы анасын, анасы баласы көре алмай қиналмас едік деп үміттенемін, - дейді ол.

Нақтыланбаған дерекке қарағанда, Қырғызстанның Өзбекстанмен шекаралас аудандарында 1 миллионға жуық адам тұрады. Ал Қырғызстан халқының 14 пайызы - этникалық өзбектер. Олардың көбі Өзбекстанмен шекаралас аудандарда тұрады.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Ош облысына жұмыс сапары кезінде Үзген ауданы тұрғындарымен кездесіп, Шавкат Мирзияев екеуінің арасы «өте жақсы» деп хабарлады.

«Шекара мәселесі шешіліп келеді. Келер аптада елімізге Өзбекстан президенті келеді. Екеуміздің арамыз өте жақсы. Екі апта бұрын екі елдің премьер-министрлері кездесіп, шекараның 84 пайызына қатысты келісім жасалды. Бұл Өзбекстан премьер-министрінің 26 жылда бізге келген алғашқы сапары» деген болатын президент Атамбаев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің сапары жылдар бойы қордаланғанкөптеген проблемаларды тезірек шешуге түрткі болуы мүмкін.

Қырғызстанның бұрынғы вице-премьер-министрі Абдырахман Маматалиев Азаттықтың Қырғыз қызметімен әңгімесінде екі ел анклавтар (Қырғызстан аумағындағы Өзбекстанға тиесілі жерлер.- ред.) мәселесін шешіп, автомобиль, әуе және темір жол қатынасын жаңғыртуы тиіс дейді.

–​ Әндіжан оқиғаларынан кейін Өзбекстан шекараны бізбен келіспей жауып тастады. Кейін автомобиль қатынасы тоқтады. Шекара маңындағы аудандар арасында бұрын 28 маршрут болған. Темір жол қатынасы мүлде жойылды. Екі ел арасындағы ұшақ рейстері де азайды. Енді мұның бәрін қайта жаңғырту керек. Қырғызстан – ЕАЭО (Еуразия экономикалық одағы. – ред.) мүшесі. Сондықтан біздің мемлекеттік шекара Қырғызстан шекарасы ғана емес, бірлестіктің де шекарасы. Сондықтан біз Өзбекстанмен келіссөз жүргізіп, шекара мәселелерін бірлесіп шешуге тиіспіз. Бұдан бөлек, анклавтар проблемасы бар. Өзбекстан Сох пен Шаймерден анклавтары үшін дәліз ашуды сұраған, бірақ Қырғызстан оған келіспеген еді. Ал Өзбекстан территориясындағы Барак анклавына кіру қиындап кеткеннен кейін ол жақтағы тұрғындардың көбі өзге жаққа көшіп кетті. Бірақ ол – бәрібір Қырғызстанның жері. Қысқасы, егер кіріп-шығу процедураларын жеңілдетсек, екі елдің азаматтарының да өмірі жеңілдеп, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту мүмкіндігі туады, - дейді Абдырахман Маматалиев.

Шекара мәселесі шынымен екі елдің қарым-қатынасын айқындайтын негізгі барометр екені белгілі. Қырғызстан-Өзбекстан шекарасы тақырыбы тамыздың 16-сы күні Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтің Қырғызстанға сапары кезінде талқыланған.

Ақыры жалпы ұзындығы 1170 километр мемлекеттік шекараның жобалық сызығын жүргізу жайлы мемлекетаралық келісімге қол қойылды. Шекараның 84 пайызын нақтылауға қатысты саяси шешім қабылданған келісімді Қырғызстан үкіметі үлкен жетістік деп бағалаған. Министрлер кабинеті енді шекара сызықтарын картаға түсіріп, келісімге қол қою сияқты техникалық жұмыстар басталады деп мәлімдеген.

Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекара ұзындығы - 1378 километр, оның 230 километрі бойынша әлі келісім жасалмаған. Бұған қоса, 50-ден аса учаскеге сипаттама берілмеген. Егер жуырда сайланған премьер-министр Сапар Исаков жариялаған деректерге сүйенсек, даулы учаскелер саны азайған, сондықтан енді екі елдің арасында әлі келісілмеген 208 километр ғана қалып тұр.

Азаттық мақаласы орыс тілінен аударылды.