Отанына оралған өзбек мигранты тергеуге ілігеді

Ресейдегі өзбек мигранттары. Мәскеу, 26 шілде 2013 жыл.

Ресейден еліне оралған өзбек еңбек мигранттары жаңа биометриялық төлқұжат алу үшін Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметіне (ҰҚК) барып, «әңгімелесіп» қайтады.

Өзбекстандық ҰҚҚ мигранттардан «Ресейде мешітке бардыңдар ма?» деп сұрайды, барған болса мешіттің атын, ол жерге кіммен бірге барғанын анықтайды. Көптеген жағдайда ҰҚҚ жауапты өздері біліп отырады.

«ҚАЙ МЕШІТКЕ БАРДЫҢ?»

Өзбекстан 2011 жылдың қарашасынан бастап биометриялық төлқұжат бере бастады. Биыл шілденің 1-інен бастап елдің әр азаматы шетелге шығу үшін биометриялық төлқұжат алуы керек деген заң күшіне енді.

Азаттықтың Өзбек қызметі отанына оралған соң «әңгімелесуден» өткен еңбек мигранттарымен сұхбаттасты. Ферғана алқабында тұратын Қахоржон 27 жастағы інісінің жаңа биометриялық төлқұжат алу үшін оралғанын айтты. «Олар үйге келіп, ҰҚҚ өкілдері екенін айтты. «Қайда жұмыс істедің, не істедің, қандай мешітке барып намаз оқыдың?» деп сұрады» дейді Қахоржон.

Қахоржонның інісі оларға мешіттің атауын айтқан кезде ҰҚҚ өкілдері: «Бізде әртүрлі ақпарат бар» деген. Сондықтан Қахоржон олардың бауыры туралы мәліметтер жинағанына күмәнданбайды. «Әсіресе оның қандай мешітке барғанын анық біледі» дейді ол. Қахоржонның інісі жаңа төлқұжатын күтіп Өзбекстанда екі жарым ай жатқанда тағы да екі рет тергеуге шақырылған.

Мешітте отырған мигранттар. Мәскеу, 19 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ферғана алқабындағы құқық қорғаушы Абдусалом Эргашев қазір ҰҚҚ-ның еңбек мигранттарын бақылауды күшейтіп жатқанын айтты.

Өзбекстан да әлемнің басқа мемлекеттері тәрізді «Азаматтарымыз елден тысқары жүргенде әсіредіншілдердің, экстремистердің ықпалына түсіп, еліне қауіпті идеялар алып келе ме?» деп алаңдайды. Жыл басынан бері «Ресейдің бірнеше мешіттері шетелдіктерді жиһадқа шақыру орталығына айналған» деген мәліметтер түсті.

Желтоқсанның басына дейінгі дерек бойынша, Ресей федералдық миграциялық қызметі ол елде 2 миллион 147 мыңдай өзбек мигранты тіркелгенін хабарлады. Ал тіркелмей жүрген мигранттардың саны одан да көп болса керек.

ФСБ МЕН ҰҚҚ

Құқық қорғаушы Абдусалом Эргашевтің айтуынша, Ресей мешіттеріне, соның ішінде «Мәскеудегі мешітке бару – Өзбекстанға оралған азаматтарды тұтқындауға жеткілікті себеп». Оның сөзінше, Ресейдің кейбір мешіттерінде әсіредіншіл имамдардың уағыз айтуына рұқсат етілген, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) «жиһадқа» үгіттейтін уағыздарды тыңдауға бейім жастарды тұтқындау үшін сол мешіттерді пайдаланады.

Эргашев «көршілес» досының Мәскеуде жұмыс істеген кезде кейбір мешіттердің маңынан бейне камера байқағанын айтады. «Егер онда барып құлшылық жасасаңыз, Өзбекстанға оралған соң басыңыз бәлеге қалады» дейді ол.

Полиция мешітке келген мигранттардың құжаттарын тексеріп тұр. Мәскеу, 21 қыркүйек 2012 жыл.

ҰҚҚ еліне оралған еңбек мигранттарының ұялы телефондарын алып, «жиһадқа уағыздайтын аудио және бейне материалдар жоқ па» деп тексереді. Абдусалом Эргашев ондай материалдар болса, тұтқындауға себеп бар дейді. Оның ескертуінше, бұрын Ресей ФСБ-сы мен Өзбекстанның ҰҚҚ-сы бірге жұмыс істеген.

Ресейде жұмыс істеген ондаған өзбек өз елінде іздеуде болған. Олар аяқ астынан Ресей қалаларынан жоғалып кетіп, Өзбекстанның сот залынан немесе түрмесінен шыққан. Солардың бірін – саяси босқын Умид Якубовты Мәскеуде сәуірдің 29-ы күні түсте көлікке салып ұрлап кеткен.

Умид Якубов БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссарына жолығу үшін бара жатқан. Өзбек билігі Якубовтың тыйым салынған «Хизб-ут Тахрир» ұйымына қатысы бар деп күдіктенеді.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы Якубов мінген көлікті полиция қызметкері тоқтатқанын айтады. «Полиция құжатты тексеріп тұрғанда үш адам келіп, оны күштеп шағын автобусқа мінгізген. Содан кейін Умид Якубовты көрген жан жоқ» дейді ұйым.

2013 жылдың қарашасында адам құқығы жөніндегі еуропалық сот өзбек азаматтары Азаматжон Ермаков пен Юсуф Қасымахуновтың заңсыз экстрадициялануына Ресей жауапты деп таныды. Демек, ФСБ мен ҰҚҚ әріптес екеніне дәлелдер бар.

Өзбекстанның оппозициялық халық қозғалысының өкілі Фуад Рустамхожаевтың Ресейде 2011 жылдың қыркүйегінде қалай қаза тапқаны да әлі анықталмады. Кейбіреулер оған ҰҚҚ жауапты дейді.

Өзбекстан ҰҚҚ-сын тек шетелдегі адам өліміне қатысы бар деуге болмайды. Эргашевтың айтуынша, өзбек соты діни көзқарасы үшін соттаған адамдардың бәрі – Ресейден қайтып келгендер.

Өзбекстанның «Эзгулик» құқық қорғау ұйымы тамыз айында Ресейден оралған 60-тан астам мигранттың «Өзбекстан ислам қозғалысының» мүшесі деп айыпталып, сотталғанын баяндады. Олардың бәрі –Қашқадария ауданының тұрғындары. Соттан алынған құжат көшірмесінде олар 2010-2013 жылдары Ресейде жұмыс істеп жүргенде «Өзбекстан ислам қозғалысының» мүшелері болған деп жазылған.

Құқық қорғаушы Абдусалом Эргашев бұндай жағдайдың Әндіжан мен Ферғана облыстарында да болғанын айтады.

Азаттық тілшісі Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.