Өзбек әншісі «Каримовтың тоқпағына» қарсы шықты

Өзбек әншісі Озода Саидзода .

Әнші Озода Саидзода шығармашылығына тыйым салынған өнерпаздар тізіміне енсе де, Өзбекстанда әлі танымал.
1990 жылдары өзбектің қазіргі заманғы дәстүрлі әндерін айтумен танылған Саидзода сахналық жанды шоу, әндерімен жұрт ықыласына бөленді. (Ол орысша естілетін Нұрсаидова деген фамилиясын өзгерткен соң жұрт алдындағыбеделі тіпті арта түскен).

Табынушылары «Шығыс жолбарысы» деп атап кеткен әнші билік лицензиясын қайтарып алып, шығармашылықпен айналысу мүмкіндігінен айырғанға дейін сәтсіз махаббаты туралы әндері арқылы Өзбекстанның ойын-сауық индустриясының алдында тұрған еді.

Бұған қатысты ешқандай ресми түсінік берілмегенімен, жұрттың көбі Өзбекстанның консервативті көзқарастағы басшылығы әншінің интернетте жарияланған бірнеше видеосын дөрекі әрі әдепсіз деп тапқан деп жорыды.

Той-томалақтарда, лицензия беретін органның құзырынан тыс басқа жеке шараларда ән айтып, күн көріп келген Саидзода осы күнге дейін үлкен сахнаға шығуына тыйым салуға қатысты ешбір пікір білдірмейтін.

«ТӨЗІМІМ ТАУСЫЛДЫ»

Бірақ мамырдың 1-і күні Саидзода Twitter желісінде өзбек және орыс тілдерінде «Маған тосқауыл қойып отыр» деп жазып, елдің 2003 жылдың желтоқсан айынан бері премьер-министрі, президент Ислам Каримовтың авторитарлық билігін жан-тәнімен қорғаушылардың бірі деп саналатын Шавкат Мирзяевті айыптады.

«Мирзиеев мырза! Сіздің кесіріңізден талай жыл тартқан азабым аз болды ма. Енді үйімді талқандағыңыз келе ме? Кім қожайын екенін осылай сездіргіңіз келе ме?» дейді әнші.
Кейінірек Саидзода Twitter-дегі хабарламаларына қатысты Азаттықтың Өзбек редакциясына эксклюзивті сұхбат беріп, талай жылдан бері қудалауға ұшырағанын айтты.

– Маған қарсы талай іс өтірік құрастырылды. Қарсылық білдірсең, соңыңа түсіп алып, әлдебір пасық жала жабады. Мұның тасасында Мирзяев мырза тұрғанын көрсететін дәлелдерім бар. Оны Самарқанд әкімі болған кезінен білемін. Ол туралы талай нәрсе білемін, – дейді әнші.

Саидзода «соңыма салық органдары мен коммуналдық қызмет орындарын салып қойған Мирзяевке қарсы іс қозғатуға тырысамын» дейді. Оның айтуынша, негізсіз қудалау арқылы оны көп ұзамай Ташкенттегі үйінен кетуге мәжбүр етуі мүмкін.

– Оның билікке қалай келгенін, қанша адамның обалына қалғанын білемін. Мұны Өзбекстан қауіпсіздік қызметі де біледі. Оларға бұл жөнінде фактілер келтіріп жазғанмын, бірақ елемей қойды, – дейді әнші.

Ол қудалауға ұшырау себебін «кезінде Шавкат Мирзяев билік басына өрлеуі үшін оның командасында жұмыс істеуден бас тартқаным үшін» деп түсіндіреді.

ҚҰДЫРЕТТІ ҚАРСЫЛАС

Саидзода қарсы шыққан Өзбекстанның премьер-министрі Мирзяев аяушылықты білмейтін қайраткер ретінде белгілі. Өзбектің бір журналисі «Каримовтың шоқпары» деп сипаттаған Мирзяев Каримовтың күзгі жиын-терім кезінде халықты мәжбүрлеп жұмысқа салу сияқты жұртқа ұнамайтын саясатын күшпен іске асырушы адам деп есептеледі.

Жұрт оның ашуына тиген аймақ шенеуніктерінің соққыға жығылғанынан, «оның

Өзбекстанның премьер-министрі Шавкат Мирзяев.

қауіпсіздік күштерімен тығыз байланысы бар» деген сөздерден тіпті қорқады.

Саидзоданың ұзақ үндемеуінің сыры да осында болуы мүмкін. Бірақ ол енді алған бетінен қайтпайтын сыңайлы.

– Қатты қысымға алды. Бас амандығыма бола қорқып, туған-туыстарымды қорғау үшін үндемедім. Енді төзімім таусылды, – дейді ол.

Саидзоданың өзбек сотында премьер-министрге қарсы айыптауларына қатысты дәлелдерін келтіруге мүмкіндік береді дегенге сену қиын. Бірақ билікті сынаудан қорқатын елде премьер-министрді бұлай жария айыптап, ашық қарсы шығудың өзі – сирек жағдай.

Мүмкін, әнші жария түрде наразылық актісі зардабынан өзінің танымалдығы құтқарады деп ойлайтын болар немесе ел өміріне біртіндеп еніп келе жатқан өзгеше ойлаудан қуат алған болар.

Өткен айда YouTub-те жарияланған видеороликте өзбекстандық еңбек мигранты Ислам Каримовты «мемлекетті басқара алмайсың» деп айыптап, отставкаға кетуін талап етті. Интернетте тез тарап кеткен видеоны жүздеген мың адам көрген. Халқы биліктің қаһарына ұшыраудан қауіптеніп, үкіметке қарсы сипаттағы кез келген нәрсені көруден қорқатын елде бұл видео әлеуметтік медиа дамуындағы елеулі қадам болды.

Коилин О'Коннор пен Әлішер Сыдықовтың мақаласын аударған – Алиса Вальсамаки.